Сара Оспанова: «Жарнамадан көрген дәріңізді тұтынбаңыз...»

Oinet.kz 14-12-2017 939

Screenshot_4.jpg

Сара Оспанова, Шымкент қаласындағы №8  емханасының бас дәрiгерi, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас иммунологы

– Сара Қобыландықызы, қазір елімізде тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары жүргізілуде. Облыста тұмауға қарсы қанша дана вакцинация сатып алынды?

– 2017 жылы тұмауға қарсы вакцинаның  281831 дозасы сатып алынды. Бұл облыс халқының 9,8 пайызын вакцинациялауды қамтамасыз етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысы бойынша 10 пайыздан кем болмауы керек. 

– Вакцинация екпесі қалай аталады? 

– Тұмауға қарсы суббірлікті-адъювантты белсенділігі жойылған үш валентті соңғы (IV) үлгідегі вакцина «Гриппол плюс» препараты сатып алынды. Кең ауқымды иммунофармакологиялық әсерге ие «Полиокси-доний»  иммуномодуляторын вакциналық препаратқа қосу антигендер тұрақтылығының және иммуногенділігінің ұлғаюын қамтамасыз етеді, иммунологиялық жадыны арттыруға және вакцинаны қауіпсіз етуге мүмкіндік береді. 

 «Гриппол плюс» вакцинасы Ресейде 2006 жылы жоспарлық егулер күнтізбесіне енгізілген. Осы көрші елде вакцинопрофилактикада балаларға 2009 жылдан, жүкті әйелдерге 2014 жылдан бастап қолдануға рұқсат берілген.

Қазақстанда, соның ішінде Оңтүстікте бірінші рет 2016-2017 жылғы эпидемиялық маусымда жалпы халықтың 17,8% «Гриппол плюс» вакцинасымен иммунизацияланды. Биыл да қолданылады. 

– Вакцинация кімдерге тегін, кімдерге ақылы? Екпе егудің мерзімін атап көрсетсеңіз...

– Тұмауға қарсы вакцинация жыл сайын тұмау эпидемиясы алдындағы кезеңде – 1 қазаннан 1 желтоқсанға дейінгі аралықта жүргізіледі. Тегін вакцинациямен қауіп-қатер тобының адамдары қамтамасыз етіледі. Қауіп-қатер тобына жататындар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарында диспансерлік есепте тұратын балалар, алты айдан асқан әлсіреген және жиі ауыратын балалар, балалар үйлерінің, бөбектер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар және мүгедектер үйлерінің контингенті, 60 жастан асқан адамдар және жүктіліктің екінші және үшінші айлығындағы аяғы ауыр әйелдер. 

Қауіп-қатер тобына кірмейтін адамдарға вакцинация ақылы негізде жүргізіледі. Олардың Шымкент қаласы М.Дулати көшесі №11 мекенжайындағы  амбулаторлық хирургия және травматология орталығының егу кабинетінде  салдыруына болады. Нидерландиялық «Инфлювак» және ресейлік «Гриппол плюс» вакциналарымен жасалады.

– Бағасы қанша?

– «Инфлювактың» бір дозасы – 3500 теңге, «Гриппол  плюстың»  1 дозасы – 2500 теңге.   

– Тұмауға қарсы екпе салдыртқаннан кейін қалай күтіну керек? 

– Вакцинациядан кейін қарым-қатынасты шектеген жөн. Әсіресе балалар мен халық көп шоғырланатын жерлерге бармау қажет. Жеке бас гигиенасын сақтау маңызды. Қолды барынша жиі жуып, жуынып, бет орамалды жиі ауыстыру керек. Ең дұрысы өзін-өзі инфекциялаудан сақтану үшін қағаз майлықты қолданған абзал. Сонымен қатар, суық өтіп кетуге жол бермей, құнарлы тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану пайдалы.

– Айта аласыз ба, былтыр облыста тұмаумен қанша адам ауырды?

– 2016 жылы облыс бойынша жіті респираторлық вирустық инвекциясын жұқтырған 20508 адам тіркелді. Оның 13 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. 223 тұрғын тұмаумен ауырды, оның ішінде 80-і 14 жасқа дейінгі балалар. 

– Жалпы, тұмау тиген адам не істеуі керек?

– Пациенттің өзі алғашқы симптомдар кезінде айналасындағыларға жұқтырып қана қоймай, өзінің емімен уақтылы айналысу үшін үйде болған жөн. Тез арада дәрігерге қаралуы қажет. Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін ауырған адамды сау адамдардан оқшаулап, мүмкіндік болса жеке бөлме беру керек.

Ата-аналар! Еш уақытта ауырған балаларды балабақшаға, мектепке, мәдени-көпшілік шараларға жібермеңіздер. Тұмау кезінде төсек режимін сақтау аса маңызды. Өйткені ауру кезінде организмнің жүрек-қан тамыр, иммундық және басқа да жүйелеріне түсетін жүктеме артады.

Дұрыс емдеу үшін емдеуші дәрігердің барлық ұсыныстарын қатаң орындап, дәрі-дәрмекті уақтылы қабылдау қажет. Одан басқа, сұйықты көп ішуге кеңес беріледі. Ол ыстық шай, мүк жидек немесе ит бүлдірген морсы, сілтілі минерал сулар болуы мүмкін. Сұйықты жиі әрі барынша мол ішу керек.

Дене қызуы 38-39 градус болса, үйге учаскелік дәрігерді немесе «жедел жәрдем» бригадасын шақырыңыз.

Жөтелгенде және түшкіргенде науқас мұрны мен аузын орамалмен немесе майлықпен жабуға тиісті.

Науқас жатқан бөлмені жүйелі түрде желдетіп, мүмкіндігінше вирусқа әсер ететін залалсыздандыру құралдарын қолданып, сулы шүберекпен жиі тазалау қажет.

Көп адамдар дәрігерге қаралмай-ақ теледидардан ұдайы жарнамаланып тұратын дәрілермен емделуге болады деп ойлайды. Өкінішке қарай, бәріміз сол жарнаманың, әсіресе дәрі-дәрмектерді жарнамалаудың құрбаны болып жатамыз. Көптеген өндірушілер өздерінің препараттарының әсерін асыра бағалап жібереді де, салдарынан біз асқыну жағдайларына тап боламыз. Егер сіз ауырсаңыз, жұмысқа баруды тоқтатып, дәрігерді үйіңізге шақырыңыз. Әрине, дәрігер келгенге дейін қызуды басатын дәрі қабылдауға болады. 

– Уақыт бөліп, пайдалы кеңес бергеніңізге рақмет! 

А.ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

Болатхан Сағымбеков: «Туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыс жасаған адамдардың барлығы ауырма
Салтанат Байқошқарова: «Бедеулік көбіне қолдан жасалады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу