Жұмбақ ауруға душар болған келіншек

Oinet.kz 17-01-2023 4803

Бұлай болады деп кім ойлаған... Биязы мінезі, байсалды болмысы, өзіндік даусы бар, өнер әлемінде орны ерек әншінің бірі – Мөлдір Әуелбекова 34-ші жасын жаңа есіммен қарсы алатын болды. Әнші кенет имиджімен қоса есімін де өзгертті. Басына жаулық, үстіне кең етек ұзын көйлек киген Әуелбекова енді Мөлдір емес. Оның жаңа есімі – Айша.

Screenshot_33.jpg

Бұл жаңалықты оқығанда менің көз алдыма екі жыл бұрын өзім куә болған бір оқиға келді.

Дем салдыруға барған едік

Тіл-көз өткеннен көзі шүңірейіп, өзі әлсіреп қалған баласына дем салдырмақ болған әпкеме серік болып, аймаққа аты шыққан көріпкелге бардық. Ол жеті күн дем салатын болды. Әр барғанда емші апайдың үйінен көйлегінің етегі жер сызып, аптап ыстықта басы-қасын орамалмен бастыра тұмшаланып алған келіншекті көретінбіз. Өте әлсіз, дәрмені жоқ оны анасы жетектеп жүретін. Емші апай оған дем салғанда ұзақ күтуге тура келетін. Сеанс біткенде екеуі де су тер болып, қатты шаршап қалады. Сол үшін кезегіміз кейін болса да олар бізді емші алдына бірінші кіргізіп жіберуші еді.

Алтыншы күні дем салдыруға сәл кештеу бардық әлгі тараздық келіншекке ем жүргізіп жатыр екен. Біраз адам кезек күтіп тұрып қалдық. Бір кезде іштен оның анасы шықты. Айнала қойылған орындықтың біріне отыра сала: «Е, Құдай, кешіре гөр, кешірші», – деп еңкілдеп жылап жіберді. Бәріміз үрпиіп қарап қалдық.   

Айша ананың атын иемденген

«Екінші қызым ғой. Бірінші күйеуден жолы болмай, ажырасып еді. Кейін намаз оқиды, түсінігі мол деп әйелі қайтыс болған бір жігіттің етегінен ұстады. Не түлен түрткенін қайдам, бір күні атымды өзгертемін деп, құжатын Айша деп ауыстырып алды. Киімін көрдіңіздер, ұзын етек көйлек, арабтар сияқты орамал жамылып, күйеуіне қосылып намазхан болып шыға келді. Оның жаман жағы жоқ қой, басы аман болса болды дедік те қойдық. 

Қызымның Мұса, Мұхаммед деген екі ұлы бар. Олар да анасы секілді әлжуаз, аурушаң. Бірі отыра, екіншісі жүре алмайды. Қызым ауыр босанды. Екі баласын босанарда да бір өліп тірілді. Ақыры міне, көз алдымда солып, жүруден қалып барады. Күйеу бала Түркия, Қытайға дейін апарып емдетті. Шипасы болмай тұр.

Бір Аллаға сиынып, білгені көп, көргені жетеді, тап басып айтады деген соң осы жерге келіп едік. Ой тоба! Құдай, өзің кешіре гөр!» – деп тағы көз жасын төккен апайдың айтпағы жұмбақ жағдай екені даусынан, жүзінен аңғарылып тұрды. Бірнеше адам оны жұбатып, су беріп, ары қарай не болғанын сұрадық.

 Жұмбақ ауру айналдырған

«Емші көп сөйлемейді екен. Бірінші келгенімізде біз күткендей ештеңе айтпады. «Бәрі Алланың қолында», – деп, дем салып қайтарды. Екінші күні де сөйтті. Шыдай алмай: «Қызым неге аурушаң болып қалды? Жазыла ма?» – деп едім: «Уақыты келгенде айтамын. Сабырлы болыңыз», – деп қайтарды. Бірақ басқаларға қарағанда қызыма дем салуға көп уақыт кететінін көріп жүрсіңдер. Қызым алақанын басыма, маңдайыма қойғанда бойыма қуат құйылып, қолын алмаса екен дейді. 

Бүгін бесінші күн. Енді емнің екі-ақ күні қалды, түк айтпады деп қынжылып отыр едім. Жаңа айтты ғой бәрін. Үфф! 

Емші сап-сау қызымның қос ұлымен қоса аурушаң болғанына атын ауыстыруы себеп деді. Шынымен, ойлап қарасам, бұл кеселге осыдан кейін тап болды ғой. Рас айтады. Шолпан деген жап-жақсы аты бар еді. Аяқ астынан атымды ауыстырамын деді де, Айша болды. Киімін де өзгертті. Содан көп ұзамай жұмбақ ауру айналдырып, сосын миына қан кетіп қала жаздап оңбай ауырып, әупіріммен аман қалды. 

Өзін пайғамбарға теңеген екен

Мына емші соның бәрін айтты. Бүгін дем салып болған соң қызымның бетіне ұза-ақ қарап тұрды да: «Сенің азан шақырып қойған атың кім? Сен Айша емессің. Атыңды неге өзгерттің? Намазға жығылғанның бәрі Айша анамыздай қасиетті, дара болады деп кім айтты? Атыңды ауыстырғаныңды қойшы, өзіңді сондай әулие адамға теңегенің қалай?! Құдайдың қаһарынан, әулиенің наласынан қорықпадың ба? Адамнан биік, құдайға жақын, пайғамбарға тең тұратын кім едің, қарағым-ау? » – дегенде сөзі сүйегімнен өтті ғой. 

Иә, бәрін тура айтты. Шолпаным Айшаға айналғанда ауырғаны алғашқы белгі екен. Одан кейін екі баласын босанғанда да жаны қысылып қиналды. «Егер өзің мен ұлдарының аты еш артық ойсыз Айша, Мұса, сосын басқа, мысалы, Мұрат болғанда бұлай болмас еді», – деп отыр. Айтып отырғанының бәрі рас. Үш рет белгі берілген. Елемепсің деп ұрсып та алды. Қайтейін, Алла өзі кешірсін», – деп апай көз жасын сүртіп, емшінің алдынан жылап шыққан қызына қарай асықты.

Оқиға қалай аяталды?

Бұл оқиға менің ойымнан шықпай қойды. Арада бірнеше ай өткенде дем салдыруға сол емші апайға баруға тура келді. Сонда одан  осы оқиғаның қалай аяқталғанын сұрадым. Біраз ойланып отырған емші апай: «Есімде. Ол келіншекке дем салған сайын мені бір күш қысатын. Екеуміз де қара терге түсіп қиналатынбыз. Екі-үш күнге дейін оның ауруының себебін біле алмадым.  Төртінші күні түсіндім. Азан шақырып қойған атын керек етпей, тағдырын өзгерткісі келіп, бірақ пенделікпен өзін пайғамбарлар әулетіне теңеу жақсы нәрсе емес. Бұл өмірде пендеге жұмбақ тылсым бары рас. Ол келіншек сол тылсымның наразылығына ұшыраған. Ол білместікпен өзі ғана емес, ұлдарына да пендеге ауыр жауапкершілік арқалатқан. Оған ақ боз ат сойып, Алладан, әулиелерден кешірім сұрау керек. Арғы жағы мейірімі кең Алланың қолында.

Адамға ат таңдау, сол атқа лайық болудың да жауапкершілігі бар», – деді. 

Әңгімеміз осымен аяқталды. Шолпан-Айшның және оның ұлдарының жұмбақ аурудан жазылған-жазылмағанын сол бойы біле алмадым. 

Адам есімі тағдырына әсер ете ме?

Адам есімін зерттеумен айналысатын ғылым бар. Антропономика деп аталады. Бұл ғылымының мамандары адамның есімі мен тағдыры «жазылады» деген пікірдің рас екенін дәлелдеумен келеді.

Мәселен, екі мыңыншы жылдардың басында Мэриленд штатындағы Монтгомери колледжінің психолог-профессоры Бретт Пэлхэм әріптестерімен бірге адамның есімі мамандығына қаншалықты әсер етеді деген мәселе төңірегінде зерттеу жүргізген. Нәтижесі таңқалдырады: Денисов не Дениз есімді адамдардың дені (ағылшын тіліндегі dentіst) тіс дәрігері, Рыбаковтың басым бөлігі балықшы болса, Джордж (george) геолог, Бейкер (baker) наубайшы, Фармер (farmer) шаруа, Батчер (butcher) қасапшы, Пэйнтер (paіnt) суретші  есімдерін иеленген жандардың басым бөлігі аттарына «заттары» сай екені анықталған. Мамандар мұны кездейсоқтық емес дейді. 

Даңқты тұлғалардың есімі берілген бүлдіршіндер өскенде өзі аттас тұлғалардың кәсібіне қарай бейімделуге әзір тұрады деген де пікір бар. Психолог Әлия Ишниязова да: «Ғалымдардың пайымдауынша, қойылған есімдердің адам өміріне әсері өте ерекше», – дейді. Яғни адам есімінің тағдырына әсері бар екені рас болғаны ма?

Жарас ҚАСЫМ.

«Ауырмаңыз!» газеті. 

«Еркенің некесінен кейін осындайлар көбейді»: 52 жасар Түсіпбаева 29 жасар жігіттің хабарламасын жар
«Біздің әртіс қыздарға не болған?»: Сиви Махмудидің образы көпшілікке жақпай қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу