Шымкенттегі ипподром дауына қатысты экс-әкімдердің пікірі де екіге жарылды

Oinet.kz 21-01-2021 3190

Келер жылы 100 жылдығы кең көлемде атап өтілуі тиіс кемеңгер тұлға, Социалистік Еңбек Ері, аса көрнекті  мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров десе оңтүстіктегі ел-жұрт ерекше елең ете қалады. Өйткені оның өңірімізді біліктілікпен басқарған жылдардағы қалдырған өшпес ізіне, өлмес қолтаңбасына ешкім ешбір талас тудыра алмайды. Бұған дейін облыс орталығы болып келген, бүгінде еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкенттің шырайын келтірген Дендросаябақ, Хайуанаттар бағы,  Балалар теміржолы, Ипподром, “Тұлпар” көлі, тағысын тағылар сол Асқаровтан қалған аманаттар. Атам қазақ аманатқа қиянат жоқ деуші еді. Алайда аманатқа қиянат жасау алдымен Балалар теміржолын  талан - таражға салудан басталды. Одан кейін атқарушы биліктегі әпербақандар Дендросаябақтың біраз жерін әлдекімдерге сыйға тартып тәспісінен оңбай жаңылды. Ендігі кезек Ипподромға келді. Осы жолы да аманатқа қиянат жасауға тосқауыл қойылмаса оған жағалай орналасқан Дендросаябақ пен Хайуанаттар бағы да топ-тобымен “тағдыр тәлкегіне” ұшырап көпшіліктің көз алдынан біржолата көшкелі де, өшкелі де тұр. Әлқисса... бүгінгі әнгімеміздің басты тақырыбы Ипподром тағдыры төңірегінде нақтырақ сөз қозғасақ.

Ипподром мәселесі.jpg 

"Рейтингтің" коллажы

Шымкентте ипподромның орнына алпауыт «BІ Group» компаниясының  тұрғын үй кешенін салуды көздеуіне  байланысты қоғамдық тыңдау өткізуге дайындық қызу жүріп жатыр.

Ал енді  еститін құлақ болса, әлеуметтік желіде, ғаламторда осыған қатысты өте көп пікірлер айтылуда. Елдің көзқарасының екіге жарылып тұрғаны рас.

«Рейтинг» екі жақтың пікіріне де мінбер беруге дайын. Елдің қалауымен өзара пікірталастан кейін кеңескен, келіскен түрде ортақ шешім қабылданғанын қалаймыз.

Біз «Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде атшабарға қатысты қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовпен арадағы сұхбатымызды жариялаған едік. Қоғамдағы өте өзекті болып тұрған мәселеге орай осы аптада Шымкент қаласын басқарған әкімдермен хабарласып, ипподромның айналасында қалыптасқан ахуалға қатысты пікірлерін сұрап көрдік. Экс-әкімдер пікірі де екіге жарылды.

Шымкенттің бұрынғы әкімі.jpg

Амалбек ТШАНОВ,  

1992-94 жылдар аралығында Шымкент қаласы әкімшілігінің басшысы лауазымын атқарған, одан кейінгі жылдары  Құрылыс министрі, Жамбыл облысының әкімі, Мәжіліс депутаты болған Амалбек Тшанов бұл мәселеге қатысты былай деді: 

АСЫҒЫС ШЕШІМ ҚАБЫЛДАМАУ КЕРЕК

– Өздерің білетіндей ипподром кезінде Асанбай Асқаровтың  күшімен салынған нысан.  Мен қалаға әкім болып келгенімде атшабардың жағдайы тіптен мүшкіл еді.  Әбден тозығы жетіпті. Елде экономикалық дағдарыс өршіп тұрған уақыт еді. Соған қарамастан 15 шақты мекемені жұмылдырып, атшабарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік, оны қайтадан халықтың игілігіне бердік.  Әлі есімде, 1993 жылы алғаш рет жазушы Шерхан Мұртазаның қатысуымен үлкен шара өткізгенбіз. Өз басым  ипподромның сүріліп кетуіне  қарсымын. Құрылыс компаниясына одан өзге жер табылмай қалыпты ма?

– Қазіргі ипподром стандартқа сай келмейді дегенге келісесіз бе?

– Қазіргі  талаптардың  қандай екенін білмеймін, бәлкім өзгерген шығар. Алайда ол кезде жарыстың бәрі сонда жап-жақсы өтетін. Ешқандай қиындық  болмаған. Трибунасы да жеткілікті  еді.

– «ВІ group»  компаниясы өз қаражатына жаңа ипподром саламыз деп уәде беріп отыр...

– Егер компания өкілдерінің мұндай уәдесі болса, бұл бөлек әңгіме. Әйтсе де асығыс шешім қабылдамаған дұрыс. Меніңше, алдымен жаңа атшабарды салу керек. Содан кейін барып ескісін бұзса қисынға келеді. Алайда баспана құрылысына дәл сол жер  лайық  емес. Кезінде ипподром салынған кезде төмендету үшін қазылып, қаншама топырағы сыртқа шыққан. Сайда орналасқан тұрғын  үйде өмір сүру адамдарға ыңғайсыздық туырады. Мен мұны құрылысшы ретінде айтып отырмын.

Сейіт Белгібаев.jpg

Сейіт БЕЛГІБАЕВ, 

Амалбек Тшановтан кейін Шымкент қаласына басшылық жасаған, бүгінде Алматыда тұратын зейнеткер Сейіт Белгібаев былай деді:

ХАЛЫҚТЫҢ МАҢДАЙ ТЕРІМЕН САЛЫНҒАН НЫСАНДЫ БҰЗУ ҰЯТ

– Тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген жылдар еліміз үшін ең ауыр кезең еді. Тоқырау, дағдарыстан қаланы алып шығу оңай болған жоқ. Қоғам қайраткері Асанбай Асқаров бастамашы болған ипподромның қалай бой көтергенін бәріміз білеміз. Атшабар – жұрт болып жұмылып, асарлатып, халықтың маңдай терімен,  өз  қолымен салған тарихи нысан. Халықтың  тері төгілген, еңбегі сіңген  нысанға қол салу ұят тірлік. Оның үстіне зообақ, дендросаябақ, «Тұлпар» көлі, ипподром барлығы бір-біріне жақын орналасқан,  өзара үйлесіп тұрған қаланың демалыс кешені.  Кейінгі әкімдер бұл орындарды жаңғыртып, жарықтандырып, тұрғындардың серуендеуіне лайықты етіп жасап қойды. Ипподром да  барлық стандарттарға сай келеді. Осындай табиғаты әсем, жанға жайлы, жасыл желектің ортасына барып үйлерді салсақ не болады?  Сондықтан тұрғын үй кешенін басқа аумаққа салған ұтымды деп есептеймін.

Қылышбек Ізбасханов.jpg

Қылышбек ІЗБАСҚАНОВ, 

Шымкенттің әкімі болған, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда тұратын зейнеткер Қылышбек Ізбасқановтың бұған қатысты пікірі мынандай: 

ЕЛДІҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫ БЕКЕР ЕМЕС 

– Шымкент – мен үшін орны ерекше қала. Оның маған халқы да, тарихы да қымбат. Таласқа түсіп жатқан қазіргі  ипподром – қаланың тарихи мекені. Ол  қазақтың біртуар азаматы – Асанбай Асқаровтың кейінгі ұрпаққа  қалдырып кеткен аманаты. Атшабарда қазақтың  қаншама  намысты  жігіттері  атқа қонып,   талай бәйгеде Шымқаланың атын шығарған.  Осындай  тарихи оқиғалардың куәсі болған нысанды бұзып тастауға болмайды. Құрылыс компаниясының алақандай жерге көз тіккені қалай?  Мен уақытында  Шымкент қорғасын зауытында істедім. Зауыт маңында  тозығы жеткен кірпіш зауыты және қаланың келбетіне сай келмейтін ескі  шағынаудан бар. Неге сол маңды жаңартып, ескі үйлердің орнына сәулеті жарасқан, заманауи  тұрғын үйлерді  салмасқа?    Міне, сол кезде халық «қаланың әкімі Әйтенов нағыз  іскер азамат екен»  деп  бағалар еді.   Ал әлгі  компания ипподромның орнына әп-сәтте-ақ  зәулім ғимараттарды салады да кетеді.   Соңында жапа шегуші халық болып қала береді.

– Тұрғын үй салынса, атшабардың айналасындағы демалыс аймағы да құрып кетуі мүмкін. Бұл жобаға қарсылық білдірушілердің шырылдып жүргені осы... 

– Елдің алаңдаушылығы бекер емес. Зообақ, дендросаябақ құрыса тұрғындар қайда барып демалады? Жылқы қазақтың жаны емес пе? Жылқыны көрмеген қаланың баласы үшін атшабар нағыз ұлттық тәрбие көзі екенін ұмытпайық!

Ғалымжан Жұмжаев.jpg

Ғалымжан ЖҰМЖАЕВ

Шымкенттің 2002-2006 жылдардағы әкімі, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемеде жұмыс істейтін Ғалымжан Жұмжаев бұл мәселеге жан-жақты қарау қажеттігін айтып отыр.

БҰЛ БІЗГЕ БІРАЗ ҚИЫНДЫҚТАР АЛЫП КЕЛЕДІ

– Талас-тартысқа түсіп жатқан ипподромның бұзылып, орнына тұрғын үй кешенінің салынуы қала үшін біраз қиындықтар әкелмек. Біріншіден,  бұл құрылыс онсыз да кептелісі көп көшелерді одан әрі тарылта түседі. Өзіңіз ойлап қараңызшы, тұрғын үй орамы болған соң ол жерге бір емес бірнеше көпқабатты үйлер түседі. Жүздеген пәтерге қаншама халық қоныстанады. Ал қазір  кемінде бес отбасыда бір көліктен бар.  Кешен пайдалануға берілсе  кептелістің көкесі сонда болайын деп тұр. Қазірдің өзінде орталыққа шығатын жалғыз көше Бәйдібек биге жетудің өзі мұң. Қозғалыс күннен-күнге қиындап барады.  Тұрғын үй салмас бұрын көшенің жайын бағамдап, есептеп көрген адам  бар ма? Тұрғындарға жайлы баспана ұсынамыз деп сол адамдардың өздерін кептеліс деген қиындыққа әкеліп соқтырғалы тұрғанын басшылар, компания өкілдері неге ойламайды.

Рас, мегаполис халқы күннен күнге өсіп келеді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету өзекті мәселе. Шаһарда халық  онсыз да тығыз орналасқан. Бірақ үйлерді тар жерге  тықпалай берудің орнына, бос жатқан жерлерге салған тиімді ғой.   Ал ел өкпесі қысылған кезде демалатын орындарға тиісуге болмайды. Мен мұны  бұрынғы әкім емес, қаланың тұрғыны ретінде айтып отырмын.

Болат Жылқышиев.jpg

Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ,

Шымкент қаласының әкімдері ішінде іскерлігі, елдің құрметіне бөленгені ерекше айтылатын, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ретінде қаланың дамуына өте көп үлес қосқан Болат Жылқышиев бұл бастаманы қолдамайтынын кесіп айтты.

БИЗНЕСТЕ ӘРКІМ ӨЗ ПАЙДАСЫ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ 

– Ипподром осы өңірдің дамуына өте үлкен үлес қосқан Асанбай Асқаровтың тікелей бастамасымен сол кездегі білікті сәулетшілердің жобасымен  салынған. Ол әрбір шымкенттік үшін ыстық. Осындай нысанды тұрғын үй кешенін салу үшін бұзу өте ұят шешім деп есептеймін.

Қазіргі Асанбай Асқаров атындағы демалыс аймағы-дендробақ, ипподром, зоопарк, «Тұлпар» көлін  халықтың демалатын орны ғана емес, шаһардың мақтанышы деуге болады. Осындағы жасыл-желек қаланың өкпесі саналады.  Сондықтан оның айналасында ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеуі тиіс.  Шымкентті басқарған жылдары біз қаланың даму жоспарын жасағанбыз. Сол жоспарда да ол маңда ешқандай нысан, тұрғын үйдің құрылысы қарастырылмаған болатын.

– Қала басшыларының айтуынша, қазіргі ипподром ешқандай талаптарға сай келмейді. Төменде орналасқан. Аттарға жел тимейтін көрінеді.

– Менің ойымша, бұл жай ғана сылтау. Талапқа сай келмесе, бюджеттен қаржы бөлдіріп, күрделі жөндеуден өткізуге не кедергі? Ал «аттарға жел тимейді» деген күлкілі әңгіме. Мен мұндайды бұрын-соңды естімеппін. Ипподромның төменде орналасқанын кім есептепті? Егер дәлелі болса неге халыққа жарияламайды? Жаңа ипподром салғанша ескірген атшабарды неге қалпына келтірмеске? Ол жерге  бүгін тұрғын үйлер түсетін болса, ертең коммерциялық нысандар бәрін жаулап алады. Осыдан кейін бүгінгі атшабардың басындағы жағдай, зообаққа, дендробаққа түседі. Республикада теңдесі жоқ аймақты бұзып талқандағанша неге көздің қарашығындай сақтамаймыз? Бертінде Асқар Мырзахметов облыстың әкімі болып тұрған кезде сол аймақтан «Наурыз» алаңын салдырды.  Ұлттық мерекелерді тойлауға, түрлі шараларды өткізуге арналған қандай керемет орынға айналды. Ертең тұрғын үй түссе, бұл алаң тозып, ластанады. Қалаға сән беріп тұрған «Тұлпар» көліне  шомылу мүмкін болмай қалады.  Қазірдің өзінде Бәйдібек би даңғылының бойы көлік кептелісінен босамайды. Егер демалыс аймағы құритын болса,  онсыз да өкпесі қысылып отырған халықтың  тынысы одан сайын тарылады.  Қаланың бас жоспары бойынша шаһар солтүстік жаққа қарай ұлғаюы  керек. Кезінде біз «Нұрсәт» шағынауданын салудан бастадық.  Құрылыс жұмыстарын сол солтүстік жақтан дамытқан абзал.

– Дегенмен «BІ Group» компаниясының әкеліп отырған 130 миллиард теңге инвестициясы Шымкент үшін үлкен мүмкіндік емес пе?

– Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Сондықтан мұндай үлкен шаһарға кез келген компания инвестиция құюға әзір деп ойлаймын. Бизнесте әркім өз пайдасы үшін жұмыс істейді. «BІ Group» компаниясының да бір саусағының бүгулі екендігі түсінікті. Ертеңгі күні жобаны жүзеге асырса, 130 миллиардты еселеп қайтарып алатынын біледі. Ал қарапайым халыққа пайда бар ма? «Тұрғын үй мүлдем салынбасын» деген ешкім жоқ. Тиісті жеріне салынуы керек. Бір нәрсені салу үшін бір нәрсені бұзу қажет емес.  Ипподром басқа жерге көшірілген күннің өзінде оның орнына балаларға арналған кешен салынуы тиіс деп ойлаймын. 

Анарбек Орман.jpg

Анарбек ОРМАН, 

Шымкентті тоқсаныншы жылдардың орта түсында, одан кейін 2006 жылы екінші қайтара басқарған, бүгінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Анарбек Орман өзінің пікірін қысқа ғана білдірді:

БӘРІ БАС ЖОСПАРҒА БАҒЫНУЫ КЕРЕК

– Кез-келген қаланың Үкіметтің қаулысымен бекітілген Бас жоспары болады. Шымкенттің де өзінің бекітілген Бас жоспары бар. Қандай жағдай болсын сол жоспарға сәй әрекет ету керек. Егер ипподромды көшіру, тұрғын үй кешенін салу сол жоспарда қарастырылған болса  ешқандай  мәселе туындамауы тиіс.  

Қайрат Молдасейітов.jpg

Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ,

Қаланың тізгінін 2012-2013 жылдары ұстап, аз уақыт ішінде іскерлігін дәлелдеген, бүгінде белгілі кәсіпкер, халыққа тұрақты түрде қайырымдылық жасау, жанашырлық көрсету арқылы айрықша көзге түсіп жүрген жомарт жүректі танымал меценат Қайрат Молдасейітов бұл мәселеге тереңірек қарау қажет дейді.

ЖЕРЛЕР ОНСЫЗ ДА САТЫЛЫП КЕТКЕН 

– Шымкентке жаңа заманға лайықты, халықаралық стандарттарға сай келетін ипподром салу керек деп ойлаймын. Ипподромды көшірген дұрыс. Өйткені ол жердің айналасындағы жерлер онсыз да уақтысында сатылып кеткен.

– Орнына заманауи тұрғын үй кешенінің салынуына қатысты не айтасыз?

– Егер барлығы заңға, талап-тәртіптерге сәйкес келсе, ол бәріміз үшін де тиімді болса, қоршаған ортаға, шаһардың дамуына ешқандай кедергісі тимесе тұрғын үй салудан қашпау қажет.

Өмірзақ Әмет.jpg

Өмірзақ ӘМЕТ, 

Шымкентке 2006 жылы әкім болған, біраз бастамаларды көтерген Өмірзақ Әмет мегаполисте жаңа ипподром салу мәселесінің бұрыннан өзекті болғанын алға тартты.

ӘЙТЕНОВТІҢ БАСТАМАСЫН ҚОЛДАУҒА БОЛАДЫ

– Ипподромның жайы мені қаланы басқарып тұрған кезімде-ақ алаңдататын. Сеулге сапарлатып барғанымда  өте керемет атшабарды көрген едім. Сондай ипподром бізге де керек деген оймен,   сол жылдары Оңтүстік Кореядан инвестор тауып, жобасын жасаттым.   Қазақ үшін жылқының орны қашанда бөлек қой. Ат спортын дамытсақ  жастарымыз үшін де пайдалы болары анық. Сондықтан ипподромды жаңартқым келген. Бұл мәселе  әлі де өзекті болып тұр. Үшінші мегаполиске  заманауи атшабар керек. Бірақ түсінбейтінім, «BІ Group» компаниясына тұрғын үй салу үшін ипподромнан басқа жер құрып қалыпты ма? Шаһарда жер көп емес пе? Оны сүріп тастағаннан не ұтамыз? Егер компания жаңа атшабар салып береміз десе, құптарлық іс. Тек мұны халыққа  дұрысынан түсіндіру қажет.

– Тұрғын үй кешені салынса ипподромның айналасындағы ағаштар кесіліп, қаланың экожүйесіне зиян келеді деп дабыл қағып отырғандар бар. Бұған не дейсіз?

– Аса зиян келеді деп ойламаймын. Тал-дарақтарды қайта егіп тастаса, бірер жылда жайқалып шыға келеді ғой. Ал қазір мегаполисте атына сай  мектеп, балабақша,  емхана сияқты әлеуметтік нысандар, зәулім, әсем элиталы үйлердің  бой түзеуі заңдылық.  Осы жағынан алып қарағанда Әйтеновтің бастамасын қолдауға болады. 

Шымкенттің экс әкімдері.jpg

Фотода солдан оңға қарай: Төратай Бекжігітов, Арман Жетпісбаев, Дархан Сатыбалды

Біз ипподромға қатысты мәселе бойынша Шымкентті басқарған барлық азаматтармен хабарласып шықтық. Қаланы тоқсаныншы жылдардың соңына қарай  басқарған Төретай Бекжігітов науқастанып, ем қабылдап жатқанын, кейінірек хабарласу қажеттігін айтты. «Қолдайсыз ба әлде қарсысыз ба дегенді бір ауыз сөзбен айта салсаңыз», дегенді айтқанымыз сол еді телефон байланысы үзіліп кетіп, сұрағымыз жауапсыз қалды.

Шымкенттің 2013-2015 жылдардағы әкімі, одан кейінгі аралықта Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Сенат депутаты, қазіргі кезде Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалдымен тікелей байланыса алмадық. Экс-әкіммен жақын қарым-қатынастағы азаматтар арқылы да байланысып көрдік. Алайда Дархан Амангелдіұлы  бұл мәселеге қатысты пікір білдіргісі келмеді.

Шымкентке 2017-2018 жылдар аралығында әкім болған, бүгінде Президент Әкімшілігінде қызмет ететін  Нұрлан Сауранбаев ипподромға қатысты дау-дамайдан хабарсыз болып шықты. Бұған сенуге бола ма? «Бұл мәселеге қатысты  ештеңе айта  алмаймын», деп әңгімесін қысқа қайырды.

Шымкенттің бұрынғы әкімдері.jpg

Фотода солдан оңға қарай: Ғабидолла Әбдірахымов, Нұрлан Сауранбаев, Ерлан Айтаханов

Өкінішке қарай, Шымкентті екі рет басқарған, әрбір сөзі хит әкім атанған Ғабидолла Әбдірахымовпен де тілдесу мүмкін болмады. Мегаполиске алты ай әкім болған Ерлан Айтаханов телефонды көтермеді. Шымкентті төрт жылдан астам уақыт басқарған, бүгінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, құрылыс саласынан хабары мол  маман  Арман Жетпісбаев та қоңырауымызды да, мессенджер арқылы жіберген сауалымызды да  жауапсыз қалдырды. Осылайша бірқатар экс-әкімдер пікір айтуға келгенде жалтақтап, үндемей қала салғанды дұрыс көретіндігін байқатты. Сонда олар бір кезде өзі басшылық жасаған қаланың тағдыры үшін алаңдамай ма? «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп бүгін жауап беруден жалтарғандар үшін  ертең қай жақ жеңсе де олардың жеке бастарының  ұпайлары түгел екені түсінікті. Ал ар алдындағы, ел алдындағы ұпайлары түгел ме?

Жалпы қоғамдағы қандай да бір мәселеге  келгенде  мейлі қолдасын, мейлі қарсы шықсын олардың әрбірінің азаматтық көзқарасына дұрыс, бұрыстығына қарамай құрметпен қарауымыз қажет. Ақиқат қашанда қарама қайшы пікірталастан туады. Сақтансақ сын сағатта бұғып қалып тасада тығылып тамашалайтындардан сақ болайықшы.

Жалпы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің осындай өзекті мәселені айналасындағы ат төбеліндей адамдармен шеше салмай, қоғамның талқысына салғаны өте құптарлық тірлік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «еститін мемлекет» бастамасын қолға алып жатқан кезде халықтың ұсыныс-пікіріне құлақ асу өте орынды шешім деп ойлаймыз. Жуырда  қалалық әкімдік зиялы қауым, қоғамдық ұйым өкілдерін, белсенділерін жинап, қоғамдық тыңдаудың алдында біраз мәселені ақылдасты. Жиынға қала әкімінің үш бірдей орынбасары қатысты. Жиналғандардың сауалдарына жоғарыда аталған «BІ Group» компаниясының өкілдері жауап берді. Ал қоғамдық тыңдаудың нақты қай уақытқа жоспарланып отырғаны әлі жария етілген жоқ.

Біз бұрынғы әкімдердің ипподромға қатысты айтқан пікірлерін өзгеріссіз беруге тырыстық. Бұдан шаһардың қазіргі басшысы Мұрат Әйтенов, өзара тартысып жатқан топтар нендей ақыл-кеңес алады, қандай қорытынды шығарады? Бәрін уақыттың төрелігіне тапсырдық.

Жәнібек ТАРХАН,

"Рейтинг" газеті, 21 қаңтар, 2021 ж

«Nur Otan»-ның бірінші орынбасары не бүлдірді?
Сөзінде тұрмаған әкім халықтан кешірім сұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу