Үкімет тізгіні Шөкеевке тиеді деген әңгіме үдеп тұр

Oinet.kz 02-09-2021 870

Күз – қоғамдық-саяси өмір жанданып, саясат алаңында өзгерістер орын алатын кез. Демалыстан оралған Парламент депутаттары қызметтеріне қызу кірісіп, белсенділіктерін барынша көрсетуде.   Соңғы кездері ел-жұрттың негізгі назары – Үкіметте. Премьердің қызметіне кіріскеніне   аса көп уақыт өтпесе де, 2,5 жыл ішінде Асқар Мамин мен оның командасы тым көп сыналды. 

Screenshot_2.jpg

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек, кейінгі уақытта   Шөкеевке қатысты инсайдерлік ақпараттар тарай бастады.  Бұған дейін   «Шөкеев Алматыға әкім болып барады-мыс» деген әңгімелерді естідік. Соңғы кездері  «Өмірзақ Естайұлы – болашақ премьер» деген сыңайдағы болжамдар жиі айтылып жүр.  Үкімет жетекшілігі мен Президент әкімшілігінің жетекшісі лауазымдарынан басқа барлық қызметтерді атқарып үлгерген, вицер-премьерлік қызметті алты жылдан астам уақыт бойы атқарған Шөкеевтің дәл қазір саяси ұпайы  түгел. Әсіресе Түркістан облысындағы жұмысын  Елбасы  мақтаған соң рейтингісі күрт өсті.  

Ауыр салмақтағы премьерлер 

Қазіргі премьер-министрдің жұмысындағы кемшіліктердің көбейгені сонша, былтыр «Үкімет жетекшілігінен Мамин кетіп, орнына Кәрім Мәсімов қайта оралуы мүмкін» деген әңгіме желдей ескен болатын. Болжам әсіресе Президент Тоқаевтың Үкімет тарапына айтқан қатаң сыңынан соң расталатындай көрінген. Алайда, Мамин креслосын жоғалтпай, орнында  қала білді.   

Жалпы, Мамин – қатардағы премьер-министр еместігін айта кеткен жөн. Бір кездері «Жақсыбековтың кадры», «Мәсімовтің кадры»  деп айтылып жүрген Мамин бүгінгі таңда жан-жақты  қалыптасқан, нағыз ауыр салмақтағы саясаткер. Оған бірнеше дәлеліміз бар.   

Сайлау науқаны – Үкіметтің құрамы мен әкімдер корпусын қалауынша ауыстыруға ең қолайлы кезең. Заңға сәйкес президенттік және парламенттік сайлаудан кейін Үкімет автоматты түрде отставкаға кетеді. Сол себепті де, осындай кезеңде креслосын жоғалтпай, қызметінде «аман қалған» премьер-министрді нағыз ауыр салмақтағы саясаткер деп атасақ жарасады.    

Соңғы 20 жылда  президенттік немесе парламенттік сайлаудан кейін премьер-министр қызметін сақтап қала білген 3 саясаткер бар.   Алғашқысы - Даниял Ахметов. Президент және  Парламент сайлауларынан кейінгі Үкіметтің жаңа құрамы жасақталу кезінде лауазымын сақтап қала білген Ахметовтің тұсында экономиканың едәуір дамығаны тіркелді. Дегенмен, бұл жетістіктер Ахметовтің пысықтығынан гөрі қолайлы   макроэкономикалық жағдаймен түсіндіріледі. Сол жылдарда Қарашығанақ пен Теңіз мұнай кен орындары толық іске қосылып, елге миллиардтаған доллар табыс түсе бастады. 

Одан кейінгі «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» премьер – Кәрім Мәсімов болды. Ол Үкіметті екі рет басқарған Кәрім Қажымқанұлының бірқатар саяси  додада мұртын балта шаппады. Электоральды  науқаннан кейін премьерлік қызметіне қайта тағайындала білген үшінші саясаткеріміз – Асқар Мамин. Президенттік және парламенттік сайлау додаларынан аман-есен өткен Үкімет басшысының мұндай ерлігін  алдыңғы премьерлер Иманғали Тасмағамбетов,  Серік Ахметов пен Бақытжан Сағынтаевтар қайталай алмады.  Маминді ерекшелейтін тағы бір жайт – ол екі Президенттің тұсында премьер-министр болған жалғыз саясаткер.  Яғни, Асқар Ұзақпайұлының саяси беделі мен ықпалы бұрынғыға қарағанда анағұрлым күшейіп шыға келді.  

Көп «таяқ жейді»

Соған қарамастан, Асқар Мамин басқаратын екі жарым жылда премьерлік қызметінен екі рет кетіп қала жаздады. Осы мерзім ішінде Үкіметтің сылбыр жұмысын мемлекет басшысы қатаң сынға алып, ақырғы шара ретінде тарату мәселесін екі рет көтерген болатын. Былтыр коронавирус инфекциясымен қарсы күресті өз деңгейінде ұйымдастыра алмай, отандық экономиканы диверсификациялаудағы кемшіліктері үшін   Тоқаев министрлер кабинетіне жағдайды реттеуге екі апта уақыт берді. Сыннан қорытынды шығарып, жұмысын шапшаңдатқаны ма, әлде басқа біз білмейтін себеп бар ма, әйтеуір Мамин премьерлік креслосын сақтай білді. Биыл сәуір айында вакцинацияның  өз деңгейінде жүргізілмей жатқаны үшін Премьер-министр Президенттен сөз естіп, тағы да қызметінен айырылуы мүмкін екені жайлы ескерту алды.    

Дегенмен, кейбір сарапшылар Маминнің позициясын қорғап қалуға да тырысады.  Олардың айтуынша, Маминнің мойнына түскен сынақтар сонау 90-шы жылдардағы тоқырау замандағы қиындықтардан кем болған жоқ.   Әрине, пандемия тұсында Үкіметке артылған жауапкершілік жүгі күшейе түсті. 2020 жылдың экономикалық нәтижесі сарапшылар күткендей аса төмен болған жоқ. Ұлттық экономиканың 4,6 пайызға құлдырайтыны жайлы болжам жасалғанымен, іс жүзінде бұл көрсеткіш 2,6 пайызды құрады.  Осыдан келіп Маминнің жұмысы жерге ұратындай емес деген де қорытынды шығаруға болатындай. Оның үстіне, қаңтар айында Президент Тоқаевтың өзі Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларын «негізінен алғанда  тиімді» деп бағалады.

Дегенмен, мына бір жайтқа назар аударған жөн. Биылғы парламенттік додадан кейін Премьер-министрдің кандидатурасына депутаттардың дені (78) дауыс бергенімен, халық қалаулыларының бір бөлігі (21) қалыс қалды.  Қазақстанның халық партиясының көсемі Айқын Қоңыров  экономиканың шикізат секторын дамытуға ғана негізделген стратегиясы үшін премьерді сынады.  Маминге дауыс беруден қалыс қалған депутаттардың бір бөлігі – кәсіпкерлердің жоғын жоқтайтын «Ақжол» партиясының мүшелері екенін ескерсек, отандық бизнес қауымдастығының Үкімет жетекшісіне деген көзқарасы айтарлықтай жақсы емес екенін аңғаруға болады.  

 Жалпы алғанда, дәл қазір ел Үкіметінің жетекшілігіне ұмтылудың  теріс жақтары көбірек екенін мойындау керек. Карантинде отырған халықтың әлеуметтік жағдайы күрделене түскені, тұралап қалған  экономикадағы қиындықтардың күрт ұлғаюы премьер-министрге тыныш ұйқы сыйламайтыны белгілі. Әдетте сенім артып жүрген Ұлттық қордағы қаражат та таусылып келеді. Демек, Үкімет жетекшісі тарапына айтылатын сын  күшейіп, таяқ жеуі де жиілей түспек.  Бұған дейін Президент тарапынан екі рет сөгіс естіген Асқар Мамин енді бір ескерту алса, қызметімен қош айтысары сөзсіз. 

P.S. Дегенмен, саяси болжамдардың бірде орындалып, бірде іске аспай қалатыны бар ғой. Мамин қызметінен қашан кетеді? Кетсе орнына кім барады? Дәл қазір бұл сауалдарға нақты жауап жоқ.  Президенттің күні кеше Қазақстан халқына Жолдауынан соң Үкімет не толық құрамда отставкіге кетеді, не едәуір жаңарады деген болжамдар айтылуда. Әліптің артын бағайық...

Нұрлан Ермекбаев Президенттің алдында халықтан кешірім сұрады (видео)
Президент сайлауы. Сандырақ па әлде алдын ала дайындалған сценарий ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу