Президент сайлауы. Сандырақ па әлде алдын ала дайындалған сценарий ме?

Oinet.kz 06-09-2021 3652

Жақын арада Қазақстанда мерзімінен бұрын  президент сайлауы өтуі мүмкін. 

Осындай ақпарат қайбір кездері телеграм каналдардың бірінде жарияланған болатын. Онда тіпті президенттік сайлауға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің де дәмесі бары жазылған. Кім біледі? Жалпы Қазақстанда президент сайлауы барлық уақытта (2005 жылдан басқасы) мерзімінен бұрын өткен. Сондықтан «мерзімінен бұрын» деген сөздің біз үшін онша таңсыз дүние еместігі рас. Десек те, бұл  қаншалықты қисынды?    

Screenshot_4.jpg

 Өзінің мәлімдемелерінде, түсірген видеоларында көбіне  әлеуметтік желідегі алыпқашты ақпараттарға арқа сүйейтін тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай да жуырда осы тақырыпқа қатысты біраз сәуегейлік жасап тастады. Оның айтқанынан түсінгеніміз, мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына қатысты болжамдарды негізсіз деуге болмайды. Соңғы уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенділігінің күшейгені соншалықты ішкі мәселені былай қойып, халықаралық істерге де араласа бастаған. Оның жуырда Ресейге барып, Путинмен кездесуі де тегін емес көрінеді. Өйткені Тоқаев осы қызметте ұзағырақ отыруды қалайды. Алайда Назарбаев билік транзитін тезірек аяқтағысы келеді. Яғни, мерзіміне бұрын өтетін сайлау сандырақ емес, алдын ала жасалған сценарий болуы да мүмкін. Егер солай болса, келесі президент кім? Бауыржан Байбек пе, Нұрлан Нығматулин бе? Бәлкім Әсет Исекешев шығар. 

«Сәуегейшілердің» айтқан пікірлерімен келісуге де, келіспеуге болады. Біріншіден, соңғы уақытта Елбасының көбіне «онлайн» жұмыс істеуге кешкені рас. Алайда бұған Н.Назарбаевтың белсенділігі азайды деп қарауға болмайды. 

26 тамызда Елбасы өзінің бірінші орынбасары  Бауыржан Байбекті арнайы қабылдады. Осы қабылдауда қараша айында партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізу жоспарланып отырғаны айтылды. 

-Онда өткен науқандардың қорытындысы бойынша көзге түскен партия белсенділерінің еңбегін атап өтуіміз керек, – деді Елбасы. Төраға партияның орталық аппараты мен өңірлік филиалдарына Саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізуге жан-жақты дайындық жүргізуді тапсырды. Яғни, қарашада партияның Саяси кеңесінде біраз маңызды шешімдер қабылдануы мүмкін.  Бірақ жағдай мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге дейін барады дегенге сену қиын. Өйткені қазіргі жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік посттан екі жағдайда ғана кетуі мүмкін. Біріншіден -өз еркімен, екіншіден -егер оған Парламент сенімсіздік жарияласа. Тоқаевтың өз еркімен биліктен кетпеуі мүмкін. Өйткені бұл өзіне аманат жүктеген сайлаушыларының сенімін ақтамау болып табылар еді. Ал Парламенттің сенімсіздік жариялауына негіз жоқ.  Мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауы қалай алып қарасаңыз да қиыспайды. 

Дегенмен  кім біледі? Бәлкім осындай әңгімені тарату әлдебіреулерге тиімді шығар. Бәлкім «сәуегейлер» бірдеңені біліп айтады ма? Бәріне уақыт төреші. 

Үкімет тізгіні Шөкеевке тиеді деген әңгіме үдеп тұр
Жұмаханбетов қызметінен босатыла ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу