Жұмаханбетов қызметінен босатыла ма?

Oinet.kz 09-09-2021 4188

«Рейтинг» газетінің шілдедегі нөмірлерінің бірінде біз Шымкентте  Қырғызстан азаматшасының жергілікті бірнеше саудагерден ақша алып, қайтармағанын, құзырлы органдарға жазылған арыздан кейін қылмыстық іс қозғалғанымен, шымкенттік тергеушілердің бұл істі әлі күнге сағызша созып келе жатқанын жазған едік. Осы аптада ақшасын қайтара алмай жүрген жәбірленушілердің бірі  Камила Орынбаева «Рейтинг» газетінің  редацияысна қайта келіп, тергеушілердің ең ақыры министр Ерлан Тұрғымбаевтың берген тапсырмасын да орындамай отырғанын мәлім етті. 

Screenshot_1.jpg

Шамасы шымкенттің тәртіп сақшылары үшін министрдің сөзінің, тапсырмасының бір тиындық та құны қалмаса керек. 

Алдымен мәселенің мән-жайына қысқаша тоқталып өтсек. Камила Орынбаеваның айтуынша, 2019 жылдың көктемінде оған «Автонұр» базарында саудамен айналысатын  танысы, Қырғызстан азаматшасы, қазіргі уақытта Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген, Шымкентте отбасымен бірге соңғы жиырма жылда тұратын Кенжегүл Карыяева ұсыныс білдірген. Ол күйеуінің Ресейден көлік әкеліп сататынын алға тартып, осы бизнеске ортақтасу, дәлірегі қаражат салу қажеттігін айтқан. Орынбаева бұл іске өзінің саудадағы ақшаларын салады, кейнірек банктен қарыз алған. Жалпы Каряеваға берілген ақшаның көлемі 10 миллион теңге болған. Осы ақшаны қырғыз саудагері қайтармайды. К.Орынбаева осыдан кейін полицияға арызданған. 

Арызданушының айтуынша, қырғыз азаматшасының әу бастан-ақ, алған ақшаларын қайтармау ниеті болған. Тіпті қарыз алып, қайтармауды кәсіпке айналдырмаған ба дерсіз. Себебі  Шымкент қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Б.Сәрсенбаевтың шығарған қаулыларына қарағанда,  бұл істе жәбірленуші жалғыз Камила Орынбаева ғана емес.  22 мамырда Кенжегүлдің үстінен Шымкент қаласының тұрғыны Л.Тулбаева деген азаматша арызданған. Арызында, ол  Кенжегүлдің  2019 жылдың қаңтарында  киім алып беремін деп, 2 миллион теңгесін алып, осы уақытқа дейін қайтармағанын көрсеткен. Орынбаева мен Тулбаеваның арыздары бір іске біріктірілген. 

Бұдан бөлек  жуырда Карыяевадан жапа шеккен Бағила Әшірбекова деген азаматша полицияға арызданған.  Оның айтуынша, Кенжегүл одан 2019 жылы «көлік әкеліп беремін» деп, 3 миллион теңгесін алған. Осыдан кейін тағы бір жәбірленуші Шолпан  Сәттібаева құзырлы органдарға арызданады. Кенжегүл Карыяева оның 4 миллион теңгесін алып, қайтармаған. Қырғыз саудагерінен зардап шеккендердің саны мұнымен шектелмеуі мүмкін.

Екі жарым жылға жуық уақыт бойы тергеушілер Карыяеваның ісін сотқа өткізе алмаған. «Қарызды азаматтық тәртіппен өндіріп алыңдар» деп, істі қысқартып жіберді. Бірақ  жазылған арыздардан кейін кейін қылмыстық іс қайта қозғалады. Іс осылайша бір ашылып, бір жабыла берген соң К.Орынбаева Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қабылдауына барған. 

-Биыл шілдеде мені министр «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен онлайн қабылдайтын болды. Осыдан кейін тергеушілер үйіме азаматтық формадағы екі қызметкерін жіберіпті. Қысқасы, тәртіп сақшылары менің министрдің қабылдауына кіруіме кедергі келтіре бастады. Тіпті тергеу басқармасының бастығы Әбдіраманов   елордаға, «Нұр Отан»-ға хабарласып, «Орынбаеваны министрдің қабылдауына болатындардың  тізімнен алып тастаңыздар, оның мәселесі шешілді» депті. Алайда мен қалай болғанда да минстрдің қабылдауында болып, тергеушілердің әрекеттеріне шағымданатымды білдірдім. Тергеушілер енді нақты әрекетке көше бастады. Артынша маған Әбдіраманов хабарласып, Карыяеваны қамауға алғандарын хабарлады. Осыдан кейін Карыяеваның таныстары, туыстары тарапынан маған және басқа жәбірленушілерге қысым көрсету басталды. Жәбірленушілердің бірінің «Автонұр» базарындағы орны себепсізден себепсіз жабылды. «Арызыңды қайтып ал» деген талап қойылды. Яғни, бұл іске базар басшылары да мүдделі болып отыр ма деген күдігіміз бар, - дейді Орынбаева. 

Алайда Карыяева қамауда ұзақ отырмаған. Шымкент қаласының тергеу соты оны қамауда ұстау жөнінде санкция береді. 12 шілдеде оның адвокатының жазған апелляциялық шағымын Шымкент қаласының қылмыстық істер жөнінедегі алқасы қарайды. Судья  Әуезов күдіктіге  10 миллион теңге кепіл мөлшерін айқындап, «егер осыншама қаржыны немесе мүлікті кепілге қойған жағдайда қамаудан босатылсын» деген  қаулы қабылдаған. Карыяева артынша аталған соманы кепілге қойып, бостандыққа шығып кеткен. 

Жуырда тергеушілер істі сотқа жолдау үшін прокуратураға берген. Алайда Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Е.Марат істі қайта тергеуге жіберген. Прокуролардың жазуынша, тергеушілер істі тиянақты зерделемеген. Заңда көзделген барлық шараларды қолданбаған. Прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімін 26 қыркүйекке дейні белгілеп берген. Алайда тергеушілердің бұл мерзімде істі толығымен тергеп, сотқа жіберетініне сенім жоқ. 

Камила Орынбаева уақтысында Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы, генерал Ералы Жұмаханбетовтың де қабылдауынды болған. Генерал тергеушілерге тиісті тапсырмалар берген. Алайда ол орындалмаған. Министр Ерлан Тұрғымбаевтың онлайн қабылдауына жазылған. Наурызда болған осындай онлайн қабылдауында министр Орынбаеваның көзінше Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшыларына тапсырмалар берген. Министр Орынбаеваға:

-Егер бұлар жұмыс істемесе, мен бұлардың бәрін қызметтен қуамын,-деген. Алайда содан бергі аралықта жарты жыл өтті. Карыеваның ісі әлі сотқа жетпеді. Тергеушілердің бұл істі тиянақты жүргізіп жаьтқанына күмән көп. Іс сағызша созыла берген соң  тергеушілерге деген күдік те күшейіп тұр. Осы іске тәртіп сақшыларының өздері де мүдделілік танытып отырған жоқ па? Олар кімнің мүддесін қорғап жүр? Жәбірленушілердің бе әлде күдіктінің бе? Ең бастысы, осы қылмыстық іс бойынша келтірілген шығындар өтеле ме? Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында алаяқтық қылмыстарға қатысты азаматтарды наразылық білдіруінің орынды екендігін атап өтті. Қазір осыған қарсы кешенді шаралар әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Соңғы кездері алаяқтық қылмыстардың өршіп кеткені рас. Бұған алаяқтықтың алдын алу жұмыстарының нашарлығы, тергеу амалдарының дұрыс жүргізілмеуі, осы қылмыс түрін кәсіп еткендердің әділ жазаланбауы да әсер етіп отыр.  Өз азаматтарының құқығын қорғай алмаған полиция мен прокуратурадан не қайыр, не үміт?  

Егер К.Орынбаеваның арызы бойынша берген тапсырмалары орындалмаса, министр Ерлан Тұрғымбаев генерал Жұмаханбетов пен тергеу саласына бақылау жасайтын басшыларды қызметінен босата ма әлде бәрі де айтылған жерінде қалып кете бере ме? Сіз енді бұған не дейсіз министр мырза? 

"Рейтинг" газеті, 

№36, 9 қыркүйек, 2021   

Президент сайлауы. Сандырақ па әлде алдын ала дайындалған сценарий ме?
Шымкенттің коммуналдық саласын кәсіби емес кадрлар басқарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу