Шымкенттің коммуналдық саласын кәсіби емес кадрлар басқарады

Oinet.kz 10-09-2021

OINET.KZ - Шымкенттің коммуналдық саласында проблема таусылмайды. Шенеуніктердің айтқан уәделері айтылған жерінде қалып кете береді.  Неге дейсіз бе? Өйткені бұл салада кәсіби маман жоқтың қасы. Дәлірегі кәсіби маман жоқ емес, бар. Бірақ ондай кәсіпқойлардың қолына тізгін тие бермейді. Ал тізгін ұстағандардың бірі сотталған, бірі басқа салада жұмыс істеген. Бір сөзбен айтқанда, коммуналдық саланың қазанында қайнамаған. Осыдан кейін тірлік оңа ме? 

Screenshot_3.jpg

Естеріңізде болса, Асқар Мырзахметов облысты басқарған жылдары Шымкентте «Солтүстік» электр қосалқы станциясының құрылысы тым ұзаққа созылып кетіп, біраз айқай-шу болған. «Солтүстіктің» тағдырын одан кейін «Бозарық» киді. Қаланың бірнеше мөлтекауданын жарықпен қамтамасыз етеді деген «Бозарықтың» құрылысына  тендер  2015 жылы өткен. 2017 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда нысан ол жылы да келесі жылы да пайдалануға берілген жоқ. 

«Бозарықты» бітіреміз» деп қаланың сол кездегі әкімдері Ғабидолла Әбдірахымов, Нұрлан Сауранбаев, Ерлан Айтаханов уәде берген. Бірақ сол уәденің бәрі далада қалды. Мегаполистің қазіргі әкімі Мұрат Әйтенов те «Бозарықты» әні бітіреміз, міне, бітіреміз» деген уәдені бір жарым жыл беріп келді. Сол уәде осы жуырда 30 тамыз-Конституция күнінде ғана орындалды. Шымкентте газ тарату нысанының (АГРЭС-3) құрылысы шенеуніктердің берген уәдесі бойынша былтыр бітуі тиіс еді. Бірақ нысан «әні-мінемен» әлі күнге  пайдалануға берілген жоқ.

Шымкентте осындай келеңсіз тірліктердің бәрі коммуналдық салада кәбіси мамандардың жоқтығынан. Ал қала дегеніңіз ол бірінші кезекте коммуналдық қызмет, инфрақұрылым емес пе? Өкінішке қарай, шаһар басшыларының айтқан сөздері, істеген тірліктеріне үйлеспейді. Әбдірахымовтың тұсында қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасын  өмір бойы кеден саласында еңбек еткен азаматқа сеніп тапсырылды. Ол азаматтың кейіннен коммуналдық салаға бөлінген  қаражаттардың жеп қойғаны белгілі болды. Одан кейін басқарманың басшылығына бұл салада бір күн де істеп көрмеген жас жігіт келді. Ол да келді, кетті. 

Коммуналдық саланы  ойыншыққа айналдыру әлі жалғасып жатыр. Мәселен қазіргі қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму  басқармасына қарасты «Су құбыры және канализация басқармасы» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының  міндетін атқарушы болып Нұрғали Қосмұратов деген азамат отыр. 

Тиісті орындардан алынған мәліметтерге қарағанда, Нұрғали Қосмұратов 2002 жылы Сарыағаш аудандық сотының үкімімен бұзақылық қылмыс жасады деген айып бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға сотталған. Рас, сот жазаны шартты деп белгілеген. Кейінірек оның  соттылығы мезімінің өтуіне байланысты алынған көрінеді. Бұған біздің ешқандай да шатағымыз жоқ.  Бұзақылықтың коммуналдық салаға не қатысы бар дейсіз. Қазір кім сотталмай жатыр? Ең бастысы,  ішіп қойған жеп қойғаннан таза. Мәселе басқада болып тұр. Н.Қосмұратов ертеректе Шымкенттегі колледждердің бірінде «техник-экономист» деген мамандық алып шыққан,  одан кейінгі жоғары білімі -қаржыгер.  Біраз жылдары шаруашылықтарда, салық органдарында қызмет еткен. 2009 жылдан бастап Қаржы полициясында, Мемлекеттік кірістер департаментінде, әлдебір фирмада заңгер, бас директор, ал  2017 жылы Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты «Қуатжылуорталығы» кәсіпорнында бас инженердің орынбасары қызметін атқарыпты. Бұдан кейін  аудиторлық салада тер төкен.  Былтыр ақпанда Қосмұратовтың басына бақ қонып,  жоғарыда аталған энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасына қарасты «Су құбыры және канализация басқармасы» кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалады. Коммуналдық салада бар-жоғы екі жылдық тәжірибесі бар қызметкер осылайша үлкен бір коммуналдық мекеменің басшысы болып шыға келеді. Мұның арғы жағында не сыр бар? Ол жағын біз білмедік, бірақ осы саланың төңірегінде жүрген азаматтар мұны Қосмұратовтың жоғары жақтағы таныстарының мықтылығымен байланыстырады. Кім біледі? 

Бізге жеткен ақпараттарға  қарағанда Қосмұратов кәсіпорында «и.о.»-емес, біржолата ие болып қалудың амалын жасап жатқанға ұқсайды.  Жуырда ол кәсіпорын басшысына жарияланған конкурсқа құжат тапсырыпты. Алайда бұған кәсіпорындағы қарапайым қызметкерлердің көпшілігі қарсы. Себебі Қосмұратов басшылыққа қызметке келгелі біраз ағаттықтарға жол берілген. Сол үшін ол тәртіптік шара көрілгенге ұқсайды. 

Мегаполис деген дардай атағы бар Шымкенттің коммуналдық саласын қашанға дейін кәсіби емес кадрлар, көлденең келген көкаттылар билеп төстейді?

Жұмаханбетов қызметінен босатыла ма?
«Көктем» базары маңында қауіп көп


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×