Сырымбет Бибосынов: «Өнер қырандары» театрының әртісі: Сатиралық жанрда сериал түсіргелі жатырмыз

Oinet.kz 17-04-2019 3247

Screenshot_23.jpg

- Сырымбет, жұртшылық «Өнер қырандарының» өнеріне тәнті болғанымен, әртістері жайлы ақпараттарды біле бермейді. Өзің қай өңірдің тумасысың?

- Мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы  шағалалы Шардараның тумасымын. 1988 жылы дүниеге келгенмін. Қазір Алматы қаласының тұрғынымын.  Туған жеріме, ата-анама жиі келіп тұрамын.  

 - «Өнер қырандарының» жігіттері киноға түсіп жатыр деген қауесет шындыққа қаншалықты жанасады?

- Бұл рас ақпарат. Театрымыздың жігіттері шымкенттік режиссер әрі сценарист Еркебұлан Жолдасовтың «Миссия келін» деп аталатын романтикалық фильміне түсті. Бұл азамат бұған дейін Қазақстандағы  тұңғыш мистикалық «Фуга. Дорога в никуда» атты көркем фильмді  көрерменге ұсынғаны мәлім. «Миссия келіннің» түсірілім жұмыстарының барлығы жаз айларында Шымқалада өтті. Туынды жақын арада көрерменге жол тартып қалатын шығар. Одан бөлек оқырманмен бөлісер тағы бір жағымды жаңалығым бар. Ақпан айынан бастап өзіміздің жігіттер сатиралық жанрда  сериал түсіргелі жатырмыз. Елге ұсынғалы отырған сериал қысқа метражды  болмақ. Юморлық мұндай сериалдарды  көршіміз  Ресейдің әзілкештері көптеп түсіреді. Көпшілікке концерттік бағдарламаларды ғана ұсынып қоймай, халыққа осындай жеңіл әрі қызығып көретін туындыларды Қазақстанда  дамытсақ дейміз. 

- Сіздерге арнайы әзіл жазатын авторлар бар ма?

- Жоқ, осы уақытқа дейін  дайын сценарий беріп, арнайы әзіл жазған автор болған емес. Театр құрылғаннан бері әзілдің барлығын өзіміз жазып келеміз.

- Отандық сатира театрларының арасындағы бәсекелестік қаншалықты мықты?

- Қазір бәсекелестік жоғары деп айта аламын. Себебі осыдан он-жиырма жыл бұрынғыдай халық тек «Тамашаны» тамашалап отырған жоқ. Қазір әр өңірді айтпағанда республикаға танылған әзіл-сықақ театрларының қатары күн санап көбейіп келеді. Олар бір-бірімен бәсекелесіп дамып жатыр. Барлық театр көрерменге  ешкімге ұқсамайтын, тың  әзілді, қойылымды ұсынуға құштар. Бір-бірінің тақырыптарын, әзілдерін қайталамауға тырысады. Сондықтан театрлар арасында ізденіс, өрлеу бар. Мәселен біз де «Шаншар», «Алдараспан» секілді театрлардың концерттеріне көрермен ретінде міндетті түрде барып қайтамыз. Бір жағынан көңілімізді көтерсек, екіншіден бұл жолы олар қандай тақырыпты қозғапты, оны халыққа қалай жеткізді деп бақылап қайтамыз. Үйренетін, сабақ алатын тұстарымыз да болады. Сатира театрларының арасында бәсекелестіктің «көкесі» қазір «Ду думан» бағдарламасында жүріп жатыр. «Хабар» телеарнасынан көрсетіліп жүрген дүлдүлдер додасының екінші маусымына біздің театр да қатысуда. Төрт театрдың қайсысының оза шабатыны қаңтар айында белгілі болады.

- «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» дегендей, сіздің ойыңызша қазір күліп жүрген күлкіміздің құны қаншалықты немесе әзілдер арзандап кеткен жоқ па?    

- Әрине, күліп жүрген  күлкіміздің бәрі қымбат деп айта алмаймын. Атын атап, түсін түстемесем де әзілді арзандатып жіберген театрлар бар. Алайда театрлардың саны көбейген сайын халық солардың арасынан сапалысын өзі таңдап, іріктеп алады. Арзан әзілді театрлар сатира атты мұхитта бәрібір ұзақ жүзе алмайды. Суға батып тынады немесе сапалы жұмыс жасап, желкенін қайта жаяды. Сұрағыңызға орай мына бір мәселені атап өткім келеді. Бізде әзіл-сықақ театрларына арналған телевизиялық  шоу-бағдарламалар, сайыстар жоқтың қасы. Егер «Ду думан» секілді бағдарламаларды көбейтсек сатира театрларының сапасын жоғарылатып, шығармашылық ізденістерін арттыра түсер едік. Мысалы «Ду думанда» алдын ала дайындалған номерді көрсетуге болмайды. Ұйымдастырушылардың өздері белгілі бір тақырыпты ұсынады. Дайындық жұмысына бір апта уақыт беріледі. «Әзіл түбі зіл»  дегендей қатысушылар тақырыпты ашып қана қоймай, әзілдің астарында қандай зілдің жатқанын аңғартуы тиіс. Айтайын дегенім, осы секілді бағдарламалардың театр әртістеріне берер пайдасы мол. 

- Әнші Нұрлан Еспановты айнытпай салатыныңызды білеміз. Пародияға Нұрлан ағамыздың көзқарасы қандай болды?

- Негізі Нұрлан Еспанов қалжыңды көтере алатын өнер иелерінің қатарынан. Пародиядан кейін ол кісі алғысын айтпаса реніш білдірген емес. Керісінше «Сырымбет соңғы кездері маған неге пародия жасамай кеттің, бұл жолы мені мына қырымнан халыққа көрсетсейші, жаңа әндерімді берейін» деп өзі ұсыныс білдіріп жатады. 

-Мықты пародист ретінде кімді мойындайсың?

- Театрмыздың басшысы Мадияр Серікбаевты мықты пародист деп мойындаймын. Мадияр мықты пародист қана емес керемет басшы. Кейде жігіттер оған тым еркелеп кететін кездеріміз болады. Сондай сәттерде ол  әріптестеріне ешқашан дауыс көтерген емес, тек сыпайы, сауатты сөйлеп, сүйегіңнен өткізіп жіберетін қасиеті бар. 

- «Өнер қырандары» алдағы уақытта кімдерге пародия жасамақ?

- Ойымызда жүрген жоспарларымыз көп. Бірақ олардың  бір қайнауы кем болып тұр. Пародия жанры дайындықты, зерттеуді көп қажет ететін сала. Сондықтан идея әбден пісіп жетілгенше асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Шетелдің, соның ішінде Ресей жұлдыздарына пародия жасауды ойлап жүрміз. Қанша дегенмен Қазақстанда жарқырап тұрған персонаждар аз ғой. Біз әлі хит болатын талай пародияларды жасай бермекпіз.

Мұрағаттан: 11.12.2014

Медет Салықов, әнші-сазгер: «Мықты әнші әнге жасалған қиянатқа шыдай алмайды»
Мұрагер Сауранбаев, домбырашы: Нұрғиса Тілендиевтің домбырасын талай шертіп көрдім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу