Медет Салықов, әнші-сазгер: «Мықты әнші әнге жасалған қиянатқа шыдай алмайды»

Oinet.kz 17-04-2019 1935

Screenshot_20.jpg

Рейтинг: Медет, бүгінгі қазақ ән өнерінің бағыты қай жақ? Қазіргі ән өнері тыңдарманын қайда алып бара жатыр?

Медет Салықов: Жалпы, мен дәстүрлі ән өнерінің өкілімін. Қазір эстрада бағытында еңбектеніп жүрмін. Сондықтан қазіргі ән өнерін екіге бөліп қараймын. Арысы – Мұхит, Біржан, Ақан серіден, ортадағы – Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Ғарифолла Құрманғалиевтен, берісі – Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев сияқты дәстүрлі ән өнерінің адал перзенттерінен жалғасқан із бар. Бүгінде Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Тілеулес Құрманғалиев сияқты көптеген талантты әншілер дәстүрлі ән өнерінің нағыз жұлдыздарына айналды. Олар алыс-жақын шетелдерде қазақтың ән өнерін тамаша танытып жүр. «Тәуелсіздік алғаннан бері біз сыртқы жұртқа қай жағынан қызықтымыз, нені көрсетуіміз керек?» деген сұрақ туындаса, оның жауабы – төл өнеріміз, төл мәдениетіміз екені даусыз. Ән өнерінің көшін түзеп жүрген осындай азаматтарға алғысымыз шексіз. Ал эстрадалық өнерді заман өзі тудырып, қажет етіп жатқан соң, біз сыртқа тебе алмаймыз. Оны қабылдағанда, өз табиғатымызға сай сіңіруіміз қажет. Мысалы, өзбек эстрадасында өз әндерінің элементтері, бояуы көзге ұрып тұрады. Үнді эстрадасы өз табиғатымен тіпті етене болып кеткен. Сол сияқты, қазақ эстрадасынан қазақтың үні шығып тұруы керек. Қазір, Құдайға шүкір, эстрадамыздан қазақы иіс аңқи бастады. Жанар Доғалова қарындасымыз «Түрквижн» ән фестивалінен жеңімпаз болып оралды. Мұндай жетістіктеріміз аз емес. Жалпы алғанда, қазіргі қазақтың ән өнерінің даму бағытына көңілім толады. Әр түрлі ән болатыны сияқты, әр түрлі тыңдарман да болады. Жеңіл ән тыңдайтындар да бар, классиканы ұнататындар да бар. Әрқайсысы өзіне қажетін алып жатыр. Аспаннан жұлдыз жауғаны сияқты, қазір әншілердің жұлдызы көп. Менің ойымша, бұл аса қорқынышты үдеріс емес. Тыңдарман солардың ортасынан нағыз мықтыны таңдай алады. Оны аздың арасынан таңдаған жақсы ма, көптің арасынан таңдаған жақсы ма? Жақсы ән мен жақсы әнші бәрібір іріктеліп шықпай қоймайды.

Рейтинг: Қазіргі әншіге жарнама қаншалықты қажет? 

Медет Салықов: Дәл қазіргі уақытта әншіге жарнама өте қажет. Мысалы, көптеген әншілер бар: әндері хит болып кеткен, бірақ өздерін ешкім танымайды. Ән таралғанмен, соны таратушы өнерпаздың түр-келбетін білетіндер аз болатын жағдайлар бар. Мәселе үнемі әншінің қаржы жағдайына барып тіреледі. Қаржысыз, демеушісіз, продюсерсіз әнші көп жағдайда өз қазанында ғана қайнап қала береді.

Рейтинг: Бүгінгі әншілердің басым бөлігі нанын тойдан айырады. Тойға арналған әндер тым көбейіп кетті. Кәсіпқой музыканттар, композиторлар бұл құбылысқа қалай қарайды?

Медет Салықов: Қазіргі уақытта тойға бармайтын әнші некен-саяқ. Өйткені, әншілер тиын-тебенінен негізінен тойдан айырады. Тойға арнайы ән жаздырады. Дегенмен тойдың өз әні, сахнаның өз әні бар. Екеуін нақты айырып, әрқайсысына жеке репертуар жасайтын әншілер де жоқ емес. Бір жағынан, бұл өте дұрыс. Сахна – бөлек әлем, оның мәдениеті де бөлек. Сахна жеңілдікті көтермейді. Ел алдына шыққан адам сол елдің қазынасын өзіне қайтарып беруге тиіс. Ал тойға келген адам көбінесе демалуға, көңіл көтеруге бейім. Сондықтан той мен сахнаны ажыратып алуымыз керек. 

Рейтинг: Дәстүрлі ән мектебінен өткен әншілер эстрадаға да қатал қарайтыны байқалады. Дүрмекке еру қаншалықты оңай, дүрмектің бетін қайтару қаншалықты қиын?

Медет Салықов: Дәстүрлі әншілердің сынын баспасөз беттерінен көп кездестіремін. Әр нәрсенің өз себебі бар. Олар да бостан-бос, жайдан-жай мәселе көтермейді ғой. Мықты әнші әнге жасалған қиянатқа шыдай алмайды. Мысалы, халық әнін эстрадаға өңдеп айтатындар өте көп. Арасында сөзін де, әнін де бұрмалап, құлаққа түрпідей тиетін «нұсқасын» шығарып алатындар да жоқ емес. Одан бөлек, ән табиғатына келмейтін эстрадалық өңдеу жасап алады. Бұған орындаушының шеберлігінің жетіспеуін тағы қосыңыз. Міне, дәстүрлі әншілер осындай олқылыққа, орашолақтыққа, өзімбілемдікке қынжылады. Осындай сынға қалмаудың жолы өте қарапайым. Халықтық әндерді жаздырмас бұрын дәстүрлі әншілермен ақылдасып алу керек. Мысалы, бізге ұстазымыз Бекболат Тілеухан әнді үйретпес бұрын, бұл туындының тарихын, табиғатын түгел ашып беретін-ді. Ән қайдан шықты, қандай жағдайда туды, кімдер орындады, сол орындаушылардың қандай ерекшелігі болды, қандай ерекшелік сақталып, осы күнге жетті – бәрін-бәрін айтатын. Яғни, мықты әнді кезең-кезеңімен үйрететін. Міне, осындай тәрбие көрген, осындай өнеге сіңірген дәстүрлі әншілердің өнердегі шалағайлыққа қынжылатыны сондықтан.

Рейтинг: Шығармашылығыңда жетістіктер аз емес. «Жібек сезім», «Нағашыма» әндері бүгінгі хит-әндер қатарына еркін қосылды. Қазір қандай әндер әлдилеп жүр?

Медет Салықов: «Жібек сезім» – менің паспортым десем де болады. Халыққа мені алғаш танытқан ән, жарым Клара Төленбаеваның эстрададағы жолын ашқан ән. Досым Қалқаман Сарин сөзін өте әдемі етіп жазып берді. Сазгер, ақын және орындаушы үйлесімінен туындаған ән халыққа жақсы тарады. Табиғаты, иірімдері қазақтың ескі ән өнерімен қабысып жатқандықтан да, халыққа ұнаған болар. Ал «Нағашыма» әнінің сазы алдымен дүниеге келді. Бұрыннан бар бір өлең әдемі үйлесе кетті. Алайда сол өлеңді кім жазғанын біраз уақыт таппай жүрдік. Сөйтсек, оны Қизатбек Нұрбосын деген ақсуаттық ақын ағамыз жазған екен. Тіпті, менің – жерлесім, Клараның ауылдасы болып шықты. Сөз авторын тауып алуымыз да үлкен қуаныш болды. Жақында бейнебаянын түсірдік, телеарналардан ақырындап көрсетіліп жүр. Халыққа ұнаған сияқты. Келіп жатқан хаттар, айтылып жатқан лебіздер аз емес. Жаңабай Өтегенов орындаған «Аяла» деген әнім «Саз әлемі» жобасында бас жүлде жеңіп алды. Бұл ән де мерейімді өсіріп тастады. Жақында «Аққу арман» деген жаңа әнім дүниеге келді. Клара екеуміз қыздарымызбен бірге орындаймыз. Бұл туындының да өзіндік жолы қалыптасатын сияқты. Лебіздер жаман емес. Сөзін Жұлдызай Ысқақ есімді қарындасым жазды. «Қос жүрек» деген жаңа әнімді (сөзі – Қ.Сариндікі) радиоға жақында тапсырдым. Клара екеуміз орындайтын «Күлімдесең болмай ма?» әнін де тыңдарман өте жылы қабылдады. 

Рейтинг: Жақында қырғыз ағайындар да «Мөлдіреген жанарың» атты әніңізді өз тілінде шырқапты. Бұл байланыс қайдан? Арнайы сұрап алды ма?

Медет Салықов: 2013 жылдың мамыр айында Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында шығармашылық кешім өтті. Сол кеште тыңдарманға бұрын ұсынылмаған әндерім жарыққа шықты. «Мөлдіреген жанарың» әні де сол кеште алғаш рет орындалды. Бұл әнді «Музарт» тобына арнайы жазғанмын. «Музарт» бір жыл бойы осы әнді орындап, халыққа кеңінен таратты. Қырғыз бауырлар да солардан естіген болуы керек. Жақында Мейрамбек хабарласып, осы әнді қырғыз әншілері орындауға ықыласты болып отырғанын жеткізді. Әнім Алатау асып жатса, қалайша қуанбасқа? Рұқсатымды бердім. Сосын қырғыз әншілер өздері де телефон соғып, рұқсатымды сұрады. Олар әнімді айтып қана қоймай, бейнебаян да түсіріпті. Өте сәтті шыққан екен. «Мөлдіреген жанарың» дегенде, шынында да жанары мөлдіреп тұрған сұлу қыздарды көрсетіп те клип түсіре беруге болады ғой. Қырғыз достар олай етпепті. Олар қырғыз өнеріне еңбегі сіңген нәзік жанды өнер иелерінің тұтас галереясын жасапты. Маған қатты ұнады. Әнім қазір Қырғызстанда кең танылып жатыр екен. Оған, әрине, қатты қуанамын.

Рейтинг: «Аламан» тобы Мағжан әндерінің, Мағжан өлеңдеріне жазылған әндердің зор насихаттаушысы болып келеді. Бұл бастама кімнің идеясы?

Медет Салықов: «Аламан» тобы алғаш құрылғанда, біз алдымызға өз әндерімізден қазақы бояу арылмауға тиіс деп мақсат қойдық. Қолымызға домбыра, баян алып шығуымыздың себебі де сол. Репертуарымызды көптеген халық әндері, ретро-әндер бар. Ал Мағжанның махаббат жыршысы екенін поэзияны құрметтейтін әрбір оқырман біледі. Ақынның тамаша әндерін насихаттау, бүгінгі тыңдарман жүрегіне сіңіру өзінше бақыт деп білеміз. «Жұлдызды – жүзік, айды алқа ғып берейін» деген бір ғана жолы Мағжанның сезімі де, әуені де бөлеке екенін аңғартады ғой.

Рейтинг: Өнерпаз отбасы ретінде де үлгілісіздер. Перзенттеріңіздің болашақ жолы өнермен түйісіп жатса, қалай қарайсыз?

Медет Салықов: Аллаға шүкір, үш балам бар. Үшеуі де өнерге жақын болып өсіп келе жатыр. Есейгенде өмірден қандай жол таңдаса да, өз еріктеріне беремін. Дегенмен әнге баулу, үйрету әке ретіндегі міндетім деп есептеймін. Өнерді сүйген баланың жүрегі жұмсақ, сезімтал болып өседі. Әйел адамның өнерде жүруі өте қиын. Жарым Клараның өмірінен соны байқаймын. Өнер мен үй шаруасы қатар келсе, кәдімгідей қиналып қалады. Сондайда жаным ашып кетеді. «Кейін қыздарым да осылай үлгере алмай жүре ме?» деген алаңдаушылық та бар, әрине. Бірақ бәрі күш-жігерге, ішкі қайратқа байланысты. Қыздарым өнер жолын таңдаса, тосқауыл қоймаймын. Олар мектеп бағдарламасын дажақсы игеріп келеді. Ақкербез «Зерде» дарында балалар мектебінде оқып жүр, күнделігі «бестікке» толы. 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы,

Мұрағаттан: 11.12.2014

Раушан Оразбаева, қобызшы: «Түсімде қобыз тартып отыр екем»
Сырымбет Бибосынов: «Өнер қырандары» театрының әртісі: Сатиралық жанрда сериал түсіргелі жатырмыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу