Раушан Оразбаева, қобызшы: «Түсімде қобыз тартып отыр екем»

Oinet.kz 17-04-2019 1245

Screenshot_17.jpg

- Биыл Елордада берген  жеке шығармашылық концертіңізге астаналықтар қандай баға берді?

- Бұл Елордада алғаш  берген концертім. Кешімде Қобыздың атасы Қорқыттан бастап Ықылас, Сүгір, Тәттімбеттің күйлерін оркестрмен, фортепианоның сүйемелдеуімен орындадым. Осы кеште алғаш рет композитор Базарбай Жұманиязовтың виоленчель аспабына арналған  бір күйін қобызбен орындап шыққаным концерттің басты ерекшелігі болды.  Сондай-ақ сахнада шәкірттерім де өнер көрсетті.  Халық өнерімді өте жоғары бағалаған секілді. Өзгеше, ешкімге ұқсамайтын, сирек кештің бірі болды деген пікірлерді естіп қуанып қалдым.

- Жақында Еуропа елдерін аралап қайтыпсыз...

- Ия гастрольдік сапармен   Щвецария, Франция, Германия елдеріне барып, өнерімді көрсетіп қайттым. Шетелдің сахналарында қазақтың көне аспабы қобыздың үнін әуелеткенімде ерекше сезімде болдым. Тыңдармандар да рухани ләззат алды деген ойдамын.

- Сан түрлі аспаптың ішінен қобызды таңдауыңыздың сыры неде?

 - Әкем Жұмабек Оразбаев «сегіз қырлы, бір сырлы» кісі еді. Домбырада жақсы ойнайды, шертпе күйдің шебері-тін. Бес аспаптығы сондай, өзі қобыз оятын. Ал нағашы атам қобызшы болған екен.  Осындай өнерлі отбасында мен бірінші домбыра шертіп үйрене бастадым. Ұлттық аспаптың үніне тербеліп өстік. Өнер мектебінің табалдырығын аттағанда домбыраны бір кісідей тарта білсем де,  басқа емес қобызды таңдаппын. Ол кезде үшінші сыныпта оқитын едім. Алғашқы ұстазым Әбідманап Жұмабекұлы қолыма қарап: «Саусақтарың нәзік екен. Қобыз шалуға келер ме екен» деп күмәнмен қарады. Бірақ осы аспапқа құмар болғаным сонша, талпынысым мен құштарлығымның, қабілетімнің арқасында бірнеше жылда қобызды меңгеріп алдым. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. 

- Қобыздың бақсылықпен байланысы бары рас па?

- Кеңес заманында қоғам қобыз атаулыға үрке қарап, құдіретін сезіне бермегені рас. Барлығы «Бақсының аспабы» деген көзқараста болды. Ата-аналар да балаларын қобыз атаулыға бермейтін. Өйткені қобыздың бақсылықпен байланысы бары рас. Аспаптың жаратылысының өзі тылсым күшке және құпияға  толы. Қобыз тірілер мен өзге әлемнің арасындағы көпір. О дүниедегілер айтайтын сырларын қобыз арқылы жеткізеді. Яғни қобыздың құдіретімен екінші әлемнен ақпарат алуға болады. Біз соны халыққа күй арқылы жеткізушіміз. Менің де екінші әлеммен байланысқа шығатын сәттерім болады. Мұндай кезде жан дүнием өзгеше күйге бөленіп, қобыздың сарындары құлағыма келеді. Керемет құдіретті сезінесің.  

- Сонда сізді де бақсыға жатқызуға болады ма?

- Бақсының түрлері көп қой. Бірі белгілі бір затпен адам тәнін емдесе, екінші бірі тығырыққа тірелгендерге жол ашып беріп жатады. Ал мен адам жанын музыкамен емдейтін қасиетім бар. Сондықтан солай атауға да келетін шығар. Себебі тылсым күшке қатты сенемін және байланыстамын.  

- Жүрегіңізден шыққан төл туындыларыңыз бар ма?

- Нақты екі күйім бар. «Арда» және «Алтынбек» деген.  Екінші күйді кімге арнағанымды оқырманның іші сезіп отырған болар. Күйден бөлек біраз әндерге, термелерге, шығармаларға кіріспе ретінде орындайтын сарындарым бар. Бірде жолсапарда жүргенде түс көрдім. Түсімде әсем әуезді бір сарынды қобызбен орындап отыр екенмін. Оянғаннан соң түсімде тартқан сарынды қайталап орындауға тырыстым. Осы секілді жағдайлар менде жиі болып тұрады. Жүрегімнен шыққан сарындардың басын қосып, үйлестірсем тағы бірнеше күйдің тууына себепкер болмақ.   

- Сізді елге танытқтан «Аққу» күйінің сіз үшін орны бөлек шығар?

- Орындап жүрген барлық күйлерім, шығармаларым мен үшін қымбат. Әрине «Аққу» менің жолымды ашқан, сәттілік әкелген туынды.  1990 жылы Атырау қаласында Құрманғазы атындағы екінші республикалық байқау ұйымдастырылды. Осы өнер додасында әлі мектеп қабырғасынан шықпаған менің бағымды «Аққу» ашқан. Халық композиторы Кенжебек Күмісбеков ағамыз сонда «осы балақайдан үлкен үміт күтемін» деген екен. Әлі есімде, 1991 жылы бір концертте осы күйді орындағанымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Алпысқызы екеуі орындарынан тұрып, қол соққаны бар еді. Бұл күйдің соңғы  жағына мен аққудың жоғары дауыспен сұңқылдаған үнін өзімше келтіріп, қосқанмын. Көбісі ескі нұсқадағысын өзгертпеуге тырысады. Бірақ менің жан қалауым сол үнді қосуға жетеледі. Нәтижесінде  өте әсерлі шыққан секілді.  Жалпы «Аққу» күйінің елімізде  тыңдаушылары баршылық.  Талай шетелдіктердің де таңдайын қақтырған. 

- Шетелдік тыңдармен мен еліміздің тыңдармандарының аражігі қандай?

- Шынымды айтсам қобыздың қоңыр үнін өзімізден гөрі шетелдіктер жоғары бағалайды. Менің шетел аралап, концерт беріп жүргенім де осы себептен. Сахнаға шығып, күйді тарта бастаған сәттен залда отырғандардың күйді бар жан-тәнімен сезініп, қиялдары өзге әлемде жүргендерін сезінесің. Оларға қобыздың үні таза ауа секілді, тыңдаса терең тыныстап алады. Өнерімді бағалайтын, іздейтін жандар болған соң Еуропа елдеріне жиі барып тұрамын. Олар да  рухани ләззат алу үшін жыл сайын шақырып тұрады. Сонау шетелдің сахнасында қазақ аспабының үнін әуелеткенім менің маңдайыма бұйырған несібем шығар. Өйткені өнерді терең түсіне білетін шетелдіктер кез-келген өнерпазды шақыра бермейді. Мұнымен өз елімді даттағым келіп отырған жоқ. Бізде де күйдің құдіретін сезінетін жандар баршылық. Алайда қазақтың жүзге бөлінуі өнерге де кесірін тигізіп жатады. Мәселен «мына аймақтың күйшісі сол аймақтың күйін орындау керек» деген сыңайлы әңгімелерді талай рет естігенмін. Қорқыттың «Қоңыр» күйін концертте орындайтын күй емес деген сөзді де естідім. Еңбектеніп, ізденіп, барыңды салып сахнада өнер көрсетіп тұрсаң сынап-мінеп, жаратпай отыратындар кездеседі. Мұны көреалмаушылық деп түсінуге болатын шығар. 

- Қазір қобызды эстрадамен сабақтастырып тартып жүрген жастардың өнеріне көңіліңіз тола ма?

- Заман ағымына сай көне аспапты жаңғыртып жүргендеріне ризашылық білдіруге болады. Алайда қобызды таза табиғи үнімен күй орындағанға жетпейді. Менің айтарым заман, өнер, аспаптар қанша дамып келе жатса да   табиғилықтан ауытқымау қажет. Жастар қобыздың үнін еш қоспасыз халыққа жеткізсе деймін.

- Қанша қобызыңыз бар?

- Он шақты қобызым бар. Әрқайсысының өзінің ерекшелігіне, дауысына қарай қолданамын. Мәселен   Парижге барғанда Қорқыттың күйін үлкен қобызыммен тарттым. Себебі оның үні көне сарынды тыңдауға мүмкіндік береді. Ал «жезкиік» күйін бұрыннан ұстап келе жатқан кіші қобызыммен орындаймын. Осы секілді әр қобызды күйдің құрылысына қарай қолданамын.    

- Қызыңыз Тоғжан сіздің жолыңызды қуған секілді...

- Ия, оның да қобыз тартатын өнері бер. Бір-екі концертте күйді бірге орындадық. Шетелдік сахнаны да көрді. Қазір композиторлыққа бет бұрып жүр. Мейлі қобыз тартсын, композитор болсын екеуі де жан дүниенің тазалығын талап етеді. Сондықтан қызыма болашақта  тек ақ жол тілеймін. 

Мұрағаттан: 04.12.2014

Қанағат Әбілқайыр, сатирик-жазушы: «Қазір соңынан санағанда бірінші атаманмын»
Медет Салықов, әнші-сазгер: «Мықты әнші әнге жасалған қиянатқа шыдай алмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу