Ермахан Шайхыұлы: «Қазақ боп туғаныма қуанамын»

Oinet.kz 10-07-2019 1565

Screenshot_3.jpg

Ермахан Шайхыұлы, сатирик-жазушы, Б.Қыдырбекұлы және С.Адамбеков атындағы, «Алтын қалам» сыйлықтарының лауреаты:

Есей Жеңісұлы: Ертең елуге толасыз. Елу жас деген қандай екен, Ермахан аға? Бұрын ер жасы сізге қалай елестейтін еді?

Ермахан Шайхыұлы: Сонау бала кезімізде елуіңіз былай тұрсын, қамал алар қауқары бар қырықтағы қылшылдаған қырма сақалдарды базардан қайтқан қайраңсыз қариялардай көруші едік. Сөйтсек, қырық дегеніміз – өмірдің нағыз қыз-қыз қайнаған шағы екен ғой. «40 жас – жастықтың кемел шағы. 50 жас – кемелдіктің жастық шағы» деген де бар. Ал елуді біздің ел «Ер жасы» деп әспеттейді. «Алпыс – талтүс, жетпіс – жігіттіктің дер шағы» деп те жатады. Соған қарағанда, біздің қазақ қартайғысы келмейді-ау. Бір жағы, ол да дұрыс. Өзіңді мәңгі жас сезініп жүру – қандай жақсы?! Жетпіс-сексендегі әжелеріміздің бір-бірін «әй, қыз-ау» деп отыратыны содан болса керек.

Ал енді қорыта айтатын болсам, бұл туралы дана да дара дала данышпаны Абай былай демеп пе еді: «Егер есті адамдардың қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал». Сол айтқандай, есеп алатын кез келген сияқты. Елу – ел ағасы болатын шақ екен. Бұрынғыдай ұшып-қонбайсың. Ұшсаң да бұрынғыдай ұзақ қонбайсың. Сауысқаннан сақ бола түсесің. Жеті рет өлшеп, бір кесіп, әрбір ісіңді таразыға салатынға ұқсайсың. Өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, өз-өзіңе есеп береді екенсің. Алдағы өміріңе барлау жасап, жоба-жоспар түзетін шақ та осы-ау деп қалдым. Қысқасы, бала шақтан дана шаққа өтетін алтын көпір іспеттес кезең екен деп топшыладым.

Есей Жеңісұлы: «Елу жылда – ел жаңа». Еліңіз қалай жаңарып, жақсарып жатыр?

Ермахан Шайхыұлы: Біз – отаршыл елдің езгісін көрген, егемен елдің ертеңіне сенген ұрпақтың өкіліміз. О заман мен бұ заманның арасы жер мен көктей. Тіпті салыстыруға келмейді. Ортақ өгізден жеке бұзауыңның болғаны жақсы екендігі белгілі. Аллаға мың да бір тәуба айтамыз. Қазір әлем елдерімен тереземіз тең, керегеміз кең. Халықаралық түрлі сайыстарда көк байрағымыз жиі желбірейді. Бүкіл халық, мұқым ел бізді жақсы қырынан тани бастады. Шетелдің бай-бағландары қаржысын бізге әкеп құюда. Осының өзі біздің елдің болашағы жарқын екендігін көрсетеді. Біз не көрмеген халықпыз?! Бүгінгі дағдарысты да еңсереміз деп ойлаймын. Бар күш-қайратымызды жиып, ағынға қарсы жүзуге бел буайық. Еліміздің ертеңі еңселі болатынына һәм мәңгілік елге айналарымызға бек сенемін!

Есей Жеңісұлы: Қазақы қалжыңның қайнарынан қанып іштіңіз. Қазір де қалжыңымыздың қаймағын қоюлатып жүрсіз. Қазақтың қалжыңының қалжасы кеміп қалған жоқ па, қалай ойлайсыз?

Ермахан Шайхыұлы: Қазақ – ежелден әзіл-оспақ, сын-сықақ, қалжың-қылжақ айтуға шебер халық. Құдайдың құтты күні қысыр әңгімесін әзіл-қалжыңмен тұздықтап, тыңдарманын күлкіге шақыра отырып, кейіпкер іс-әрекетін әсірелеп жеткізбесе, бойына ас батпайды-ау, батпайды. Бұл – біздің қанымызға, бойымызға сіңіп кеткен игі қасиет. Мәселен, жезде мен балдыз, нағашы мен жиен, жеңге мен қайны, я болмаса құрбы-құрдас пен әріптес арасындағы әзілдерді алыңыз. Бәрі де жарасымды. Орынды айтылған әзіл адам жанын жадыратып, бес күн жалғанды алты күн етіп, оның ғұмырын ұзартады. Сондықтан ата-бабаларымыз «Күлкі – денсаулықтың мүлкі», «Көтермесең көңілді кір басады», «Күнің барда күліп жүр» деген ұлағатты сөздерін ұрпақтарына мирас етіп қалдырған. Құдайға шүкір деп айталық, біз сол игі үрдіс пен ізгі қасиетті жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеміз. Бізден кейінгі ұрпақ та қисық қаламдарын сайлап алып, қоғамдағы келеңсіз іс-әрекеттерді түйреп келеді. Олар – өз шәкірттерім Қанағат Әбілқайыр, Кәмшат Сәтиева, Қанат Ескендір, Үміт Зұлхарова, Асқат Қылышбек, Бейбіт Сарыбай, Азамат Қасым, Олжас Қасым, тағы басқалар. Осылардың қай-қайсысы да – өз қолтаңбасы айқындалған, қаламы төселген, көздеген нысанасына дөп тие білетін, тілі үшкір де қышқыл, әзіл-оспағы орынды сықақшылар. Олардың әлі жазғанынан жазары көп. Алды 2-3 кітап шығарып үлгерді.

Есей Жеңісұлы: «Жас Алаш» газетіндегі «Біртүрлі бет», «Айқын» басылымындағы «Жатыпатар», «5 жатақхана», «Дала мен қала» газетіндегі «Қисық қоржын», «Айқаптағы» «Қисық қалам» – бәрі сіздің перзенттеріңіз. Осы әзіл беттерінде алшыңыздан түсіп жататыныңыз және бар. Кешегі мен бүгінгінің әзілін таразылай келгенде, қайсысы көбірек үйлесімді? Біздің тіліміздегі юмор қасаңданып бара жатқан жоқ па?

Ермахан Шайхыұлы: Жаңа өзіңіз атын атап, түсін түстеп өткен басылымдардағы сатиралық қосымшалар мен беттерге редакторлық еткенім рас. Осы орайда айта кететін бір жайт, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқып, атақты Темірбек Қожекеевтің сатиралық арнаулы курсын жүргіздім. Сол кезде жоғарыда аталған сатиралық қосымшалардың студенттерге тигізген ықпалы зор болды. Олар теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра білді. Тырнақалды туындылары сол басылымдарда жарық көрді. Сөйтіп, жас сықақшылардың ұстаханасына айналды десем, асыра айтқандығым болмас. Ал енді кешегі мен бүгінгі сатираны салыстыра айтатын болсақ, жолдан қосылған кей сықақшылардың тұзы жеңілдегені рас. Оның үстіне, соңғы жылдары 20-ға жуық әзіл-оспақ отаулары мен телеарналарда түрлі сатиралық бағдарламалар ашылды. Олардың білім-білігі қай деңгейде екенін білмеймін. Бірақ әзілдерінде өзге ұлттың күлкілері өріп жүреді. Бұл – анекдоттардан «ауыз тиеді» деген сөз. Сосын олардың әзілінде қазақы қалжыңның қалжасы қайдан болсын! Жалпы, өсімдік нәрін тамырынан алады. Ұлттық әдебиеттің нәрімен сусындамай, ұлттық құндылықтарды қастерлемей, ұлттқ туынды жазу, ұлтқа қызмет ету мүмкін емес.

Есей Жеңісұлы: Ұзақ жыл ұстаз болдыңыз. Ағалап тұратын шәкірттеріңіз көп. Сол жастардың бойында ұлтқа тірек болар қандай мінез байқадыңыз? Сіз жастарға сенесіз бе?

Ермахан Шайхыұлы: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін» деп ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев жырлағандай, мен де жастарға сенемін. Әсіресе, тәуелсіз елдің жастарына үлкен үміт артамын. Біздің қазақ өзінен кейінгі жастарға сенбейді. Өмір бақи көңілі толмайтындығын білдіріп келеді. Осы қасаң қағидадан құтылуымыз қажет. Қазіргі жастар тәуелсіз елде дүниеге келді. Еркін де егемен елде ғұмыр кешіп жатыр. Ұлттың ұлылары мен ұлағатын ұлықтауда ешкімге дес бермейтіні анық. Қазақ десе жанып кететін жастардың шоғыры қалыптасты. Мектеп қабырғасында жүрген жеткіншектердің «Мен – қазақпын» деп кеудесін ұрып, Әнұран орындалғанда орнынан атып тұрып, оң қолын жүрегіне қойғанын көріп сүйсінемін. Олардан ұлт мақтаны болатын атпал азаматтардың шығатынына бек сенемін.

Есей Жеңісұлы: Қазақ туралы қандай ойға берілесіз? Біз қандай халықпыз өзі?

Ермахан Шайхыұлы: Қазақ – ұлы халық, шешен де көсем халық, батыл да батыр халық, талапты да талантты халық. Ұшқан құстың қанаты талатындай жерінің өзі – қазақ халқының батыр болғандығынан хабар берсе керек. Ал енді бір жылқының өзін мінсе – көлік, ішсе – сусын, жесе – азық ете алған қазақтан басқа ұлтты білесіз бе? Әй, жоқ-ау! Ұлттық құндылықтарымыз: салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет, әдебиет, өнер саласында да көштен қалған жеріміз жоқ. Күні кеше айтыс өнері ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне кірді. Мұның өзі – үлкен жетістік, мәні зор тарихи оқиға. Ұлттық тұлғалар мен атпал азаматтарымызды санамалайтын болсақ, саннан жаңылатынымыз хақ. Дін мен діл жағынан да ешкімнен кенде емеспіз. Тіл байлығы жағынан алдыңғы орыннан ойып тұрып орын алатынымыз айдан анық. Тек тілімізді тиісті деңгейде құрметтей алмай жүрміз. Соған қарным ашады. Әйтпесе, қазақ боп туғаныма қуанатын қазақтардың бірімін. Жалпы, әрбір адамзат өз ұлтын сүйіп, ана тілін құрметтей білуі тиіс. Онсыз ол адам емес.

Есей Жеңісұлы: Қоғамдағы олқылықтарды түйрегіңіз кеп тұра ма? Қолыңызда заң қуаты болса, алдымен нені өзгертер едіңіз?

Ермахан Шайхыұлы: Негізі, мен – досыма адал, жауыма қатал адаммын. Қоғамда қиянат көрсем, алмас қылыштай қиып түскім келеді. Егер менің қолымда сондай билік болса, бірінші кезекте елдің, халықтың қазынасына қол салған қорқаулардың қолын кесер едім. Жетім мен жесірлерді жылатқандардың жолын жауып, қоғам мен адамға зиянын тигізетін зымияндардың желкесін қияр едім. Алаяқтарды адал адамнан алты адым аластатар едім. «Елім, халқым» дегендердің атақ-даңқын аспандатып, мемлекеттің қамқорлығына алар едім. Жолы мен бағының ашылуына септігімді тигізер едім. Мұның бәрі «едім, едім» емес, шын мәнінде жүзеге асса, қанеки!

Есей Жеңісұлы: Не жазып жүрсіз?

Ермахан Шайхыұлы: Соңғы уақытта «Әріп әлемі» деген тіл сындыруға арналған кітап жазумен айналыстым. Қазақта 42 әріп болса, соның 25-іне бір әріптен ғана тұратын мәтін құрастырдым. Таяуда кітап болып шығады. Мұны қазірдің өзінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Арман Ысқақ «Сахна тілі» пәнінде және емтиханда тиімді пайдаланып жүр. Алдағы уақытта арнайы монографияға енгізілмек. Сонымен қатар, бұл кітапты балабақшалар мен мектептерде пайдалануға болады. Мұны оқыған адам қазақ тілінің байлығы мен құнарына тағы да бір көз жеткізері хақ. Бұл кітапты Ерболат Қошқарбаев деген замандасым фейсбук парақшасында бастауыш сыныптарға Әліппеге көмекші құрал бағдарламасына енгізуді ұсыныпты. Білім және ғылым министрлігіндегі қызметкерлердің құлағына алтын сырға.  Сондай-ақ алдағы уақытта сатира және журналистика саласында кітап шығарсам деген жоба-жоспарларым бар. Алла сол тілек-ниеттерге жеткізсін!

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы, 

Мұрағаттан, 2016 ж


Жомарт Зейнәбіл: «Біз өнерге жаңа ғасырдың жаңа толқыны болып келдік»
Ербол Азанбек: «Қазақтың қаржылық сауаттылығы әлі төмен»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу