Қаныбеков әділдікті соттан тапты

Oinet.kz 15-03-2023 1166

Өткен нөмірімізде біз Мәжіліске жеке мандат бойынша Шымкенттегі №6 округтан түскен Сәкен Қаныбековтің үміткерлер қатарынан шығарылғанын жазған едік. Алайда Қаныбеков кандидаттығын Жоғарғы сот арқылы  қалпына келтірді.   

Screenshot_1.jpg

3 наурызда Шымкенттегі №6 округтың сайлау комиссиясы тапсырған декларациясындағы мәліметтердің дұрыстығында алшақтықтардың анықталуына байланысты Сәкен Қаныбековтің кандидаттығын тіркеу туралы шешімнің күшін жойды. Шешімге қарағанда, декларацияда шикіліктердің анықталғаны жөніндегі хатты сайлау комиссиясына 26 ақпанда  Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жолдаған.  

Алайда сайлау комиссиясының шешімімен келіспеген Сәкен Қаныбеков Жоғарғы соттың төрелігіне жүгінген. Кандидаттың ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, сотқа мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері де қатысқан. Бас прокуратураның өкілдері  Қаныбековтің шағымының негізді екендігін айтқан.  Ақыр аяғында сот талап арызды қанағаттандырған. Қаныбековтің кандидаттық мәртебесі қалпына келтірілген.  

«Маған сенім артқан халқымның арқасында әділдіктің туын көтеріп, Мәжіліс депутаттығына кандидат лауазымына қайта қол жеткіздім. Яғни арандатушылықтан болған келеңсіздіктерді еңсеріп, халықтың қамын жасауға қайта кірісемін. Осы орайда мені қолдаған барша адал азаматтарға алғыс білдіргім келеді», – деп жазды Сәкен Қаныбеков әлеуметтік желідегі парақшасында. Бірақ үміткер бұл арандатушылықтың артында кімдердің тұрғанын ашып айтқан жоқ.  

Осылайша уақтысында аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары, Мәжіліс депутаты болған Қаныбеков оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін көрсетті. Әділдік іздеп, Жоғарғы сотқа дейін барған кандидаттың сайлауда қаншалықты бағы жанатынын уақыттың еншісіне қалдырдық. Бірақ сотта жеңіп шыққан С.Қаныбеков үгіт-насихат науқанын бұрынғыдан да күшейте түсті. Арандатушылардың әрекеті керісінше нәтиже берді. Қаныбековті қолдаушылардың  саны да күрт көбейді. Оның кандидатурасын қолдауға шақырушылардың  қатарында жазушы Дулат Исабеков, өңірге белгілі азаматтар Иманәлі Байдәулетов, Жеңісбай Сұлтанов, Бекет Тұрғараев және тағы басқалар бар. Бұл қарқынмен  Сәкен Қаныбеков №6 округтен бақ сынап жатқан «Аманаттың» кандидатын да жолда қалдырып, басым дауыспен жеңіске жетуі әбден мүмкін.  

Ал Түркістан облысындағы үш сайлау округының екеуінде (№25, №26) кімнің депутат болатыны белгілі сияқты. Кандидаттар Ұласбек Сәдібеков пен Қайрат Балабиевтің бағы жанғалы тұр десек, қателеспеуіміз мүмкін.   Талас-тартыс тек №27 округта қызып жатыр. Бұл округтан Мәжіліске 9 үміткер тіркелген.  Олардың арасында тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі, белгілі оппозиционер Нұржан Әлтаев, Халық партиясының атынан түсіп жатқан кәсіпкер Бақытхан Жүнісов бар.  Ал «Аманаттың» аманатын кәсіпкер Тимур Қырықбаев арқалап отыр.  Тартысқа толы болғанымен өзгелермен салыстырғанда Қырықбаевты қолдаушылардың қарасы  көп. Жеңіске деген жастық жігерімен құлшынысы жоғары үміткерге мандаттың қаншалықты бұйыратынын тақсыр уақыттың төрелегіне тапсырдық.

"Рейтинг" газеті, наурыз, 2023 ж

Қалқаманов неге қамалмайды? Әкім орынбасарына қатысты күдікті фактілер көп
«Аманат» партиясы Түркістан облыстық мәслихатынан 14 мандат алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу