Директорларды конкурспен тағайындауда көзбояушылық көп

Oinet.kz 19-05-2017 827

Мектеп директоры.jpg

 -Елбасымыз биылғы жолдауында бесінші басымдық ретінде нені белгіледі?

Мемлекеттік қызмет істері департаментінің әдеп кеңесінде мәселесі қаралған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашоваға төраға Әли Көмекбаев осындай сұрақты төтесінен қойды. Қызық болғанда Р.Ергашова бұл сұраққа жауап бере алмады. Тап бір сабаққа дайындықсыз келген оқушыдай жерге қарады. Білдей басқармаға басшылық жасап отырған шенеуніктің Елбасының былтырғы, арғы жылғы емес, биылғы жолдауында не айтқанын, атқарушы билікке не тапсырғанын білмегені ұяттау екендігі рас.  Десек те, Р.Ергашова бұл жиынға Жолдаудан емтихан тапсыру үшін емес, жасаған заңсыз әрекеті үшін жауап беруге келіп отыр ғой. Облыстың бас мұғалімінің міндетін атқарып отырған басшының не бүлдіргеніне тоқталайық. 

Былтыр желтоқсанда Ордабасы ауданы білім бөлімі  Нұрлыбеков мектебінің директоры лауазымына конкурс жариялаған. Конкурсқа қатысқан үміткерлер тәртіп бойынша облыстық білім басқармасы басшысының келісімін алу шарт. Директор болу үшін нақты талаптар бар. Балабақшада әдіскер болып істеп келген Ақылбекованың еңбек өтілі бұл талапқа жауап бере алмаған. Осыны алға тартқан басқарма алғашқыда келісімін бермейді. Алайда конкурс басталуға бір күн қалғанда үміткер басқарманың келісімін алған. Алып қана қоймайды, осы конкурста жеңіске жетіп, мектеп директорының креслосына отырған. Осы жерде бір гәп бар сияқты... Кейіннен тексеру кезінде  заңсыздық анықталып, Ақылбекова орнынан босатылыпты. 

Әдеп кеңесі мүшелерінің алдында Раушан Ергашова біраз ақталып бақты.  

-Біз тек конкурсқа қатысуға келісім береміз, үміткер директор лауазымына конкурстық комиссияның шешімімен тағайындалады,-деді. Сонда облыстық білім басқармасының келісімі жай ғана қағаз жүзінде жасалатын рәсім, көзбояушылық үшін қажет болғаны ма? Р.Ергашованың сөзіне қарағанда осылай сияқты. 

-Осы жолы мемлекеттік қызметкерлердің аттестациясында Астананың бізге қандай баға бергенін білесіз бе? Оңтүстіктің басшылары стратегиялық  құжаттарды білмейді, танымайды деді. Елбасымыз айтқандай, біз сыбайлас жемқорлықтың  салдарымен емес себебімен күресуіміз керек. Сіз заң бойынша конкурсқа қатыса алмайтын үміткердің директор болып тағайындалуына  есік ашып бердіңіз. Ол сіздің білдірген сеніміңізбен тағайындалды,-деген Көмекбаев жалпы аудандарда мектеп директорын конкурспен тағайындауда түсініксіз жайттардың көп екендігін, білім басқармасының осы мәселені реттеуге мән бермей отырғанын баса айтты. 

Төрағаның айтуынша, конкурстық комиссияның отырысын өткізудің, үміткерлерді арасынан «жүзден жүйрік,  мыңнан тұлпарды» анықтаудың нақты бір әдістемесі жоқ. 

-Комиссия бір үміткерді өтті деп шешім шығара береді. Неге дәл осы үміткердің  өткенін түсіндірмейді. Бір нәрсе алып келеді ме, өткізе салады,-деді Ә.Көмекбаев. Бізді қызықтырған сауал: төраға мұны нақты фактімен айтып отыр ма?

 Кейінгі кезде аудандарда мектеп директоры лауазымына конкурспен тағайындаудың көзбояушылық екендігі туралы әңгімелердің көбейіп тұрғаны рас. Көбіне кімнің директор болатыны алдын ала анықталып қоятыны айтылады. Бұған білім басқармасының  ешқандай қатысы жоқ деуге болмайды. Өйткені конкурстық комиссияның құрамына осы басқарманың қызметкерлері де енген. Егер комиссия мүшелері үміткердің қолына қараса, бірдеңе бере ме деп дәмеленсе, мұның несі конкурс?  

Заң бойынша әдеп кеңесінде мәселесі қаралған Р.Ергашова не қызметінен босатылуы, не қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту алуы тиіс екен. Ергашова жеңіл жаза алып, қызметін сақтап қалды. 

Жалпы ең «коррупциогенный» (Көмекбаевтың осы жиында айтқан сөзі) болып тұрған білім саласында біз білмейтін нәрсе көп сияқты. Облыстың бас мұғалімінің міндетін атқарып отырған шенеуніктің өзі күмәнді істерге жол беріп, мәселесі әдеп кеңесінде қаралып жатқан соң төмендегілердің не бүлдіріп жатқанын кім білсін?! Білім басқармасының басшыға жарымай отырғаны да осындайда еске түседі. Бұл орын жыл басынан бері бос тұр. Бәлкім, соңғы уақытта білім саласында айқай-шудың үдеп кеткені де осыдан шығар. Сіз қалай ойлайсыз?

Б.ЕРНАЗАР

Елеусіз қалған 10 батыр... Мақтаралда неге құрметтелмейді?
Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу