Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты

Oinet.kz 19-05-2017 1041

Сақал.jpg

Қазақстанда сақал қойғандар мен балақ қысқартқандарға заңмен тыйым салынуы мүмкін. Биліктегілер мұндай тыйымның қашан салынатынын әзірге ашып айтып отырған жоқ. Дегенмен әңгімелерінің тұспалына қарағанда көп күттірмейтін сияқты. 

 19 сәуірде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен өткен кездесуде Елбасы:

– Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Нағыз мұсылманды киген киімінен емес, ішкі иманынан таниды. Кімнің жүрегінде сүйіспеншілік болса, соның иманы бар. Біз өркениетті әлемге қарай қадам басып, ғылым мен білім есігін ашуымыз қажет. -дегенді айтқан болатын. Дәлірегі Елбасы атқарушы билікке айтып қана қойған жоқ, осы жөнінде нақты тапсырма берді деп түсінуіміз керек. Ол қалай орындалады, қандай тетікпен жүзеге асырады, бұл енді Үкіметтің шаруасы. 

Жуырда  Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты тұжырымдамасының жобасы талқыланған Үкімет отырысында «Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер, оны басқа еш жерден таппайсыздар» деген даналық сөзді ауызға алды. Аталған құжаттың жобасына қарағанда, діни бірлестіктердің қаржылық-шаруашылық және үгіт-насихаттық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша нақты талаптар белгіленген. Өзін зайырлы мемлекет ретінде жариялаған Қазақстан діни бірлестіктердің ішкі істері мен ережелері мәселелеріне араласпайды, қайта ар-ождан бостандығын сақтауға қажетті жағдайлар жасайды. Дегенмен мемлекет діни бірлестіктердің мазмұндық және қоғамдық қызметін реттеп және бақылап отырады, заңдар мен мемлекеттің мүдделерін сақтауын талап етеді. Сонымен қатар, тұжырымдамада діни ұрандарды жамылған кейбір діни ағымдардың экстремистік идеологиясына қарсы тұру және бүлік салу қызметін бейтараптандыру бойынша жалпы мемлекеттік жүйе қалыптастыру туралы айтылған. Біздің байқағанамыз Тұжырымдамада киім мен сақалға және қысқа балаққа қатысты ештеңе айтылмаған сияқты.   

Десек те Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткізген баспасөз конференциясында  Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бұл мәселеге қатысты өзінің көзқарасын жеткізді. Ол сақалдарын өсірген және шалбарлары қысқартылған жігіттердің, сондай-ақ қара киім киген қыздардың сыртқы келбеті біздің дәстүрімізге сай келмейтініне тоқталып:  

-Әрине, бізде әр азаматтың өз қалауынша киінуіне құқық сақталады. Сонымен бірге, біздің халқымызға тән емес ережелерге бағынатын азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деді.  

Министрдің айтуынша, кейбір шетелдерде киімдерге қатысты қатал талаптар қойылған. Мәселен Таяу Шығыс елдерінде. Таяу Шығыс елдеріне келген туристер де сол елдің белгілеген  киім әдебіне бағынады.    

-Бұл өте маңызды, кінәмшіл мәселе. Біз оны сарапшылармен және мамандармен бірге жан-жақты пысықтаймыз. Үкімет пен азаматтық қоғам дұрыс, салмақты шешімге келеді, – деп түйіндеді Н.Ермекбаев. 

Соңғы уақыттары сақалын өсіріп, балағын қысқартқандардың көбейгені көптен бері айтылып келе жатқан, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселе.  Хиджап киген қыздарға тосырқай қарап жүргенде бес-ауыздарын толығымен қап-қара етіп орап алған нәзік жандылар пайда болып, мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының керін келтірді. Балағын қысқартып, сапситып сақал қоюшылар әсіресе мешіттерде көп. Осы жуырда ғана Сайрам ауданында осындай сақалдылардың бір тобы тыйым салынған діни ұйымның идеясын уағыздағаны үшін сот алдында жазасын алды. Қазақстанда бұған дейін мемлекеттік мекемелерде діни рәсімді орындауға тоқтам салынды. Шенеуніктерге жұмыс уақытында намаз оқуына болмайды деген тәртіп енгізілді. Оған дейін мектепке қыздардың хиджап киіп келуіне тыйым салынды. Бұл тыйымға біраз тақуа ата-аналардың наразылық білдіргені белгілі.  Егер сақал мен қысқа балаққа заң жүзінде тыйым салынса, бұған да біраз жамағаттың қарсы болары даусыз. Қалай десек те, енді өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын шешімді қабылдау Үкіметтің еншісінде. 

Дегенмен бар мәселе де киімге салынған шектеумен шешіле салмайтыны да анық.  Басшылардың өздері айтқандай, адамның сенім-нанымы киген киімінде емес, жүректе. Ал әр адамның жүрегінде, қаушиған кәлласынде не барын тек бір Аллаға ғана біледі емес пе?! 

Жәнібек ТАРХАН

Директорларды конкурспен тағайындауда көзбояушылық көп
Көлік базарында нарық қалай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу