Мұсылмандар қырғыны...

Oinet.kz 22-09-2017 874

Мьянманың (бұл елді халықаралық қауымдастық  Бирма деген атпен таниды) Ракхайн (оны Аракан деп те атайды) штатындағы мұсылман-рохинджаларды қырып жою әлі тоқтаған жоқ. Елдің әскерилері ислам дінін ұстанатын бейбіт халықтың үйін өртеуді әлі жалғастыруда. Қаза тапқандардың саны бірнеше мыңға жетті деген мәлімет бар. Ракхайндағы 30 мың мұсылман ас-сусыз, баспанасыз қалды. 

Screenshot_14.jpg

Мұсылман арасында қанды қырғынды  Бирма өкіметі алғаш рет ұйымдастырып отырған жоқ және оның өзіндік себептері бар. Бұл «Аракан рохинджаларын құтқару армиясының» 25 тамызда жасаған шабуылына қарсы берілген жауап. Билік жоғарыда аталған ұйымды террористік деп есептейді.  Елдің мемлекеттік кеңесшісі әрі Сыртқы істер министрі Аун Сан Су Чжи әскерилердің жазалау шараларына қатысты түсінік беруден бас тартты. Халықаралық қауымдастық Мьняма билігінің бұл әрекетін қатаң айыптап отыр. Түркияның президенті Режеп Ердоған «Мьянма билігі мұсылмандарға қарсы геноцид жасады» деп атады. Сауд Арабиясы да Шығыс Азиядағы мұсылман бауырларына қолдау көрсетіп жатыр. Дегенмен Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің жабық есік жағдайында өткен мәжілісінде Мьянмадағы жағдайды реттеу үшін нақты бір шара қолға алынған жоқ. Дәл қазір Қауіпсіздік кеңесі үшін Солтүстік Кореяның зымыран ұшырғаны мейілінше маңызды болып тұр. Мьянмадағы қасап қырғын екінші «планға» кетіп қалды. Айтпақшы, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің құрамына биыл Қазақстан да мүшелікке енген. Қазақстанның қандай бағыт ұстанып отырғаны белгісіз.   

Бұған дейін Мьянмадағы босқындарды Бангладеш немесе Индонезия мен Малайзия қабылдайды деген. Алайда аталған үш ел де мұсылман-рохинджаларды қабылдауға құлықты емес. Бангладеш үкіметі босқындарды Бенгал шығанағындағы Тхенгар Чхар аралына қоныстандыруды жоспарлаған. Алайда бұл аралдың су тасқынының астында қалу қаупі бар. Сауд Арабиясы Мьянма мұсылман босқындарын Араб түбегіне көшіру туралы мәселе көтеріп жатыр. Алайда бұл процесс ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Алайда соңғы 1-2 айдың көлемінде Сауд Арабиясы қажылық сапардан қолы босамай, бұған кірісе алмай жатыр. 

Жалпы Мьянма елі ешқандай да халықаралық нормаларға бағынбайтын, мойындамайтын ел. Адам құқығы дегеніңіз бирмалықтар үшін жат түсінік. 1948 жылы Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған ел үздіксіз соғысумен келеді. Бұл елде этникалық тазалау, белгілі бір топты жапай қуғын-сүргінге ұшырату әдеттегі оқиға саналады. 1948-2012 жылдар аралығында Мьянма  орталық билік пен өңірдегі сеператистер арасында болған соғысты бастан кешірді. Алпыс жылдан астам уақытқа созылған қырғын қара халықты да билікті те әбден әлсіретті. Осы соғыстар Мьянма билігіне көп нәрсені үйретті. Соның бірі - қара халыққа тізе батыру, әдейі қолдан қырғын ұйымдастыру. Мұндағы мақсат халықты үрейлендіру, айтқанына сөзсіз бағынуға мәжбүрлеу. Мьянмадағы чиндер, качиндер, карендер, мондар, кая және  шандар өз алдарында дербес тәуелсіз мемлекет құруға талпынып келеді. Мьянманы бөліп-жаруға тек бирмалықтар қарсы. Ал бирмалықтар елдің 68 пайызын құрайды. Олар будда дінін ұстанады. Бөлініп-жарылуға бейім ұлттарды өкімет осылайша қуғын-сүргінмен тәрбиелеп, тәубесіне түсіріп отырады. 

2010 жылы елде өткен парламент сайлауында «Бейбітшілік және даму» партиясы жеңіске жетіп, елде тыныштық орнады. Алайда тыныштық пен бейбітшілік  мұсылмандар тұратын Ракхайн штатына әлі жеткен жоқ. Жалпы Мьянма халқының 90 пайызы будда дінін ұстанады. Мұсылмандардың үлесі 4 пайыз ғана. Бирмалықтардың айтуынша, елдегі мұсылмандар бір кездері Бенгалиядан көшіп келген. Яғни, олар келімсектер. Сондықтан өкімет рохинджаларға төлқұжат бермейді. Аталған штатқа бюджеттен қаражат та аз бөлінеді. «Бейбітшілік және даму» партиясы қазір мұсылмандардың елден безіп кетуіне жағдай жасап отыр.

Бұл Мьянма мұсылмандарына биліктің жасаған алғашқы қырғыны емес. 1978 жылы әскери операция барысында билік елден 250 мың мұсылманды қуып шыққан болатын. 2012 жылғы қуғын-сүргінде 120 мың мұсылман босып кетті. 

1946 жылы елді әлі ағылшындар билеп тұрған кезде мұсылман-рохинджалар  Пәкістанға қосылу идеясын көтерген болатын. Олар екі жыл бойы осы идея үшін күресті. Нәтижесіз аяқталды. 1948 жылы Ракхайн тәуелсіздік алған Мьянманың құрамында қалды. Ракхайн штаты Мьняма үшін стратегиялық маңызы зор аймақ саналады. Бұл өңір арқылы үлкен мұнай, газ құбырлары өтеді.

Тозақтан «жұмаққа». «Оралман» фильмі жайлы бірер сөз
​Біз білмейтін жұмбақ көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу