Қазақ эстрадасының жұлдыздары қаржыны қалай жұмсайды?

Oinet.kz 09-02-2012 1009

fJqf_2G3IEM.jpg

Сахна жұлдыздарының барлығы дерлік - табысы мол өнер адамдары екендігінде дау жоқ. Концерт беру, жеке альбомдарын шығару, түрлі жобаларға қатысумен қатар той-томалақтарға жиі шақырылады. Мұндайда түсетін табыстың жетіп артылатыны белгілі. Кейбір әншілердің тойға бір келіп-кетуінің өзі 3-5 мың долларға бағаланады екен.

Табыс бар жерде шығынның да көбейетіні белгілі. Жұлдыздар тапқан табысын қалай, қайда жаратады? Осы тұрғыда танымал әншілердің сөйлетіп көрелік. 

       Мадина Сәдуақасова, әнші:

«Айына 1-2 сағат сатып аламын»

Менің шығындарымды төлейтін продюсерім жоқ, сондықтан барлық қаражатты өзім шығарамын. Сценаға қажетті костюмдер, косметиканы өз ақшама сатып аламын. Негізінен заттарды «Рамстор», «Silk Way», «Мега Алматы» секілді ірі сауда орталықтарында таңдаймын. Сахнаға шыққан соң киімің, әшекей бұйымдарың сапалы да сәнді болуы керек. Бірақ, күнделікті өмірде қарапайым киінемін. Мейрамханалар мен клубтарға жиі бармаймын. Достарыммен бірге Шымбұлақ пен Ақбұлаққа барып, шаңғы тепкенді, сноубордта сырғанағанды ұнатамын. Ал шетелге жиі шығуға әуестігім жоқ.

Табысымның бір бөлігін сағат сатып алуға жұмсаймын. Сағаттардың үлкен коллекциясы бар. Айына тұрақты түрде 1-2 сағат сатып алып, ауыстырып тағамын. Armani, Chanel, Tissot секілді танымал маркалардың сағаттары аз емес, бірақ, мен үшін ең сүйікті марка - Langines. Әйгілі Nina Ricci секілді аса қымбат емес, бірақ, маған өте ұнайды. Айтпақшы, қайбір жылы маған гауһартаспен әшекейленген, бағасы 1700 долларлық Nina Ricci сағатын сыйлады. 


Қарақат Әбілдина, әнші:

«Бір костюмнің құны 3 мың долларға жеткен»

Соңғы кездері бағалар шарықтап кетті ғой, ақша құнсызданды. Қазір, тіпті, мың долларға орташа сахналық костюм де тіктіре алмайсың. Концерттердің алдыңда Құралай Нұрқаділова, Аида Қауменова, Оксана Корби секілді отандық дизайнерлерге 3-5 костюм тіктіртемін. Осындай бір костюмнің құны 3 мың долларға жеткен. Әрине, кез-келген әйел сияқты әшекей бұйымдарды жақсы көремін. Мәселен, Дубайда сатып алған бір гауһартас  комплектісінің бағасы 7800 доллар болды. Сондай-ақ, Австрияда әйгілі SWAROVSKI бұйымдары да ұнап, сатып алдым. Шетелге барғанымда сувенир әкелуге тырысамын. 


        Ерлан Көкеев, әнші:

«Барған жерімнен тарелка сатып аламын»

 «Тапқан ақшамның біраз бөлігін әйелім қалаған заттарға, әшекей бұйымдарға жұмсаймын. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Тірліктермен әрі-бері көп жүретіндіктен, жанар-жағар майға да кететін шығын аз емес. Үш қызым бар, олар түрлі үйірмелерге қатысады. Оған да төлеу керек. Бірнеше жыл бұрын несиеге пәтер сатып алып, оны жабу үшін айына  мың доллардан төлеп келдім. Бірақ, мұның барлығын аса көп шығын ретінде қарастырмаймын.  Отбасыға жұмсалған қаражаттан бөлек мен директор, администратор, менеджер мен жүргізушіге айлық төлеймін. Музыкалық студияны жалдауға кететін шығын да әжептәуір. Әйтеуір, кафе мен мейрамханаларға жиі бармаймын. Оның орнына жақын досымның таулы аймақта орналасқан керемет моншасына апта сайын барып тұрамын. Буына түсеміз, қарға шомыламыз. Отбасымызбен жылына кемі бір рет демалысқа барып қайтамыз. Бұрын шетелге көп  шығатынмын. Барған жерімнен тарелкалар сатып алуды әдетке айналдырып алғанмын. Қазір менде тарелкалардың тәп-тәуір коллекциясы жиналы қалыпты.

 

Мақпал Исабекова, әнші:

«Табысымның бір бөлігін сөмке алуға жұмсаймын»

Әрине, ән жазу, клип түсіру мен ротацияға көп шығын кетеді. Бірақ, олардың барлығын продюсерім Ерік Тастамбеков төлейді. Күнделікті шығындарды айтпағанда, табысымның бір бөлігін сөмке алуға жұмсаймын. Өзім сөмке атаулысына қатты қызығамын.  Оларды жиі сатып алуым әдетке айналды. Арасында тым үлкендері де бар. Жақындарым кейде «мына «қаппен» қайда бармақсын?» деп күледі. Киім-кешек пен косметикаға да аз қаражат жұмсамаймын. «Рамстор», «Silk Way», «Silk Way City», «Манго» сауда орталықтарына  жиі барамын. Әсіресе, түрлі майкаларды көптеп сатып аламын. Өкшесі биік аяқ киімді мүлдем ұнатпаймын, бірақ, сахнада оны киюге мәжбүр боласың. Ал күнделікті өмірде джинсы мен кроссовкамен жүремін. Ол өте ыңғайлы.

Мейрамханаларға барғанды ұнатамын. Әсіресе  «IL Patio» мейрамханасына барып, қымбат болса да коктейль ішкенді жақсы көремін.

 

Айқын Төлепберген, әнші:

«Косметологқа ай сайын 300 доллар жұмсаймын»

Көлікке көп шығын жұмсаймын. Түрлі аксессуарлар алып, темір тұлпарымның сәнін келтіргенді ұнатамын. Бильярд, түнгі клубтар, мейрамханаларға да бірталай қаражат кетеді. Одан бөлек фитнесс залына барамын. Айтпақшы, дерматологиялық клиникаға да жиі бас сұғамын. Бетіме арнайы күтім жасау керек болғандықтан косметологтың қызметіне ай сайын 300 доллардай жұмсаймын.  Джинсы шалбарларын көптеп сатып аламын. Ал концерттік костюмдерді стилистер таңдайды.  

 

Бүркіт, әнші:

«Сәтті клип түсіру үшін көрікті қыз болуы маңызды»

Қаржымның көп бөлігі бейнеклип түсіруге кетеді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Біріккен Араб әмірліктерінде түсірілген клипке 27 мың доллардан астам қаржы жұмсауыма тура келді. Түсіру тобы, декорациялар, көлік шығындарынан бөлек клиптерге сұлу қыздарды шақырамын. Мәселен, Араб әмірліктеріндегі бір модельдің бір жұмыс күніне 600-700 доллар төлеу керек. Қазақстандық модельдер де аз ақша сұрамайды. Бірақ, сәтті клип түсіру керек болғандықтан, көрікті қыздың болуы өте маңызды.

Ал жеке шығындарға келер болсам, әлемдік брендтердің заттарын шетелден алғанды дұрыс көремін. Шыны керек, бізде Армани немесе Кавалидің киімдері жоқ десем, қателеспеймін. Бағасы төмен заттың сапасы да төмен. Айталық, Францияда 600 евроға жемпір алдым. Ал сахнаға қажетті киімдерге кейде 2 мыңнан астам доллар төлеймін. Әйткенмен, шоппингке аса қызықпаймын, бір алған затты ұқыпты әрі ұзақ уақыт киемін.


Шымкенттегі Ақпан батыр ескерткіші қашан ашылады?
Кентау жылусыз қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу