Енді Өзбекәлі Жәнібековты өгейсітсек жетіскен екенбіз

Oinet.kz 28-10-2010 913

Screenshot_4.jpg

«Ойламаған жерден Өзекең қатты науқастанып қалды. Ол оттан да, судан да аянбайтын еді. Бірақ ауру жеңе бастады. Әрине мұндай жағдайда қаражат қажет. Аздап жиған-тергеніміз жұғым да болмады. Не істерімізді білмей тұрғанда Елбасы Н.Назарбаев қол ұшын созып, Англияға қаржы беріп аттандырды. Адами үлгі деп осыны айт». Бұл қазақтың біртуар ұлы, көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің жары Қалихан Айдосқызының хатынан үзінді. Кезінде Елбасы көрсеткен адами үлгіден сабақ алып, өнегелі істі жалғастырар шенеунік бүгінде табылмай тұрған секілді.

Олай дейтініміз, Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығы атаусыз қалайын деп тұр. Мемлекет және қоғам қайраткерінің мерейтойын республикалық  көлемде өткізіп, еңбектерін ескеру жөнінде тиісті мемлекеттік мекемелерге жазған хатына сұрықсыз жауап алған Қалихан Жәнібекова Парламент депутаттарына жүгінуге мәжбүр болған. Мәжілістің кешегі жалпы отырысында осы мәселе бойынша депутат Уалихан Қалижан Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. 

«Қазақтың Шерхан Мұртазасы Ө.Жәнібековтің халқына сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек ол киелі адам дейді. Айтыс өнерінің ақсұңқары, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова «Қазақта Жәнібеков біреу ғана, Аталған өз елінің Өзағасы» деп жырға қосқан. Сол ұлтының ұлы, халқының құлы Өзбекәлі Жәнібеков марқұм келесі жылы 80 жасқа толғалы отыр. Бірақ құзырлы мекемелер Сіздің 2009 жылғы 4 наурыздағы №131 Е өкімімен бекітілген 2009-2011 жылдары республикалық  деңгейде өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне халқының ұлттық мәдениетінің жанашыры, 70-тен астам этнографиялық ансамбльді ұйымдастырушы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев сынды алаш ардақтыларының ақтаушысы, кешегі Үкімет мүшесі Өзекең енбесе не қайран?! Өзағаң аурумен көп алысты. Қалихан апай үш бөлмелі үйін сатып, емді жалғастырды. Жеке басы баспанасыз қалды. Бірақ ауруды жеңе алмады...» делінген депутаттық сауалда.

Депутаттар Үкімет басшысынан Алматы қаласынан Қалихан Айдосқызы Жәнібековаға бір бөлмелі пәтер бөлуге, келесі жылы Ө.Жәнібековтың көптомдығын мемлекеттік тапсырыс бойынша шығаруға, Алматыда «Өзбекәлі және ұлттық құдылықтар» атты ғылыми- практикалық конференция, Шымкент қаласында «Өзбекәлі рух сардары» атты ақындар айтысы мен мүшәйрасын өткізуге қамқорлық жасауды сұрайды. Сондай-ақ, депутаттар Кәрім Қажымханұлының бұл мәселеге Премьер-министрдің ғана емес ұлтжанды азаматтың көзімен қарап тиісті шешімді шығаруынан үмітті.

P.S. Әдетте мұндай мәселелер Астанада емес, алдымен ауыл-аймақта, облыста қаралушы еді. Облыс басшыларынан қолдау  таппаса, сосын барып қана Астана асатын. Өз-ағаңның жары Қалихан Айдосқызының бірден Елордаға шығып, мәселені мәжілісмендердің талқылауына салғанына қарағанда жергілікті әкімшілікке сеніңкіремеді ме екен, ә?! Әлде жанайқайына ешкім құлақ аспағаннан кейін жасап жатқан жандалбасасы ма? Әрине, Өз-ағаң ең алдымен қазақтың баласы, ұлттың тұғырлы, біртуар ұлы. Азаматтың тойын Қазақстанның қай бұрышында атап өтсе де жарасады. Бірақ, Құдайға  шүкір, Өз-ағаңның артында елі бар, жұрты бар. «Ел басшысыз, тон жағасыз болмайды» деген, Астанада осындай мәселенің көтеріліп, үлкен әңгіме болып жатуы шынын айтқанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке, одан қалса Өзбекәлі ағамыздың кіндік қаны тамған жері  - Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықовқа сын емес пе?! Өмір бойы елі үшін еңбек еткен азаматтың әруағын Астанада шулатпай-ақ, ең алдымен туған жері, туған елі аспандатып, облысымыздың басшылары бастама көтеруі керек емес пе еді?! Қалай айтсақ та,  қазақ мәдениетінің қара нары Өз-ағаңның мерейтойын ұмыт қалдырып, қам-қарекетсіз отырғаны Оңтүстіктің басшылары үшін ұят-ақ болды. 

«Заречное» - орысқа уран, қазаққа «ұран» ғана болып тұр...
Құй сен, құй сенбе! Қаржы министрінің былтырғы табысы 10 863 000 теңге
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу