Қазақстанда мәжілісмендер 500 мың теңге жалақы алады

Oinet.kz 11-11-2010 843

Screenshot_1.jpg

Абайсызда айтса да, жоқ, әлде «ел білсін» деп әдейі айтса да, әйтеуір, Мәжілістің кешегі бір отырысында халық қалаулыларының қанша жалақы алатыны белгілі болды. Мәжіліс залында елге несие беру мәселесін талқылауға кіріскен депутаттардың ішінде Нұртай Сабильянов қызды-қыздымен ай сайынғы жалақысының 500 мың теңге көлемінде екенін жайып салды. Көлемді ақшаны доллармен бағамдап үйреніп қалғанбыз ғой, теңгені көк қағазға ауыстырсақ, сонда депутаттың ай сайынғы алатыны 3,3-3,4 мың АҚШ доллары болады екен. «Екінші деңгейлі банктер 16 мен 20 пайыздың арасында займ, 4 пен 40 пайыз арасында тұтынушыларға несие береді. Сонда ауылдық жерлердегілер несиені 60-70 пайыздық өсіммен алады деген сөз. Біздің қаржы мәселесін бақылап отыратын арнайы органдар, Ұлттық банк қайда қарап отыр? Мейлі, жақсы, депутат Чиркалин бұл несиенің өтемін төлей алатын шығар, өйткені ол айына 500 мың теңге жалақы алады, мен де айына 500 мың теңге аламын, ал ауылдағы зейнеткер бұл несиені қалай қайтара алады?» деп күйінген Нұртай Сабильянов өз-өзін зорға тоқтатты. 

Әйтсе де, мәжілісмендердің барлығының жалақысы бірдей емес көрінеді. Сабильяновқа қарағанда сабыр сақтап, айлығының қанша екенін ашып айтқысы келмеген Парламент Мәжілісінің депутаты Алтай Тілеубердиннің «О, Сабильянов менен көп жалақы алады екен» деп қасын керіп, әріптесіне таңданыспен қарап қалуы осы сөзімізді айғақтай түссе керек. Сонымен айдың-күннің аманында «картаны» ашып тастаған Сабильяновтың бұл тірлігі депутаттарға ұнамады-ау деймін, оның ауыл тұрғындары туралы ауыз толтырып айтқан сөздерін әріптестері қолдай қоймады. Сөйтіп, «Ипотекалық несие, инвесторлар мен несие алушылардың құқын қорғау жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мұрты бұзылмаған күйі қабылданып кете барды. 

Сөйтіп, біздің мәжілісмендердің жалақысын біліп алдық. Ал, көрші елдерде бұл мәселенің түк те құпиясы жоқ екен. Ғаламтор арқылы білгенімізді қорытып, әлем елдеріндегі депутаттардың алатын жалақысы бойынша шағын рейтинг түзуді жөн көрдік. 

Ирак – 22 500 доллар 

АҚШ – 14 500 доллар

Италия - 13500

Германия – 11000 доллар

Франция – 7000 доллар

Ресей – 5 000 доллар

Қазақстан – 3400 доллар

Украина – 2100 доллар

Қырғызстан – 350-750 доллар

Көріп отырғаныңыздай, ең көп жалақы алатын депутаттар Иракта екен. Ирак билігі депутаттарының күн сайын айналада жарылып жатқан минаға түсіп қалмай, аман-есен келгеніне ғана шүкіршілік етпей, олардың жайлы өмір сүріп, сапалы заң шығаруы үшін барлық жағдайды жасап тастапты. Олар ай сайын 10 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы және жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ай сайын тағы 12,5 мың АҚШ долларын алады екен. Сондай-ақ, депутаттар қауіпсіздігі қамтамасыз етілген өте жайлы қонақ үйде тегін тұрады. Еуропа және Америкалық депутаттардың жалақысы біздегіден анағұрлым жоғары. Бірақ олар үшін көп жағдайда  жеңілдіктер қарастырылмаған. Мәселен, Францияда халық қалаулыларына қызметтік көлік, қызметтік пәтер мүлдем берілмейді,  тегін емделу деген атымен жоқ. 

Ресей Думасының депутаттарының орташа жалақысы 5 мың доллардан асады. Украина Радасының депутаттары қалтасына ай сайын шамамен 2100 доллар салады. Бірақ,  басқа тегін ем алуға құқы бар және жыл соңында доллар  тағы алады. «Ең кедей депутаттардың» қатарында айыр қалпақты қырғыз ағайындардың халық қалаулылары  жүр.

Аңыз адам: Қажымұқан
Шөкеев отставкіге арыз жазды ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу