Қазақша тәлім. Жетілік ұғым. Жеті санының қасиеті

Oinet.kz 07-09-2020 1570

Жеті саны.jpg

Табиғаттың тылсым сыры көп. Көшпенділер ұғымында күннің көзі 7 бөлікке бөлінеді. Аптада 7 күн. Бір ғажабы бұл атаулар өзгермейтін өлшем бірліктері. Қазақта 3, 5, 7 сандары киелі сан болып есептеледі.

Жаңа туған нәрестенің шілдеханасы 7-ші күні жасалады. Қайтыс болған кісінің 7-сі беріледі. Білімдар кісіні «7 жұрттың тілін біледі» дейді. Көкте 7 қабат, жерді 7 қат деп түсіндіретін сол ата-бабалар. Тіпті жұт 7 ағайынды деген сөздің де өзі тұрмыстық жағдайдан келіп туындайтын байлам! Әз Тәукеханның 7 жарғысы мен 7 қазына деген атаулардағы 7-лік санның тектен тек тумағандығы айқын. Қауіп-қатерден аман қалған адам үшін, не анасы, не жұбайының 7 шелпек пісіруі не садақаға 7 түрлі нәрсе таратуы да наным түсініктен ғана тумаған құбылыс екен. «7-ге келгенше жерден таяқ жейсің», «7 атасын білмеген - жетесіз» деген даналық тұжырымы, ұрпақ көшінің үзілмеуін тілеген ізгі ниеттен шыққан.

Жеті ата: Бала; Әке; Ата; Арғы ата; Баба; Түп ата; Тек ата.

Жеті қазына: Ер жігіт; Сұлу әйел; Ақыл, білім; Жүйрік ат; Қыран бүркіт; Берен мылтық; Жүйрік тазы.

Жеті шәріп (жеті әулие): Меке шәріп; Мәдина шәріп; Бұхар шәріп; Шам шәріп; Қатым шәріп; Құддыс (Мысыр) шәріп; Кәләм шәріп (Құран).

Жеті жетекші: Адамның басшысы – ақыл; Жетекшісі – талап; Жолаушысы – ой; Жолдасы – кәсіп; Қорғаны – сабыр; Қорғаушысы – мінез; Сынаушысы - халық (Саққұлақ би).

Жеті ғашық: Ләйлі –Мәжнүн; Фархад –Шырын; Таһир –Зуһра; Арзу –Қамбар; Уәлік –Ғарра; Уәки – Күлшаһ; Жүсіп –Зылиқа.

Жеті ғалам: Шығыс; Батыс; Оңтүстік; Солтүстік; Аспан (жоғары ғалам); Жер (орта ғалам); Жер асты (төмендегі ғалам).

Жеті күн: Бүгін; Ертең; Бүрсігүні; Арғы күн; Ауыр күн; Соңғы күн; Азына.

Жеті апта: Дүйсенбі; Сейсенбі; Сәрсенбі (сәтті күн); Бейсенбі; Жұма (қасиетті күн); Сенбі; Жексенбі.

Жеті қат көк: Ай; Күн; Шолпан; Есекқырғын (Меркурий); Қызылжұлдыз (Марс); Сатурн; Мүштәри (Юпитер).

Жеті амал: Күннің тоқырауы; Қарашаның қайтуы; Үркердің батуы; Мұздың қатуы; Киіктің матауы; Қыс тоқсан; Ай тоғамы.

Жеті жұт: Құрғақшылық; Жұт (мал қырылу); Өрт; Оба (ауру);\ Соғыс; Топан су; Зілзала.

Жеті жоқ: Жерде өлшеуіш жоқ; Аспанда тіреуіш жоқ; Таста тамыр жоқ; Тасбақада талақ жоқ; Аллада бауыр жоқ; Аққуда сүт жоқ; Жылқыда өт жоқ.

Жеті жетім: Тыңдамаған сөз жетім; Киюсіз тозған бөз жетім; Иесіз қалған жер жетім; Басшысы жоқ ел жетім; Аққу-қазсыз көл жетім; Жерінен айырылған ел жетім; Замандасы қалмаса – Бірінен де сол жетім. Неде қасиет жоқ? Бал салмаса, ара қасиетсіз, Жанбай қалған – шала қасиетсіз; Әдепсіз болса – бала қасиетсіз; Әділетсіз болса – дана қасиетсіз; Көк шықпаса – жер қасиетсіз; Жігері болмаса – ер қасиетсіз; Жылуы болмаса – түбіт қасиетсіз.

Наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Тұз; Су; Ақ тамақ (атық, құрт, айран); Ет (соғымнан қалған); Кеспе; Бидай (келіге түйген); Күріш не тары.

Жеті шелпек: Үлкендер бір нәрседен қауіп қылса, үрейленсе, болмаса жайсыз жатып, жаман түс көрсе, жеті нан, жеті шелпек айтады.

Жеті нанды қасиетті жұма, сәрсенбінің сәтіне пісіріп, жеті үйге таратады. Алушы: «Қабыл болсын», - дейді. Таратушы: Әумин! деп жауап береді. Оны таратып болған соң: «Ата-балаларға тие берсін», - деп ауыз тиіп, аруақтарға арнап, аят оқып, бата қылады. Сонда аруақтардың мұрнына нанның исі тиеді. Сосын жеті нан әрқашанда аруақ болып желеп-жебеп, бәле-жаладан қорғап жүреді, - дейді. Бұл жеті санының киелі қасиеттілігінен болса керек.

Қыз туралы өлең. Қыз дегенің - сенің анаң кешегі
Нұрлан мен Мұрат – Шашы ұзын қыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу