Адам көңілі туралы өлең. Өкпешіл боп алыппын соңғы кезде

Oinet.kz 08-09-2020 1772

Көңіл-күй.jpg

Өкпешіл боп алыппын соңғы кезде,

Таң қалмаңыз, айналсам тоңмінезге.

Жылуына бір сөздің жылынғанмен,

Суығына жүрегім тоңды лезде.

Деп жүріппін бəйгеде топ жарамын,

Тым алысқа көз тігіп, көп қарадым.

Нардың жүгін көтерер от шағымда,

Сөз көтере алмайтын боп барамын.

Неге сонша өкпешіл болдым екен,

Болғаны сол,

Жүзім де солғын екен.

Бүгін аздап ашуға ерік бердім,

Қу төзімнің кесесі толды, нетем?

Шарпыған от, жалын-ай, беу, демдегі,

Жай таппаған жаным-ай кеудемдегі.

Уайым-қайғы ішіме құрт боп түсіп,

Тайынбайды-ай жегідей жеуден мені.

Өкпелеуге қит етсе дайын тұрдым,

Түймедейді түйедей уайым қылдым.

Сөз сүйектен өтеді,

Абай болшы,

Білесің ғой көңілдің жəйын, құрбым.

Жоқ, сары жын жаман ой салды ма екен?

Құдай атқыр бір қырсық шалды ма екен?!

Неге? 

Неге?

Қабылдап бар жаманды,

Көңіліме тым жақын алдым екен?!

Өкпешіл боп алыппын бүгінде мен,

Көтералмай келеді жүгін денем.

Өлең жазып шерімді тарқатайын,

Бұлай кетсем, жарылам түбінде мен.

Санжар Ғұлама

Қос құмалақшы жайлы хикая
Заря ЖҰМАНОВА. КҮЛӘЙША, РОКФЕЛЛЕР ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу