«Ең ұлы философия – сенім мен ырымда» – Мирасбек Нұрбол

Oinet.kz 25-09-2022 1895

Мирасбек НҰРБОЛ — Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі. Өлеңдері "Қызылжар жас ақындар анталогиясы" мен өңірлік басылым беттерінде жарық көрген.

Screenshot_6.jpg

ӨЛЕҢ ЖАЗБАЙ КЕТКЕНІМ ДҰРЫС БОЛДЫ

Иә, ақылдым,

Құс ұшады қойнынан сия түнің.

Бозторғайлар ұялап үлгеріпті,

Тұмсығына, о, пәлі, ұятымның. 


...Күлкілі ағым, 

Біздің жақтың сенделген бұлты қалың. 

Көксеркенің көмейін кісінетіп,

Шауып кетіп барады, ә, жылқыларым?!


Маңдай жарық,

Қараөткелім өксиді шалғай барып. 

Бессаланың басынан созылған құс, 

Кетсе, шіркін, тезірек әнге айналып. 


PS: 

Күз...

Өлең жазбай кеткенім өкінішті.


***

Бұл мезгілдің неткен ыстық от демі, 

Сағынышты сарқып ішкем жоқ тегі. 

Күз дегенім — күртешемнің жағасы, 

Ал, қайтқан құс — қоштасудың көктемі. 


Көп айтқамыз, бақыт жәйлі, жол жәйлі, 

Құс әуені қызық-қызық толғайды.

Сіздің жақта ай дидары аман ба?

Біздің жақта ай тумаса сол қайғы.


Іңір бағып жүргенімде ілбелеп,

Түн келеді, түн дегенім бір бөлек.

Махаббатты сақтау үшін ең ұлы,

Құс керуені қайта айналып үлгеред.


Сезімдерім шарпылысқан шақта әлгі,

Кел екеуміз бір кешейік жоқ-барды.

Мен біреуді жақсы көрем — сүюді,

Мен біреуді жақсы көрем — ақтауды.


Ақталғыңыз келмейді ме?

Ал енді,

кеудемізден құс ұшырдың сан өңді.

Сен ақынды ұнатпайсың ол рас,

Жек көрмейсің өлеңді!


***

Сенің осы қаладан кеткің келеді ғой, қалғың келеді ғой Стамбулда.

Ол үшін түрлі ережелердің қажеттілігі де шамалы ұстамның да.

Сарғайған сағыныштар мен қоса уақыт кеңістігі ғана қалған құстан мұнда.


Сенің осы көшелерден, менімен бірге өткің келеді ғой, таң атқанда,

Біз белгілі бір өмір өлшемі деп алайық, сағатты онда.

Өзіміз үшін болмаса да, бір-бірін сүйтіндер мен сағынатындар үшін құрмет қылайық жаратқанға.


Сосын жүрек көзімен үңілсек ізгі өмірге, 

Тіршілік тынымсыздығы бартұғын құстардың тізбегінде.

Маған енді махаббатқа кешігуге болмайтындығы сияқты

Стамбулда, қалуға болмайды сізге мүлдем.


***

Қардай көшкін...

Көк жүзінде паналап бұлт тоналар,

Жақсы әпкелер жоқ емес, мықты ағалар.

Есентайды айналар бір құс бар-ды,

Есенғали екенін ұқпады олар.


Ернімізде лүп етер сәтті бір күн,

Таңқалдырып көрдің ғой.

Тапшы құрбым.

Түнемелі түйенің өркешіндей,

Иегінде ай туды бақсы қырдың.


Сонда талай айтылды сыры Айманның,

Құбылада құс - кеуде, Құдай бар күн.

Ауылына соға алмай Айнамкөздің

Шылбырыңның ұшында шыр айналдың.


Екіндіге құласа құрсақты күн,

...Шие Гүлдеді дейікші бір сәт бүгін.

Жүрегімді жағалап келжаттыңыз,

Қолтықтасып сол жақта жүр шаттығым.


Сөзге жолдас болса игі бошала күн,

Жақсы әпкелер жоқ емес, дос, аға - мың.

"Шие гүлдеп" төгілген жалғыз тамшы,

Жанарында үзілді тошаланың.


Көке...


***

Өртенген ойларым, 

ерте өлген бақсыдай жын ұрып.

Ғаламның көк ала сиясын сіміріп,

Аспаның астымен, құрлықтың үстімен 

шексіздік шеңберін айналып, жүгіріп,

таусылған табаннан. 

Айғай мен ұраны кереғар қоғамнан, 

Жаралған ел сынды

мына әлем.

Мен кеше Абылай "әруақ" деп шақырған ұран ем.

Кеудем де бір жүрек, бір әлем.

Санамыз сәбидей жылайтын тәрізді.

Шынында,

Ең ұлы философия - сенім мен ырымда.

Мен ҮТІР немесе НҮКТЕ де емеспін, 

Қойыла салатын кез-келген кереғар ұғымға.


Әттеген.

Расында сор да өлең, бақ та өлең,

Мен ылғи түсімде біреуді сағынам,

немесе ат көрем.

... Ол деген еркіндік.

Семсерге байлаған кешегі сертіңді ұқ.

Біз...

Алаштың ұлдарын ұмытып,

айқайлап жүргенде, 

талайды өлтірдік.

өлтірдік...


***

Мен өскен таулардың қойнында қалғаны сол ауыл, 

Ізгілік аңқитын жұлдыздар іспетті. 

Бұлт бүркеп көгілдір таулардың танауын, 

Қобыздың күйіне айналып, құс кетті. 


Таулардың әжімі сияқты, адырлар әр тарам, 

Жусандар боталап жататын дөңесте. 

Мейрімді жанарын талдырып тұратын қарт анам,

Тәңірдің сыйлаған ең ұлы, бейнесі емес пе?


Жылқылар кісінеп жататын кештерде,

Күреңім мерт болған қорым бар болатын.

Біздің үй жайлаудан тезірек көшпей ме? 

Атамның құстары:

топ түзеп барады талдырып қанатын.


Тезірек жетсе екен,

Сағыныш нотасын әр қилап.

Жанымның  жетінші жұлдызы туардай шығыстан,

КӨКСЕРКЕ әуені, көк құнан демінде,

шалқиды-ақ.


Құдірет...

Қара жер бауырын тұяқтың ұшына жаншылап,

Ақжалым, шапқылап барады кісінеп Алтайға.

Апамның аспаны тұратын, әредік тамшылап.

Күзеуде үй тігер, көне жұрт атамдай қартайған.

Уақыт...


***

Түндік айдың сүгретінен мизам шуақ сәт тарап,

Шөккен түйе кейпіндегі шөміл таулар шоқтары ақ.

Төбемізден құсни хаттар арқалаған құстар ұшып өтеді 

қанаттары - ақ парақ.


Шексіздікке шеп түзеген, тұмсығына шырпы іліп, 

Марал таудың бауырында маңырайды бір түлік.

Аспан сайдың аңғарына ай аунайды таң сәрі,

Жер шарының бұрышында жылқы демі жыртылып.


Бұзау желі шеңберінде біткен жұлдыз шық тамып,

Тасқа түскен уақыттың соңғы сәтін ұқпадық.

Жырақ кеткен құстар қайда тұрақтары белгісіз

Қарлығаштың қанатына қара бояу бітті анық. 


Таң сәрінің көлеңкесі құлын баурын тоңғызып,

Мешпет ойын мекендеген құбабелде мен бұзық.

КӨКСЕРКЕГЕ көйлек — бұлттар киілгенде өзі кеп

АҚҚУ көлден жарыса ұшып бара жатты соңғы жұп.


Сәруәр таңның құшағында кеуде тұсым сәл сыздап,

Көріністің көлемінде көз шеңберім қалды ұзап.

...Ең Ғажабы

Қарысмаңдай Қараөткелдің бойымен

Шексіздікке шырқап кетіп бара жатты жалғыз ат.

Қазақтар неге қырық санын қастерлейді?
Галстук. Пернебай Сапар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу