Есек ақырса...

Oinet.kz 12-05-2020 1098

ЕСЕК АҚЫРСА, ДӘРЕТ БҰЗЫЛА МА? Баяғ.. | KAUSAR (الکوثر) | ВКонтакте

Баяғы өткен заманда бір даукеш те, бәлеқор адам қала әкіміне мешіт имамының халықты шатастырып, адастырып жатқанын айтып, шағым түсіріпті. "Мешіт имамы қандай ісімен, нендей сөзімен халықты адастырып жатыр?"- депті имамды жақсы танитын әкім таң қалған күйде. Әлгі бәлеқор адам: "Ойбай әкім мырза, айтпаңыз, имам мешіт жамағатын жиып алып, "Есек ақырса, кісінің дәреті бұзылады" - деп ешбір кітапта жоқ Құранға қайшы фәтуа берді. Сенбесеңіз сол жердегі жамағаттан сұраңыз" - депті саспастан. Әкім мәселенің анық-қанығын білу үшін әлгі мешіт имамын құзырына шақыртып алып: "Мына адам сені халықты шатастырып жүр, "Есек ақырса кісінің дәреті бұзылады" - деп фәтуа берді дейді. Осы айтқаның рас па?" - дейді. Имам: Олай дегенім рас, әрі ол дұрыс фәтуа! Бірақ мына кісі мешіттегі дәрісіме кешігіп келді. Сосын сөзімді аяғына дейін тыңдамай ерте кетіп қалды. Сөзімнің басын да, аяғын да толық тыңдамай тек ортасын ғана шалыс естігендіктен қателесіп отыр. Мен дәретке қатысты бір мәселені халыққа түсіндірген едім. Мәселенің бас-аяғы былай: "Бір кісі есегіне дәрет алатын суын артып,шөл далаға сапарға шықса, сосын жол ортасында әлгі есегі дәрет суымен бірге қашып кеткен жағдайда, су болмағандықтан намазын тәйаммүм алып оқиды. Егер намазға тұрған кезде, есегінің ақырғанын естісе, онда әлгі кісінің дәреті бұзылады. Өйткені есегінің ақырғаны, қайтып айналып келгендігінің белгісі. Ендеше, су табылғанда, тәйаммүммен алынған дәрет жарамсыз" - деген едім. Мына адам жамағат ортасында үнемі осылай бәле іздеп жүреді. Менің сөзімнің ортасын ғана қиып алып, сізге қисық жеткізіп отыр" - дейді. Имам сөзінің дұрыс екеніне көзі жеткен әкім әлгі бәлеқор адамның өзіне жаза қолданыпты.

Қазіргі қоғамда да осындай шалағай бәлеқорлар жеткілікті.

Қайрат Жолдыбаев (Facebook)

Актер Сағи Әшімовтің қайтыс боларынан бір апта бұрын берген соңғы сұхбатынан
Мысырлық шипагер қолданған шипа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу