Қолға су құю кімнен қалған?

Oinet.kz 14-07-2020 1407

Қазақ халқында үйге қонақ келгенде  жас баланың қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, қонақтардың қолына су құйғызатын дәстүр бар. Аңыз бойынша бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі.

Дәуіт пайғамбар 30 ұлынан айрылған соң қайғыдан қан жұтады. Құдай оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл періште уахи әкеледі.

- Әй, Дәуіт!  Тәңірі саған 1 ұл нәсіп етеді. Бірақ шарты сол — ол баланың қызығын 9 жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба? – дейді.

Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да, ризамын», - деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды.

Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдына қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып алғысын алады. Оның қызметіне риза болған қонақтар: "Ғұмыр жасың ұзақ болсын! Құдайдың сүйікті құлы бол...- деп, 99 түрлі тілек айтып, бата береді екен.

Арада 15 жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ой да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді.

Бір күні Дәуіт Тәңірісіне:

— Уа, Жаббар Ием, маған ұлыңның қызығын 9 жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет? – деп сұрайды. Ұлық Алла:

Рас айтасың, Сүлейменнің пешенесіне 9 жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың  қонаққа қызмет етуден  шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің  99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын береді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық.  Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғзижа  берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс,  он сегіз мың ғаламға патша қыламын, - деді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмапты деседі.

Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасына таралыпты.  Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкен кісілердің батасын ал»,  -  деп су құйғызады. «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» деген тәмсіл сөз Сүлейменнен қалған екен.

КҮЙЕ (мысал)
Қожа Ахмет Йассауи туралы аңыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу