«Қазақ жалқау» сөзінің авторы – Голощекин

Oinet.kz 03-10-2020 803

Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен аштықтан зардап шеккендерді қосарлап бір  күн ғана еске алып (31 мамырда), 364 күн ұмыт қалдыратын - қаперсіз ұлтпыз. Мемлекеттік деңгейде аштық пен саяси-қуғын сүргіннің авторлары неге аталмайды? Осы зобалаңдар үшін неге Ресейден КСРО-ның заңды мұрагері ретінде өтемақы талап етпейміз?

Ф.И.Голощекиннің миллион халықты қырғынға ұшыратуы кешірілмейтін жауыздық. Сол Голощекин деген кім?

image.png

Академик Манаш Қозыбаев:

Филипп Голощекиннің шын аты – Шая Ицкович болған. Ол алты кластық гимназия курсын сосын (1901-1903 ж.) тіс дәрігері мектебін бітірген.

Қазақ өлкесін басқаруға келгенге дейін ол тек орындаушылық қызметтер атқарған. Яғни, шаш ал десе, бас алудың нағыз шебері.

Қазақстандағы совет өкіметінің 10 жылдық тарихын екі ауыз сөзбен мансұқ еткен Голощекин енді ауылда “Кіші Октябрь” өткізу керек деп даурықты. Оның тоңмойын, өркөкіректігі өзімшілдік ауруына айналып, асқынған сәтте, республиканың саяси және шаруашылық салаларын басқарып отырған көзі ашық азаматтар наразылық білдіре бастаған. Бірақ, ол қолындағы орасан зор билікті пайдаланып, оларды қуғын-сүргінге ұшыратты.

Және Сталиннің қасаң қағидаларына қалтқысыз қызет етіп, социализм ісіне “шексіз адалдық танытқан” функционер өзінің де өзгенің де қу жанын қуырдақ етіп, аз уақытта халықты қасірет теңізіне батырып үлгерді. Сөйтіп, белгілі революционер – функционердің қолы жазықсыз елдің қып-қызыл қанына малшынды. Ол ешуақытта кешірілмейтін ауыр күнәға батты.

Голощекин және оның жандайшаптары қазақ даласындағы сұмдық апат туралы: "Бұл халықтың қырылғанына біз емес, өздері кінәлі. Еңбектенгісі келмейтін жалқаулығынан қырылып жатыр" деп жазады. Осылайша, "қазақ жалқау" деген пропагандалық сөз арқылы өздерінің адам төзгісіз айуандықтарын ақтап алмақ болған.

Ол туралы академик Манаш  ағамыз:

Голощекин аштан өлмеудің қамын ойлап тентіреген қазақтардың жағдайына бәлендей бас ауыртқан жоқ. “Бұрын өз ауылынан алысқа ұзап көрмеген, өзінің көшіп қонған жерлерімен ғана таныс қазақ ендігі жерде Қазақстан көлемінде бір ауданнан екінші ауданға қиналыссыз қоныс аударып жатыр: орыстар мен украиндар тұратын колхоздарға қосылып, Волга бойына, Сібірге қоныс аударуда” деп лепіреді.

Бірақ ол өзі республиканы басқарған 8 жыл ішінде бір рет те қазақ ауылында болып көрмепті, - деп жазады.

Бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде ұлтқа қиянат жасаған осындай сатқындарды әшкерелеп, олардың тарихтағы қылмыстарын айтып, жазуға тиіспіз. Сонымен, Голщекиннің сол кездегі қателіктері қоғамның әр саласына тек қана кедергісін келтірді. Манаш Қозыбаев ол жүйенің сталиндік қылмыстың  жалғасы болғанын айтады:

Голощекиншілдік – сталинизмнің Қазақстан топырағындағы заңды перзенті.

Экономика саласында  бұл саясат аштыққа, мал басын он есе азайтып жіберуге, халық шарушалығының көптеген салаларындағы дағдарысқа әкеп соқты.

Идеология саласында – республиканың өз ішінде жағдай шиеленісіп кетті. басқарудың әкімшілдік-әміршілдік әдістеріне кеңінен жол ашылды.

Мәдени революцияның тынысы тарылды. Әдебиет пен өнер қайраткерлері қуғынға ұшырады.

Саясат саласында аймақтық көсемшілдік халық санасына күшпен енгізілді.

Бірақ, ол  өзінің бағытыныа сын айтушылардың бәрін тек қатерлі дұшпан, қауіпті жау санаған.

Сонымен, Голощекиншілдіктің мәңгі-бақи кешірілмес күнәсі – ол қазақ халқына жүргізген геноцид саясаты.

Осыдан-ақ, өз тарихымызға деген енжарлықты аңғару қиын емес. Мәселен, “31 – мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бан­дарын еске алу күні” дейміз. Ал, шын мәнінде, саяси-қуғын сүргін мен ашаршылықтың айырмашылығы бар ғой. Ендеше, неге екеуін екі күнге бөліп, дұрыс насихаттамасқа?

Мысалы, Украина 1932-1933 жылдары болған ашаршылықты геноцид деп таныды. Ал, біз аузымызға геноцид деген сөзді алатын болсақ, әлі тіземіз дірілдейді. Неге? Тіпті, осы тақырыпқа келгенде билік күмілжи қалады. Мыңғыртып мал айдаған көшпенді қазақтың аз жылда апай-топайы шығарып, халықты бұрын сонды болмаған сұмдық апатқа ұшыратқан КСРО-ның заңды мұрагері Ресей мен Сталин, Голощекиндерді мемлекеттік деңгейде айыптап, қуғын-сүргінде жүріп опат болған  миллиондардың рухын қашан тыныштандырар екенбіз?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Ілияс Жансүгіровтің көзілдірігі табылды (фото)
Ресейлік әсіреұлтшыл тарихшылар дәлелдей алмаған фактілер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу