Атылып өлген қазақ жігіті

Oinet.kz 04-10-2020 693

Орта дәрежелі Омбы ауылшаруашылық училищесінің ұстаздары мен шәкірттері. Омбы, 1914-1918 жж. Суретте Б.Айбасұлы, М.Саматұлы, Қ.Кемеңгерұлы анықталды. Б.Айбасұлының баласы Еркін Айбасовтың жеке архивінен алынды. 

«3 ноябрде Омбы қаласында бірге оқып жүрген жолдасымыз Орта дәрежелі сельско-хозяйственная школа шәкірті Сайман Бижанұлы өзін-өзі атып өлтірді. Қалтасында қалдырған қағазда: “Менің жазығым жоқ, өліп барамын Митстің қаралағанынан, бірінші жуликсің, Елизаровтың кесірінен һәм инспектор Преображенский дәлелсіз іс қылғандығынан”, - депті. Бұл қағаз судья следовательдің қолында, іс тіркейді. Жолдасымыздың атылуы туралы қазір қысқаша айтарымыз мынау: бірге оқып жүрген жолдасы Митс деген орыс баласының 100 сом ақшасы жоғалып, Сайманнан көреді. Мұны инспектор Преображенский естіп, дереу есіктерді жауып жіберіп Сайманды тінтеді, еш нәрсе таба алмайды. Сөйтсе де директорға айтып, пансионнан шығартады. Жуырда тағы қысып, сенен басқа ешкім алған жоқ деп, жанына тиетін сөздер айтып, пансионнан қуып жібереді. Сайман бейшара намысқа шыдай алмай, біреудің мылтығын алып, атып өлгені осы.

Алаштың қай азаматын жерге қиғандаймыз, сонда да неше жыл бейнет көріп оқып, көздеген мақсатына жетуге бір-ақ жыл қалды дегенде, жолдасымыздың уақытсыз арамыздан жоқ болуы жүрегімізге жара салды. Бірақ амал жоқ, тағдырға кім қарсы тұрады! Мейірімді Құдай, жолдасымыздың топырағын жеңіл қыл! Қалған жақындарына өмір бер!

Марқұмның жолдастары: М.Саматов, А.Шорманов, Ж.Бабатаев, С.Қазбеков, Р.Толыспаев, С.Сәдуақасов, Қ.Кемеңгеров».

 («Қазақ» газеті, 1916 жыл, № 205)

Омбы облысының тарихи архивінде Орта дәрежелі Омбы ауылшаруашылық училищесінің құжаттары, онда оқыған шәкірттер жайында деректер ұқыпты сақталған. 1916 оқу жылында училищенің бес сыныбында 355 шәкірт оқыған. Біздің есебіміз бойынша, олардың 10 қазақ баласы болған. 

Сонымен, 1916 жылы, қарашаның 3 күні, яғни бүгінгі күннен тура 100 жыл бұрын Омбыда оқыған қазақ шәкірттері үшін қайғылы оқиға орын алды. Училищенің бесінші сыныбында оқитын Сүлейімбек есімді жігіт өзін-өзі атып өлтірді. Осы оқиға жайында марқұмның жолдастары «Қазақ» газетінде мұнақып жариялады. Газетте Сүлейімбектің аты Сайман деп берілуінің себебін біз былай түсінеміз. Сол уақытта қазақ жастары Сәдуақасты – Сәкен, Бірмұхамбетті – Біркей, Дінмұхаметті ­– Дінше, Қошмұхаметті – Қошке демекші, Сүлейімбекті – Сайман деп атаған болса керек. Архив деректерінде Сайман деген адам жоқ. Онда тек Бижанұлы Сүлейімбек деген шәкірттің аты көрсетіледі.

Сүлеймбек Бижанұлы училищенің ауылшаруашылық бөліміне 1912 жылы 1 қыркүйекте түседі. Қабылдау емтихандарына жіберілген 97 адамның ішіндегі жалғыз қазақ Бижанұлы тізімде бесінші көрсетілген (Омбы облысының тарихи архиві, 65-қор, 1-тізім, 27-і. 8 б.). Сүлейімбек қабылдау емтихандарында орыс тілінен – 3, есептен – 3, Құдай заңынан – 4, географиядан – 4 алып, орта бағасы 14 болып, оқуға қабылданады. Осы жылы училищенің мәдени-техникалық бөліміне қазақ түспейді. Яғни, аталмыш оқу орнына бірінші қабылданған және бір жыл жалғыз оқыған, кейін келген қазақтарға жол салып, аға болған азамат – осы Бижанұлы Сайман еді. Көрсетілген құжаттың 30, 39 беттеріндегі мәліметтен Бижанұлы 1892 жылы Семей облысы Қарқаралы уезінде туғаны, училищеге дейін үш кластық Ветеринарлық-фельдшерлік мектебінде оқығаны, Семей облысының стипендиянты екені жайында хабар бар. Сарғайған қағаздарда «происхождение – киргиз, вероисповедание – магометанец», - деген жазу  бірнеше рет жазылған.

Сүлейімбек Бижанұлы опат болғаны жайында қазанама жарық көрген «Қазақ» газетінің сол санында Міржақып Дулатұлының «Намыс құрбанына (марқұм Сүлейімбек Бижанұлына бағыштадым)» деген атпен өлеңі жарияланады:

Сен жоғыңда бұ жалғанда,

«Жалған олқы» дейді кім?

Сен келгенде арамызға,

Қанша орасан толды кім?

Қайтып едің қалыбыңа,

Бар ма нәрсе өзгерген?

Сен бір сыншы көрейін деп,

Сұм жалғанға кез келген.

Бар жолдасың бойыңдағы,

Ар-иманың, намысың,

He қылайын деп едің сен,

Бұ жалғанның табысын!

Намысыңа тиіп еді,

Қылдың құрбан мал-жанды,

Ата-анаңды, аға-інің мен

Елі-жұртың жалғанды.

Мен де жаңа білдім енді:

Бір жігіттің сымбатын.

Білдіруге келгеніңді

Ар намыстың қымбатын.

Кейін Міржақыптың өлеңі жайында Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезұлы «Абайдан соңғы ақындар» атты ғылыми-танымдық мақалада құнды дерек келтіреді: «Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзінің ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі – Міржақып. Кенеттен келген оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады. Мысалы: «Сүлейімбек Бижановтың, Қазы Нұрмахаммедовтың өлімдеріне шығарылған «Жұт», «Қайда едің?» деген өлеңдері сияқты» (Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 5-т. Алматы: Ғылым, 1999. 129 б.).

Училищенің соңғы сыныбында оқып жатқан Сүлейімбек өзін-өзі неге атып өлтірді екен? Тағдырын қыршын қиған қазақ баласы қатал шешімге қалай барды? Шынында намыс үшін бе? Өзін құрбан ететін ол не қылған намыс? Әлде өмірлік мақсаты – оқудан шығарып тастаған соң, тіршіліктің мазмұны қалмады ма екен оған? Қалай болғанда да, алыстағы Қарқаралыдан Омбыға оқу іздеп келіп, сол қалада мәңгілік орын тапқан алаш азаматының қаза болғаны оның жан жолдастарын қатты күйзелткені анық.

Санаулы ғана оқыған азаматы болған сол заманда Сүлейімбек сынды сауатты жігіттің қазасы бар алашқа жария етілді. Ел болсақ, өзге ұлтпен тең болсақ деп аңсаған алаш жұртын бұл қайғылы қаза да ойға батырды. Сүлеймбек қазасы – жеке адам тағдырының қиылғаны ғана емес, ол – отарланған қазақ халқының аянышты халі, дәрменсіз күйі болатын. Сонымен қатар мұндай мысалдар алаш дәуірінде қазақ ұлтын ұйыстыра түсіп, келешегі үшін жанкешті күреске жұмылдырғандығы да аян еді.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР, филология ғылымдарының кандидаты

Қонаевтың жүрегін ауыртқан өкініші
Кейкі Батырдың бассүйегі (фото)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу