Әйтеке бидің жолы кіші болғанымен жасы үлкен

Oinet.kz 18-03-2019 2179

Screenshot_15.jpg

        Әйгілі Әйтеке бидің дүниеден өткеніне үш жүз жылдан асса да оның қай жерде туып, қай жерге жерленгені белгісіз. Газет-журнал беттерінде Әйтеке туралы көптеген материалдар жарияланғанымен, бабаның қай жылы қайтыс болғаны бірде-бір тарихи құжаттармен дәлелденбеген. Шешеннің кейбір әлеуметтік қызметі мен шешендік сөздері болмаса, қайда туып, қайда өскені, қашан, қалай өлгені, қысқасы өмір тарихы осы уақытқа дейін белгісіз десек, қателеспейміз.

Әйтеке – үш орданың басын қосып, қазақ хандығын нығайтқан, кейін қалмақ-жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақтың ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушы және көрші Ресей мен Қазақ елі арасында алғашқы мәмілегерлік-достық қарым-қатынасты қалыптастыруға атсалысқан ұлы билердің бірі. Өзінің тапқырлық шешімдерімен қазақтың ақындық-шешендік өнерінің дамуына үлес қосқан белгілі шешен, әлеуметтік қайраткер.

Егер біз бүгінгі күнге дейін ғылымда, әдебиетте қалыптасқан пікір бойынша Әйтекенің туған жылы 1644 десек, биыл оның 367 жылдығы аталып өтілуі керек. Тарихи әдебиетте, оқулықтарда осы мәселе төңірегінде бірізділік жоқ. Бұл дерекке және есепке негізделмеген қате пікір. Бүкіл қазақтың атақты адамдарының өмірінен біршама мәлімет беретін Қазақстан ұлттық энциклопедиясы да бұл туралы жарытып ештеңе айтпайды.

«Әйтеке Байбекұлы (23.03.1644, Өзбекстан, Қазбибі тауы, Қызылша мекені – 1700, Өзбекстан, Нұрата ауданы, Сейітқұл қорымы) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Ол Самарқандтағы «Ұлықбек», «Тіллә-қари», «Шердор» медреселерін тәмамдаған. Әйтеке дін, құқық, аспан әлемі, жағырапия, тарих, математика пәндерін жетік меңгеріп, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерінде сөйлеген. Медіресені бітірісімен туған ауылына оралып, әкесі Байбекпен, ұстазы Қосуақпен бірге ел басқару ісіне араласады. Жиырма бес жасында барша Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлаған. 1680 жылы Тәуке хан таққа отырған кезде «Хан кеңесі» құрамына енген».

Ұлттық энциклопедияда осындай дәлел-дәйексіз мәліметтер орын алып жатса кімге өкпелерсің? Бүгінгі күнге дейін Әйтеке бабамыздың қай жылы дүниеге келгенін анықтай алмай отырғанда бұл еңбекте туған күн, айына дейін шегелеп көрсетіпті. Бұл ғылымға, баба аруағына деген қиянат. Сондықтан бұндай әділетсіздіктерге тосқауыл жасайтын кез келді.

«...Бір ғасырда, бір кезеңде, бір мақсат жолында тізе ажыратпай бірге күрескен үш сабаздың тағдыры үш қилы болғанға ұқсайды. Біреуі асарын асап, жасарын жасап, ағайын ортасында, сонау пейіштей әсем Баянауыл аймағында дүние салып, әуелі аманат ретінде сол араға қойылып, артынан Түркістандағы Әзірет Сұлтанның киелі қорымына әкеліп жерленеді.

Біреуі төбе би болып қана қоймай, өле-өлгенше бір ұлыстың төре билеушісі бола жүріп, қастандыққа ұшырап, шәйіт кетеді де, исі түркі байтағы Шаш шаһарының қақ ортасынан топырақ бұйырып, үлкен-кіші бірдей тәуап етер әулие атанады.

Ал үшіншісі... Туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз». Бұл мемлекет қайраткері, атақты жазушы, кезінде бабаларға қатысты Мәскеу архивтерінен көптеген құжаттарға қол жеткізген Әбіш Кекілбайұлы ағамыздың жазбасы. Дерексіз сөйлемейтін ағамыз осылай дегенде басқаларға не жорық? Екінші бір мәліметтерде Әйтеке би 1682 жылы туған деп келеді. Егер «Жеті жарғы» Т.И.Султанов сыңай танытатындай ХVІІ ғасырдың 70-жылдарында пайда болса, онда 1663 жылы дүниеге келген Төле би де, 1667 жылы туған Қазыбек би де, 1682 жылы туған Әйтеке би де әлі тым жас болады емес пе?

2005 жылы 13 тамызда «Хабар» телеарнасының жаңалықтар бағдарламасынан Әйтеке би жөнінде ақпар берілді. Онда Өзбекстанның Нұрата деген жерінде археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп, үлкен олжаға кенеліпті. Олардың анықтауы бойынша қазба нәтижесінде шыққан адам сүйегі Әйтеке бидікі екен. Би сүйегі екендігін анықтайтын белгі жоқ, не бір оны нақтылайтын тарихи құжат жоқ. Белгілісі «бабаны дәріптеушілер» мақсатты істерін жүзеге асырғаны.

1992 жылы «Иман» газетінде еліміздің айтулы азаматтары, атақты ғалымдары Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбдуәли Қайдаров, Манаш Қозыбаев (марқұм), Рабиға Сыздықова, Шота Уәлиханов, Ақселеу Сейдімбеков (марқұм), Құлжабай Қасымов, Нұрғиса Тілендиев (марқұм), Нұрбақыт Қойшыбеков сынды мырзалардың Ашық хаты жарияланады. Осы хаттан арнайы үзіндіні сөзбе-сөз беріп отырмын. Назар аударыңыз, әлеумет.

«...Яссауи кесенесі өзінің ғажайып сәулетімен жұмыр жер үстіндегі айтулы құрылыстардың бірінен саналып келеді. Бұл кесененің  халқымыз үшін киелі орын болатын тағы бір себебі – еліміздің небір аяулы ұлдары жерленген  топырағынан тұмар тағып, тасына бас қоятын аруақты орын. Шығай хан, Ондан Сұлтан, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай сынды айтулы хандарымыз, Қазыбек, Әйтекедей от ауыз, орақ тілді билеріміз, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тарақты Байғозы, Тобықты Мамай, Қаракесек Нияз сияқты елдің тірі қорғаны болған батырымыз осы кесенеге  қастерлеп қойылған».

«Ташкентте «Жаңа жолға» жақын жерде Ортауыл станциясы бар. Осы маңайда Әйтеке би қайтыс болған деген әңгіме бар. Оны кезінде Түркістанға апарсақ деген ниет болған екен. Бірақ, айналаның бәрі жоңғарлар болғандықтан келесі жылы көктемде ел тынышталса апарамыз деп апара алмаған. Сонда қалып қойған. Бұны бұрын қариялардан есітіп, бір басылымнан оқығанмын» - дейді профессор, фольклортанушы ғалым Қыдырәлі Саттаров.

Біреулер би Шу, Сарысу жағасында қалған деседі. Ташкент облысының Шыназ ауданындағы Зеңгі ата қойнауына таяу Мыңтөбе ауылындағы қорымда жатыр деген де сөз бар? Қолыңда құжат, жанама дерек болса қанеки? Сондықтан Әйтеке сияқты көрнекті тұлғалардың бәрі ғылымға, тарихқа қатысты терең зерттелгені жөн.

Әйтеке бабамыз қай жылдардың шамасында өмірден озды екен. Оны да саралап  көрейік. Джон Кэстльдің 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапарындағы жазбаларында көптеген би-батырлардың атын атайды. Жандәулет, Құрманбай, Ақмолай, Мәмбет, Алтай, Лепес, Баймұратбай, Жәнібек батыр, Төлек, Бөкенбай, Өтеген батыр, Асан батыр, Бейсаубай би, т.б. Бірақ, онда Әйтеке аты кездеспейді.

Бұхар жырау Тәуке ханнан бастап, онан кейінгі қазақ хандары: Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Әбілқайыр, Барақ, Абылайды көргені, Төле би, Қазыбекке тоқталғаны жыр жолдарында айшықты суреттеледі. Өкініштісі, мұнда да Әйтекенің аты аталмайды.

Этнограф ғалым, халқымыздың мұраларын жинақтаушы Әбубәкір Диваев қаншама мол мұралар қалдырды. Мен көптеген материалдарды Ташкент архивінен қарап шықтым. Бірақ, онда да Әйтекеге байланысты ешқандай мәлімет жоқ.

Жалғыз ғана дерек Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанындағы «Өткен жылы Әйтеке өткен еді» - деген сөзі. Бірақ, нақты қай жылы. Анықтай түсу үшін ақиқи зерттеулер керек. Мәскеу, Орынбор, Омбы, Ташкент, Бішкек архивтерінде терең ізденістер жасалса, Әйтекеге байланысты соны деректер шығуы бек мүмкін. Атақты тұлғаның аты қалай болғанда да құжаттарда хатталады. Оған мен кәміл сенемін.

Әйтеке бабамыздың өмірін әзір қолда бар материалдар негізінде саралай келіп, мынадай тұжырымға келіп отырмын.

ХVІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан кейінгі құжаттар мен фольклорлық-әдеби мұраларда Әйтеке атының кездеспеуі (әрине, әзіргі қолда бар материалдарға сүйенсек) оның бұл кезеңде бақилық болып кеткенінен хабар берсе керек. Яғни Қожаберген жырлағандай 56 жасында, «Ақтабан-шұбырындының» алдында, 1721 жылы мына жарық дүниеден мәңгілік дүниеге сапар шеккен. Бұл қалай болғанда да шындыққа жанасымды деп ойлаймын.

Сонда Әйтеке би 1665 жылы туылып, 1721 жылы қайтыс болған болып шығады. Бұны Төле бидің толғауы да растайды.

Осы жыр мәтініне назар аударар болса, Төле би бабаның Әйтеке мен Қазыбектен жас екендігі көрінеді. Яғни Әйтекенің жасы үлкен, жолы кіші болуы әбден мүмкін.          

Мұхитхан Миразов

2012 жылы елді не күтіп тұр?
Отандық бизнес бәсекеге қабілетті ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу