Ерлан Нұрмаханов: «Тұрғындардың талап-тілегіне қоса тұтынушылық құқығы да ұмыт қалмауы қажет»

Oinet.kz 18-03-2019 1082

Ерлан Нұрмаханов, «ЕRNUR» корпорациясы» ЖШС президенті, №10 сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаттығына үміткер:

«Тұрғындардың талап-тілегіне қоса тұтынушылық құқығы да ұмыт қалмауы қажет»

- Мәслихат депутаты міндетін 5 жылдай уақыт атқардыңыз. Осы кезеңде қандай мәселе көтердіңіз? Солардың нәтижесі болды ма?

-  Мәслихатқа Шымкенттегі №10 сайлау округінен түстім. Бұл - өзімнің 1979 жылдан бергі тұрғылықты жерім. Осындағы мектепті бітірдім. «Теріскей», «Сайрам», 18-мөлтекауданның жаңадан салынып, бой көтергенін көріп өстім. Бірақ, Кеңес Одағы тараған соң дағдарысқа ұшырап, қаржы тапшылығына тап болдық. Бір кездері жайнап тұрған мөлтекаудандардың әлеуметтік жағдайы  нашарлай бастады. Ойдым-ойдым жолдар, жарық пен газ жоқ. Қылмыс көбейіп,  тәртіпсіздіктер белең алды. Көзбен көріп, көкейді мазалаған бұл жайттар  осы аумақтың тұрғыны ретінде мәслихат сайлауына түсіп, қолымнан келгенше тұрғындардың жағдайын жақсартуға, қаланың гүлденуіне атсалысуға бел будым. Сол кезде маған сенім білдірген сайлаушыларыма  алғысымды айтқым келеді. Депутат ретінде бірқатар мәселелерді көтердім, көптен бері шешімін таппай келген  күрделі проблемалардың  түйінін тарқатуға атсалыстым. Мысалы, Пазиков  көшесіне  қоғамдық көлік  мүлдем бармайтын. Себебін сұрасақ, шұрық-тесік жолдармен автобус иелері жүргісі келмейді екен. Соның салдарынан адамдардың жұмысқа, балалардың мектепке баруы қиындай түскен. Осы мәселені көтеріп, бюджеттен қаржы бөлдірдік. Қазір онда асфальт төселген, автобустар қатынайды. Мұндай бірнеше көше ретке келтірілді.  Соңғы 5 жылда облыс орталығында көп өзгерістер болды, қала гүлденіп келе жатыр. Бірақ әлі де болса шешілмеген мәселелер көп.  Депутат ретінде осы проблемалардың оңтайлы шешілуіне атсалысамын деген ойдамын.

- Негізгі мәселелер ретінде нені айтар едіңіз?

- Монополистер жылда тарифтерді көтеруге мүдделі екені белгілі. Бірақ, олардың көрсететін қызметі сол қымбат тарифке сай ма? Баға саясатын реттеумен қатар осы мәселеге де назар аудару керек. Әсіресе, жылу  мәселесі жыл сайын мазалайтын болды. Наурыз айында кезекті жылыту маусымына дайындыққа кіріскені жайлы рапорт жасалғанымен,  жылу сонау қараша-желтоқсан айларында бір-ақ беріледі. Онда да сапасы мардымсыз, пәтерлер жылымайды. Есесіне монополистер төлемақыны толық көлемде санап алады. Сондықтан, сайлауалды бағдарламамда осы тақырыпқа айрықша көңіл бөлдім. Сайлаушыларымның, тұрғындардың  әр алуан өтініштеріне, талап-тілегіне  қарай көмектесумен шектелмей тұтынушылық құқығын да  қорғасам деймін.

Депутат ретінде бұған дейін осы салаға қатысты бірқатар ұсыныстарды айттым. Мәселен, «Шығыс» және 13-мөлтекаудандарына сорғы станцияларын орнату керек.  Бұл ең шеткі аудандар болып табылатындықтан, жылу үйлерге дұрыстап бармайды. Сорғы станциясы бұл мәселені біржола шешуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, келесі жылы осы аумақтағы  жылу жүйесін  жөндеуге 200 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінбек.  Қаржы бөлу өз алдына, бюджеттің ақшасын тиімді түрде игерілуін қадағалау ісі аса маңызға ие. Тағы бір ойланатын жайт - мөлтекаудандардағы ең жаңа тұрғын үйлер 20 жыл бұрын салынған. 40-50 жылдық тарихы бар ғимараттар аз емес. Олардың пайдалану мерзімі аяқталуға жақын. Болашақта ол үйлердің тағдыры қандай болады деген ой мазалайды. Сондықтан, ең тиімді тәсіл - осы ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу болар.

Әлбетте, депутат болсақ та, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін көбейту   құзырымыз жүрмейтін, құрығымыз жетпейтін мәселе. Бірақ, қолымыздан келетіні – жәрдемге мұқтаж азаматтарды анықтап, соларға жергілікті бюджет арқылы  мейлінше көмек көрсетуге тырыстық. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс жүргізуді көздеймін. Басты мәселелердің бірі – бала тәрбиесі. Мектеп оқушыларын түрлі түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына, өнерге көбірек тарту керек. Бұл  жасөспірімдердің арасындағы қылмыс деңгейін төмендетудегі нақты қадам болмақ.

- Депутат ретінде тек өз сайлау округіңізден мәселесін шешуге атсалысумен шектелмей елдің, осы облыстың патриот азаматы ретінде өңіріміздегі өзге аудан, қалаларға қатысты қандай мәселелер көтердіңіз?

-  Мен жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне арналған комиссияның мүшесі болдым. Онда аудан, қалалардың бас жоспарларын қарадық. Бас жоспарда ең әуелі қарапайым халықтың мүддесі, өмір сүруге ыңғайлылығы ойластырылуы тиіс. Осы талап үдесінен алғанда Арыс, Түркістан, Кентау қалаларының бас жоспарларын жан-жақты талқылап, ұсыныстарымызды енгіздік.  Әйткенмен, ең үлкен дау Шымкент қаласының бас жоспарына қатысты туындағанын атап өткенім жөн. 90-шы жылдарда  аумағы 26 мың гектар жерді құраған облыс орталығының көлемі қазір 86 мың гектарға дейін ұлғайды. Шымқаланың болашақ келбеті қандай болатыны, әкімшілік орталығын орналастыруға байланысты пікірталас әлі жалғасып жатыр. Осы мәселені оңтайлы түрде шешіп, ең тиімді нұсқасын таңдау қажет.

- Осыған қатысты жеке пікіріңіз қандай?

- Меніңше, қаланың әкімшілік орталығы  «Тұран» мөлтекауданының қарсы бетінде орналасқаны жөн. Ондағы жер тегіс, коммуникациялық мәселелер шешілген, су, канализациясы бар. Газды тарту қиын емес, электр энергиясы мәселесін де шешу оңай. Әкімшілік орталықты сырт жаққа  көшіру, меніңше, дұрыс. Себебі Шымкенттің орталығындағы көшелер тар, әсіресе азаңғы және  кешкі сағаттарда көлік тығындары пайда болады. Өзге облыстан келгендер кейде   Шымкентті «үлкен Шанхай» деп те атайды.  Өйткені көлемі тым үлкен, айналасын кілең жер үйлер қаптаған. Сондықтан, қаланың келбетін өзгертуге барынша күш салу керек.

- Шымкентте жоғалып кеткен «ұлы жобалар» аз емес қой. Солардың бірі, орталық алаңда  «Шымкент плаза» атты бизнес кешенін салу жоспары. Кезінде осы жоба бүкіл республикаға жарнамаланған болатын. Қазір ол жерде қазылып тасталған шұңқырдан басқа ештеңе жоқ. Осының тағдырын мәслихат депутаттары сұрап білді ме?

- Дәл осы жобаның мәселесін мәслихатта мен көтердім. «Шымкент плаза» - Өмірзақ Шөкеевтің облыс әкімі болған кезінде туындаған идея. Өте керемет жоба. Алматылық «ТС Инженеринг» атты компания өз қаржысына салуға ниеттенген болатын. Бірақ қаржы дағдарысына байланысты тоқтап қалды. Оған депутаттар түсіністікпен қарап, қазбалаған  жоқ. Былтыр осы мәселе қайта көтеріліп,  бізге жобаның өзгертілген, қарапайымдау түрі ұсынылды. Бұрынғыдай мега жоба емес. Оны біз мақұлдамадық, себебі Шымкентке үлкен, көпшіліктің назарын аударатын кешен керек. Инвесторлар одан басқа жобаны әкелеміз деп уәде беріп кеткен, бірақ әлі хабар жоқ.

- Мәслихаттың кейінгі шақырылымын 90-жылдардағы депутаттық құраммен салыстыратындар аз емес. «Бұрынғы халық қалаулылары маңызды мәселелерде табандылық танытушы еді, қазіргі депутаттар момындау келеді» деген де пікір бар. Бұған не дейсіз?

- Белгілі деңгейде бұл рас. Бірінші шақырылымдағы мәслихатты бізбен жиі салыстырады. Себебін түсіндіре кетейін. Келесі жылғы облыс бюджеті 305 миллиард теңгені құрайды, бір ғана Шымкент қаласының бюджеті 60 миллиард теңгеден асып отыр. Ал 90-жылдардағы облыстық бюджеттің көлемі 20 миллиард теңгеге әрең жететін. Әрине, аз мөлшердегі қаржыны бүкіл облысқа жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан, депутаттар сайлаушыларына берген уәдесінде тұруы үшін табандылық танытып, көп дауласатын. Қазір, шүкір, сайлаушылардың мұқтаждары шешімін тауып жатыр. Қазір үш жылдық бюджетке көштік. Егер қандай-да мәселені жүйелі түрде шешу керек болса оны 2013-2014 жылдарға қарастыруға мүмкіндік бар. Олай болса, айқайласқаннан не пайда? Дегенмен, қазіргі мәслихат депутаттары да әрқашан өзінің позициясын қорғай біледі, маңызды мәселелерде жеке ұстанымын қорғап, табандылық таныта алады. Жалпы, мәслихаттың жұмысы жайлы көпшілік ақпарат құралдары арқылы біледі. Журналистердің арасында тұрақты комиссиялардың отырысына қатысып, қызу мәселелер талқылануына куә болатындар аз. Тілшілердің көпшілігі  негізінен сессия жұмысына қатысады. Күн тәртібіндегі мәселелерді дауысқа саларда депутаттар кейде айналдырған жарты сағаттың ішінде 15-20 мәселе қаралып тастағаны баспасөзде айтылады. Әлбетте, осыдан келіп халық «мәслихаттың мінезі жоқ, депутаттар өз ісіне жауапкершілікпен қарамайды, қол көтеруден басқа ештеңе атқармайды» деген пікірде қалады. Бұл олай емес. Нағыз талас-тартыс сессияда емес, комиссия отырыстарында болады.  Сессиядан бұрын көтерілген мәселелер осы жиындарда егжей-тегжейлі талқыланады. Қорытынды шешімге келген соң сессияда тек дауысқа салынады.

- Өзіңіз басқаратын «Ернұр» корпорациясы еліміздегі танымал кәсіпорындардың біріне айнала білді. Бұл жетістіктің сыры неде?  

-  Газет тарату ісімен 17 жыл бұрын шұғылдана бастадым. Бұл бизнеске келуіме газет оқуға деген құмарлығым түрткі болды. 90-шы жылдардың басында жұрттың барлығы «Караван» газетін оқитын. Сол  басылымды таратуға кірісіп, осы тірлік артынша үлкен бизнеске ұласты. Қазір бізде  баспахана, редакция, тарату жүйесі жолға қойылған.  Шымкентте 35 дүңгіршегіміз, 3 көтерме сауда дүкеніміз бар. Жазылым арқылы 120 мың дана  басылымды халыққа жеткізіп отырмыз. Өзімізде шығатын 12 түрлі газеттің бір айлық таралымы 300 мың данаға жетіп отыр.  Мұндай жүйе Қазақстанда жоқ. Бұны мақтанышпен айта аламын. Жеке керемет редакциялар, керемет баспаханалар, газет тарататын фирмалар  бар. Алайда бір жерде шоғырланып, кластерлік жүйемен дамыған мекеме жоқ.  Кәсіпорнымызда 450 адам жұмыс істейді. Барлығы жалақысын уақытылы алады. Бұл да қуанышты жағдай. Қажеттілігіне қарай қабілетті жастарды жұмысқа алуға мүмкіндік бар.

Кіндік қаным тамған жерім Бәйдібек ауданы болғандықтан, осында шамамыз келгенше жәрдем беруді ұмытпаймын. Шаян елді мекенінде бизнес орталығы кешенін салып,  тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға бердік. Алдағы уақытқа арналған жоспарымыз көп. Болашақта дәстүрлі газеттердің орнын электрондық басылымдар алмастыратыны белгілі. Бірақ оны да тарататын жүйе керек. Осы бағытта жұмыс істемекпіз. Сонымен қатар өзіміздің жұмыс жүйесін көршілес облыстарға да шығарсақ дейміз.

Мұрағаттан, 29.12.2011 ж

Отандық бизнес бәсекеге қабілетті ме?
Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу