Ермахан Шайхы. Эрозия мен коррозия

Oinet.kz 01-11-2020 949

Ермахан Шайхы.jpg

Серік Жанәбілов пен Әшірбек Амангелдиевтің ҚазМУ-дың журналистика факультетін  тамамдағалы жүрген кездері болса керек. Бір күні Серік Әшірбекке   келіп, аса   маңызды  әрі  құпия әңгіме айтқысы келетінін байқатып, «ешкімге айтпа» деп ескертіп алады да, өзінің аудандық газетке редактор болып бара жатқанын мақтана айтады.

– Бұл жаңалықты сенен бұрын Мылтықбайдан естігенмін, – деп Әшекең жайбарақат  отыра  береді.

– Әй, оңбаған «ешкімге айтпа» деп қатты ескерткен едім. Саған айтып қойған екен ғой.

– Жұрттың  бәріне  өзің  жаясың да біреуден көресің. Мылтықбайдан басқаларға да өзің айтқан шығарсың.

– Жарайды, ендеше сен де ешкімге айтпа.  Саған сырымды айтайын. Сенен басқаның  бәрі  дұшпан.  Менің  қабілет-қарымымды  сен білесің ғой. Шыныңды  айтшы,  менің  қолымнан  редактор болу келе ме, келмей ме? – дейді  өзінің  қуанышын  жасыра  алмай.

– Сен  баратын  аудан  немен  айналысады  екен?  Соны білдің бе? Мал өсіре ме,  әлде  егін  еге  ме?

– Егін  егетін  сияқты...

– Онда  сен  мынаны  айтшы... Жер коррозияға ұшырай ма, әлде эрозияға ұшырай ма?

– Коррозияға  ұшырайтын  шығар.

– Таппадың,  редактор  мырза.  Жер  эрозияға,  темір  коррозияға  ұшырайды. Мына  түріңмен  аудандық  газетті қалай басқармақсың? – деп әзілдейді Әшекең.

– Бірдеме  етермін, – деп  міңгірлейді  Әшекеңнің сынынан сүрініп қалған Серік.

Арада бір-екі жыл өтеді. Бір күні кездейсоқ Секең мен Әшекең жолығысып қалады.  Серікте  баяғы  екпін,  қарқын  жоқ.

– Иә,  Серік,  жағдайың   қалай? Аудандық  газетті  ұршықша  иіріп  жүрсің бе? – дейді   Әшекең   салған   жерден.  Сонда   әзіл   дегенде алдына жан салмайтын   Серік  Жанәбілов:

– Е, несін  айтасың,  коррозияға  ұшырадық  қой, – деген  екен.

Ермахан Шайхы. Алдауды үйрететін мектеп
Ермахан Шайхы. «Әнші»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу