Халел Досмұхамедұлы. Жұлдыздарды күндіз көруге бола ма?

Oinet.kz 11-11-2018 738

Бұл сұрауға жұрттың көбі ойланбай-ақ «болмайды» деп жауап береді. Мұндай жауап дұрыс емес, жұлдыздарды күндіз көруге болады.

Ашық түнде аспан толған шым-шытыр жұлдыз. Құралсыз қарағанда аспанда көзімізге көрінетін жұлдыздың саны, білгіштердің айтуынша, бес мың жарым шамасындай.

Жұлдыздар екі түрлі. Бірі – қозғалмайтын жұлдыздар. Бұларды шын жұлдыз деп атайды. Шын жұлдыздардың өзінен шығатын жарығы болады. Күн де шын жұлдыздардың бірі. Әр жұлдыз жерден әр түрлі алыста болады. Сондықтан бізге үлкен-кіші болып көрінетін жұлдыздарға қарағанда күн жерге орасан жақын тұр. Сондықтан жерден үлкен болып көрінеді, жарығы да жерге көп түседі. Күн мен жердің арасы жүз елу миллион километр деп есептелінеді. Жұлдыздар күнмен салыстырғанда жерден бірнеше миллион рет қашық. Екінші түрлі жұлдыздар үнемдейін аспанда қыдырып жүреді. Тұратын орны күн сайын өзгеріп тұрады. Бұларды кезеген жұлдызды планет деп атайды.

Планеттердің өзінде жарық жоқ. Бұлар күннің сәулесімен жарқырайды. Планеттердің саны өте аз. Осы күнге дейін танылған сегіз үлкен, бірнеше уақ планеттер бар. Үлкен планеттер мыналар: 1) Меркурий; 2) Венера (Шолпан өмірзая); 3) Жер; 4) Марс; 5) Жүпитер; 6) Сатурн; 7) Уран; 8) Нептун.

Алғашқы үшеуі жерге қарағанда күнге жақын болады. Соңғы төртеуі жерге қарағанда күннен алыс болады. Планеттердің көбінің касында жолдастары болады. Ай – жердің жолдасы, планеттердің бірі.

Күн де шын жұлдыздың бірі дедік. Күннің өңге жұлдыздардан айырмасы жоқ. Тек бізге өте жақын. Сондықтан жерге түскен жарығы күшті.

Жақын болса да күннің шарасы бізге толық көрінбейді. Біздің күн дейтініміз күннің ортасындағы нағыз жарық бөлімі.

Күннің айналасында оттан пайда болған кілегейленген шашырандылары, өрттің жалындай дулаған тілдері болады. Бұлар да бізге жай уақытта көрінбейді.

Күннің толық сүгіретін күн тұтылғанда ғана көруге болады. Күн тұтылу деп күннің бетін айдың қабаттап тұруын айтамыз. Ай күн мен жердің арасына келіп, жерден карағанда күнге тұспа-тұс тұрса, күннің не барлық бетін, не бір бөлігін қабаттап жерден жасырады. Толық күн тұтылу я шала күн тұтылу пайда болады. Не себептен күннің шеті (айналасы) жай уақытта көрінбей, тұтылғанда көрінеді?

Жерді айнала ауа коршап тұрады. Ауаның қалыңдығы (биіктігі) екі жүз елу шақырымдай деп болжанады.

Күн сәулесі ауамен шағылысып, жан-жағына тарайды. Сондықтан күннен шыққан сәуленің көбі жолшыбай жерге жетпей, жан-жаққа тарап кетеді. Жерге бір бөлек қана сәуле түседі. Күн сәулесінің ауамен шағылысып, жан-жаққа жайылғандығынан пайда болған жарықты ауа жарығы деп атайды. Біздің күннің жарығы, күндізгі жарық дейтініміз – осы ауа жарығы. Аспанның көк болып көрінетіні де осы ауа жарығынан.

Ауаның жарығы соншама күшті. Ар жағындағы жұлдыздардың жарығын, күннің шетіндегі, айналасындағы жарықты тасалап бізге көрсетпейді. Қабаттап жасырып тұрады. Осы себептен күндіз жұлдыздар, күннің шеткі айналасы бізге көрінбейді. Жердің айналасында ауа жоқ болса, жұлдыздардың бәрі де, күн де толық болып, күндіз-ақ түндегідей көрініп тұрар еді. Жұлдыздардың жарығы ауа жарығынан күшті болса жұлдыздар күндіз де көрінер еді.

Ай күндіз де көрінеді. Айдың өзінде жарық жоқ. Ай күннен түскен сәулеге шағылысып, жарқырайды. Күннің сәулесі аймен шағылысқанда пайда болған жарық ауаның жарығынан күшті.

Ауаның жарығын тесіп өтеді. Сондықтан ай күндіз көрінеді. Жарығы күшті жұлдыздарды кей-кейде күндіз де көруге болады. Жұлдыздарды күндіз көрген талай қырағы адамдар бар.

Шолпан жұлдызды (өмір-заяны) күндіз көру қиын емес. Жұлдыздың жолын анық білген кісі іздеуін тапса, күннен қашықтау тұрған шолпанды күндіз көреді.

Терең құдықтың (шыңыраудың, шахтаның) түбінен жоғары қарағанда жұлдыздар күндіз-ақ анық көрінеді. Қалың биік ағаштардың арасынан да жұлдыздар күндіз көрінеді. Тереңнен қарағанда күн сәулесінің ауамен шағылысқаны жарытып байқалмайды. Сондықтан ауа жарығы кемиді, жойылып кетеді.

Ауа жарығы кеміген соң жұлдыздар көріне бастайды.

Бұл айтқанның растығын шыңырауларға түскен, шахталарға я қалың ормандарда болған кісі дұрыстайды.

Астрономдар (жұлдыз тексерушілер) телескоп деген құрал арқылы жұлдыздарды күндіз де көреді. Телескоп деген түрлі шөлмектерден құрастырып жасаған дүрбі (түрба). Телескоптың шөлмектері сондай шеберлікпен құрастырылған. Телескоптың аузынан қарағанда ауа жарығы кеміп, я жойылып кетеді. Ауадан арғы жарықтар анық көрінеді.

Сөзді сарыққанда, жұлдыздарды күндіз көру үшін жерді қоршаған ауаның жарығын жою керек. Сонда жұлдыздар түндегідей күндіз-ақ жарқырайды.

«Сана» журналынан, 1923-24 жж.

Ыбырай Алтынсары. Он екі ата байұлы деген ру қайдан шықты?
Ахмет Байтұрсынұлы. Бұғы қандай хайуан?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу