Ахмет Байтұрсынұлы. Бұғы қандай хайуан?

Oinet.kz 11-11-2018 719

Бұғы адам малданған хайуанның бірі. Бұғы тұлғасына қарағанда сиырға жақын. Бұғының толып жатқан тұқымы бар. Көптен бері адам малданып келе жатқан тұқымы арқа бұғысы. Қысы ұзақ, жазы қысқа арқаның суық жерінде арқа бұғысынан басқа мал жоқ. Ол болмаса, Арқадағы самаед, лопар және басқа сол сияқты жұрттар күнелте алмас еді. Олар бұғының етін жейді, сүтін ішеді, терісін киім қылады, үйге жабады, сіңірін тарамыс қылады. Бұғыны көлік орнына салт мінеді, шанаға жегеді. Жеккенде екеу, үшеуін қосарлап жегеді.

Арқа бұғысының сиыр сияқты еркек, ұрғашысы, екеуінде де мүйіз болады, бірақ бұғы мүйізі сиыр, қой, ешкі мүйіздеріндей емес, бұғы мүйізі тармақ-тармақ бұтақты келеді. Және сырты тері, іші сүйек болады. Бұғы мүйізі жүн түлегені сияқты түсіп, жаңадан қайта шығып тұрады. Жетілген кезінде мүйіздің терісі түсіп, сүйегі ғана қалады. Шындап айтқанда, бұғынікі мүйіз емес, шекесінен шыққан сүйек.

Бұғының өсімталдығы сиырдан гөрі артығырақ. Сентябрь ішінде қашып, майдың аяғында я июнь басында балалайды. Бұғы жалғыз да, егіз де табады. Қысқа қарсы бұзауы емуін қояды. Бұғы сүті майлы болады. Лопарлар бұғы сүтінен ірімшік жасайды. Бұғыны малданған жұрттар көп қылып ұстайды. 4-5 мындап бұғысы бар байлары да болады. Бұғының тамағы аз – мүк, бұта, шырпы сияқты нәрселерді жеп, семіреді. Қыс тебінмен шығады. Бұғыны қыратын аусыл мен сарып. Аю мен қасқырдың да зияны көп тиеді.

Жаз бұғының мазасын маса, сиыр бүгелек алады. Бүгелек шыққан кезде оқыралап, арықтайды. Сондықтан, жаз кезінде теңіз самалындағы «тундра» деген салқын жерлерге қашады. Теңіз саясын жайлап, күзге қарсы ағашқа құлайды. Бұғымен тұқымдас марал, бұлан, лос, құлжа. Арқа бұғысынан басқаларының еркектерінде ғана мүйіз болады, ұрғашылары мүйізсіз. Арқа бұғысынан басқаларын адам малданбаған. Әлі күнге дейін бұғылардың көбі тағы күйінде. Тағы бұғыларды аңшылар аңдып атады, суға қамайды, шұқырға жығып ұстайды.

Халел Досмұхамедұлы. Жұлдыздарды күндіз көруге бола ма?
Ахмет Байтұрсынұлы. «Біздің қазақ иттің екі түрлісін ғана ұстайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу