Бүгін Леонид Брежневтің туған күні

Oinet.kz 19-12-2020 1619

Брежнев Леонид Ильич 1906 ж. 19 желтоқсан күні дүниеге келген. 1982 ж. қарашаның 10 күні дүние салды. 

Брежнев жұмысшы отбасында дүниеге келген. 

Брежнев ата.jpg

Курск жерге орналастыру-мелиорация техникумын (1927), Днепродзержинск металлургия институтын (1935) бітірген. 

1931 жылдан СОКП мүшесі. 

1947 ж. Днепропетровск облыстық партия комитетінің 1-хатшысы, 1950 жылы Молдавия КП ОК-нің 1-хатшысы болған. 

1954 жылы ақпанда Қазақстан КП ОК-нің 2-, 1955 жылы тамызда 1-хатшысы болып сайланды. Қазақстанда отарлық тәртіптің нығаюына, қазақ халқының мәдениеті мен тілінің шеттетілуіне себепкер болған тың және тыңайған жерлерді игеру ісіне басшылық жасады. 

1960—64 жылы КСРО Жоғ. Кеңесі Төралқасының төрағасы, СОКП ОК-нің 1-хатшысы (1964), Бас хатшысы (1966) болып сайланған. 

Брежнев басшылық еткен жылдары “Кеңес империясында кемелденген социалистік құрылыс жеңді” деген негізсіз ресми тұжырым жасалды. Осыған қарамастан КСРО экономикалық және саяси қайшылықтар мен тоқыраудан шыға алмады. Брежнев ішкі саясатта әкімшілдік-әміршілдік жүйені орнықтырды. Кадрларды іріктеуде және тағайындауда сыбайластыққа, парақорлыққа жол берілді. Ел ішінде армияның, қауіпсіздік органдары мен СОКП-ның бақылаулары үстем болды. 

1968 жылы Кеңес Армиясы Чехословакияға, 1979 жылы Ауғанстанға басып кірді. Халықартардың қарым-қатынас мейлінше шиеленісіп кетті. Варшава шартындағы мемлекеттерге зымыран қару-жарақтарын орналастыру, әскери әлуетті күшейту жолындағы бәсекелестік елдің саяси-экономикалық дағдарысқа ұшырауына себеп болды. Брежневті мақтау, орынсыз мадақтау әрекеттеріне кеңінен жол ашылып, ол 220-дай кеңестік және шетелдік ордендермен, медальдармен марапатталды.

1982 жылдың 23 наурызында Брежнев Ташкенттегі ұшақ шығаратын зауытқа іссапармен барды. Бас хатшы айналасындағы адамдармен бірге кәсіпорынды аралап жүрген. Кенет көп адамды көтере алмаған көпір сынып кетеді.  Брежнев осы бақытсыз оқиға кезінде бұғана сүйегін сындырып алады. Ертеңіне ол Ташкенттегі үлкен салтанатты жиында сөз сөйлеуі тиіс еді. Көмекшілері жиынға қатыспауды қанша жерден өтінгенімен, Брежнев көнбейді. Бас хатшы жұртшылықтың алдына шығып сөйлеген кезде залда отырғандар, кешкісін бұл көріністі теледидардан тамашалағандар түсініксіз жағдайға тап болды.   Брежнев удай мас адам сияқты әрекет жасады. Тілі күрмеліп, қайта-қайта кідіре берді. Өйткені бұғанағы сынғандықтан ол қатты ауырып тұрған болатын. Дәрігерлер оған ауруды басатын дәрі бергенімен көмектесе алмады.  1982 жылдың 7 қарашасында Брежнев көпшіліктің алдына соңғы рет шықты. Ленин мавзолейінің қасында тұрып, Қызыл алаңдағы  әскерилердің парадын қабылдады. Оның жағдайының өте ауыр екендігі сырты көзге байқалып тұрған еді. Арада үш күн өткенде ол қайтыс болды. Бұл кезде оның жасы 75-те болатын.  

Брежнев КСРО тарихында «Алтын жұлдызды» бес мәрте иеленген жалғыз адам. Оның біреуі Социалистік еңбек ері, төртеуі Кеңес одағының батыры атағы үшін берілген. Сонымен бірге ол Ленин сыйлығын екі рет алған. Алғаш рет 1973 жылы халықтар арасындағы достықты нығайтқаны үшін, екіншісі 1979 жылы әдеби еңбегі бойынша.   

Көптеген тарихшылар КСРО-ның ең гүлденген, "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" заман - Брежневтің тұсы екенін айтады. Себебі сол тұста әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт көтеріліп, негізгі табыс көзі - мұнай болып саналатын КСРО-ның ең бір шалқыған кезі болды. Елде тоқшылық болып, халық бұрынғыға қарағанда әлеуетті өмір сүрді. Сол себепті де КСРО-ны көзімен көрген адамдар Брежневтің заманын сағына еске алатынын заңдылық.

Желтоқсаншыларды "бұзақылар" деп айыптап, қатаң жазалаған - З.Камалиденов
Брежневті үш рет ажалдан құтқарған мысық туралы не білеміз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу