Халқы құрметтеген Қонаевты билік көзге ілмей отыр

Oinet.kz 22-03-2019 948

Screenshot_5.jpg   

Дінмұхамед Қонаевтың елге сіңірген еңбегін, атақ-даңқын, ғұмырбаянын жұртқа таныстырып жатудың қажеті жоқ. Елі Димаш деп еркелеткен тұлғаның кемеңгерлігін, адами қасиеттерін аға буын өкілдері жақсы біледі. Олардың жазған естеліктерін оқыған кейінгі буын - жастар да Димекеңнің аруағына үлкен құрметпен қарайды. Халқының сүйіктісіне айналып, ыстық ықыласына бөленген Қонаевтың биыл туылғанына 100 жыл. Тойшыл халықпыз ғой, Д.Қонаевтың дүниеге келген уақыты қаңтар айы болғанымен, оның мерейтойын жыл бойы жарыса тойлауымызға да болар еді. Қасым Аманжолов, Төлеген Айбергенов секілді ұлт мақтаныштарының мерейтойы өте жоғары деңгейде өткенін ақпарат құралдары жарыса жазды. Қандай керемет, ішің жылып қалады. Ал Димекеңе келгенде...

Иә, Д.Қонаевтың 100 жылдығын атап өту деңгейі оның еліне сіңірген таудай еңбегінің қасында тарыдай ғана. Әйтеуір, соңынан іздеушілері, жанашырлары, қамқорлығын көргендері бар екен, Шымкентте 300-350-ге жуық адамның басын қосып, ғылыми конференция ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев қатысты. Димекеңнің көзін көргендер, шарапатын сезінгендер естелік әңгімелер айтып, қонаевтанушылар баяндама жасады. Ал қайтыс болған күні, яғни тамыздың 22-сіне демеушілердің көмегімен Дінмұхамед Қонаевтың рухына арнап ас беріліп, құран оқытылмақ. Міне, облыс орталығында орын алар іс-шаралар реті осымен шектелгелі отыр.

Рас, бірді-екілі аудан орталықтарында, атап айтсақ, Қазығұрт, Ордабасы ауданы мен Жетісай қаласында мектеп оқушыларының басын қосып, жастарға берері мол жиын өтті. Облыстық Қонаев атындағы қор басшылары тарапынан барлық аудандарға ұсыныс айтылғанымен, өкінішке қарай өзгелері тым-тырыс. Сен тимесең, мен тиме, бадырақкөз. Тағы да осы қордың ұйымдастыруымен облыстағы Дінмұхамед есімін иеленген 15 жасқа дейінгі барлық балалардың қатарын есептегенде 180-ге жетіп жығылған. Олардың басын қосып, мұражайды аралатып, аттас аталарының ерен еңбегімен, адамгершілік биік қасиетімен таныстырып, бүлдіршіндердің ата-аналарына естелік сыйлықтар табыс ету жобасы да жан бітпеген «өлі» күйі қалды. Қаражат, қолдау жоқ. Ешкімнің қызығушылығын оята алмапты. Оны айтасыз, Қонаев мұражайына  бас сұғатын атқамінерлер  тым сирек. Әйтеуір, мектеп оқушылары қызығушылық танытып, экскурсия жасап кетеді екен. Ара-тұра шетелдік азаматтар табан тіреп, Қонаевтың кемеңгерлігіне бас шайқасып қайтады. Оған да шүкір.   

Үстіміздегі жылдың көктем мезгіліндегі қатты тұрған желдің салдарынан Д.Қонаев мұражайының шатыры ұшып кеткенінен көпшілік хабардар. Бұл оқиғаға да ешкім селт етіп, сергектік танытпапты. Мұражай ғимараты табиғат апатынан жапа шексе де тиісті мамандар арнайы келіп тексеріп, шығынды есептеп кетуді дұрыс көрмепті. Әкімшіліктен жағдайды сұрап, қара көрсеткен жан болмағаны да өкінішті. Халқы шексіз құрметтеген Қонаев құдды бір халық жауына айналғандай әрекеттің көрініс бергені өзекті өртейді-ақ. Табиғат апаты болған жерде меншік иесінің кім екеніне қарамастан өкімет тарапынан жәрдем берілмеуші ме еді? Әбүйір болғанда ұяты бар қалталы жігіттер өз бастамаларымен шатырды жаңалап, абыройсыздықтың алдын алды. Ал Қонаев қорынан қазір ақша алатындар болмаса беретіндер жоқтың қасы екен.

Сіз не дейсіз?

Арынбек Ойшиев, Қонаев қоғамдық қорының директоры:

- Жыл сайын Қонаевтың туылған күні қарсаңында қордың күшімен әрең дегенде 80-100 адамның басын қосып, ас беріп, құран бағыштайтынбыз. Биыл бұл міндетті Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уалихан Сүлейменов жауапкершілігіне алып, ұйымдастыруда. Қаражаттың жоқтығынан Димекеңнің 100 жылдығын дұрыстап атап өте алмадық. Ал Алматының ипподромында Амангелді Шардарбаевтың ұйымдастыруымен үлкен жиын болды. Халық көп жиналып, арқа-жарқа күй кешті. Аламан ат бәйгесінің жеңімпаздары үлкен-үлкен жүлделерге ие болды.  Жақын күндері мұндай алқалы жиын Бақанаста жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен өткізгелі отыр екен. Біздің облыста Димекеңнің тойын тойлауға не кедергі болып отырғанын түсінбедім.  

Ерназар Пернеев:

- Шыны керек Қонаевтың 100 жылдығы онымен қызметтес болғандардың, көзін көргендердің, Республикалық, облыстық Қонаев қорының күшімен, ардагерлердің ықпалымен атқарылып жатыр. Үкімет деңгейінде 42 жыл мемлекетімізді басқарған адамның еткен еңбегіне лайықты құрмет көрсетіліп жатқан жоқ. Бұл мерейтойға мемлекет маңыз берген болса, өзі салдырған қалалардың біреуіне немесе бір ауданға атын берер еді. Негізі мерейтойды ең алғашқы болып өткен жылы қарашада үлкен Алматы каналының дирекциясы өткізді. Ең жақсы өткен той осы деп айтуға болады. Оған облыс әкімінен бастап барлық деңгейдегі басшылар қатысты. Ақпарат құралдарынан жан-жақты көрсетілді. Осылайша 100 жылдықтың бастамасы дұрыс бағыт түзген секілді еді, жалғасын таба алмады. Димекең тазалық пен адамгершіліктің символы ғой. Осындай тұлғаның ерекше қасиеттерін кейінгі ұрпаққа өз деңгейінде дәріптеп көрсете алмадық. Өкініштісі де осы болып тұр. Бірақ, дана халқымыз «тау алыстаған сайын биіктей түседі» дейді ғой, Қонаевты әлі де зерттеушілер уақыты келгенде оны үлкен биіктерге көтерер деген үміт бар.

Клара Әліповаеңбек ардагері, дербес зейнеткер, Шымкент қаласының құрметті азаматы:

- Мен Қонаевты ұстазым деп есептеймін. Үш-төрт рет кездескенмін. Жалғыз маған емес әрбір қазақстандыққа шарапатын тигізген үлкен жүректі азамат қой ол. Әрине, 100 жылдық мерейтойды жоғары дәрежеде атап өткенде жақсы болар еді. Алда әлі уақыт бар, кемшіліктің орны толар деген үміт бар. Ғылыми конференцияны кең көлемде ұйымдастырып, оған облыстың бірінші басшысы қатысқанда дұрыс болар еді. Дегенмен, әр заманның өз басшылары, олардың өз көзқарастары бар ғой. Мен біреуді сынайтындай жаста емеспін. Денсаулығым да көтермейді. Осыдан он шақты жыл бұрын болғанда кішкене қаттырақ айтқан болар едім. Қазір айтқанда не, бәрібір оны іске асырайын деп отырған ешкім жоқ.        

Еркінбек Тұрысов, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

- Оңтүстік Қазақстан облысында Димекеңнің көзін көрген азаматтар тарапынан біраз жұмыстар жасалды. Орталық көшеде мүсіні, Қонаев атында көше бар. Қоғамдық қор жұмыс істейді. Бірақ, 100 жылдығын елдің есінде қаларлықтай ерекше өткізу керек еді. Бәлкім, қаржы жоқтықтан болар, әлде басқа жағдайларға байланысты ма, әйтеуір торқалы той тиісті деңгейде тойланған жоқ. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен, киіз үйлер тігіп, ат шаптырып, ас беріп дегендей дүркіретіп бір той өткізуге қазір жағдай бар. Тек ниет пен әрекет керек. Абайдың, Жамбылдың, Бәйдібек бабаның тойларына қатысып жүрмін, өте тамаша ұйымдастырылған. Қонаев та қазақтың маңдайына біткен бір марқасқасы ғой. Қандай құрметке болса да лайық адам.

Мұрағат, 15.08.2012 ж

Төрт жасар Еңліктің өлімі
Оңтүстіктің спортшылары Олимпиададан олжасыз құралақан оралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу