«Өлі риза болмай тірі байымайды»

Oinet.kz 22-03-2019 1318

27-v-foto.jpg

Түбі бір түркілерлердің астанасы  Түркістанда өткен жұмада үлкен мемориалдық ескерткіш тақта ашылды. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңына жерленген қазақтың хан-сұлтандары, би-абыздары, батырлары мен игі жақсыларының есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылған. Осылайша кезінде түрлі тарихи оқиғалардың салдарынан мазарлары қиратылып, басына қойылған құлыптастары сырылып тасталған бабаларымызға құрмет  көрсетілді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңына қазақ тарихында өшпес із қалдырған мыңдаған тарихи тұлғалар жерленген. Мұны археологиялық қазба жұмыстары да дәлелдеп отыр. ХV ғасырдан бастап кесене хандардың, батырлардың билердің, ғалымдардың пантеонына айналды. Атап айтар болсақ тарихи деректерден мұнда Дешті Қыпшақ даласының әйгілі ханы Әбілқайырдың әйелі, атақты ғалым Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегім және Әбілқайыр ханның шөберелері Құл Мұхаммед Сұлтан мен Мастура-хатунның жерленгені белгілі. Қазақтың алғашқы ханы Әз-Жәнібектің қызы Аманбике, белгілі тарихшы Қадырғали Жалайыри, Шығай ханның баласы Ұзыноқты Ондан сұлтанның сүйектері де осында қойылған. Бертінде Түркістан қазақ хандығының астанасы болғаннан кейін Есім хан, Жәңгір хан, Ондан сұлтан, оның ұлы Қайнар-Күшек, Тәуке хан, Болат хан, Абылай хан, Жолбарыс хан, Семеке хан, Әбілмәмбет хан, Әбілпейіс сұлтан, Қаздауысты Қазыбек би мен қанжығалы Бөгенбай батыр да  кесенеден мәңгілікке жай тапты. Жалпы кесене маңына жерленген тұлғалардың саны туралы мәліметтер әлі де нақты емес. Бірақ ғалымдар қазіргі таңда олардың саны 162 адам деп отыр. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тізім алдағы уақытта толыға бермек. Бір белгілісі, кесене маңына жерленген тұлғалардың ішінде қазақтың 18 ханы, 8 биі, 28 батыры бар. Өкінішке қарай, Қоқан хандығы мен патшалы Ресей билігі тұсында және кешегі кеңес заманында бейітке қойылған құлпытастардың көбі жойылған.

Кесененің қарсы бетіндегі «Алматы» алаңында ашылған ескерткіш тақта облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ашылып отыр.

-Мұндай шара арқылы біз жастарға, келер ұрпаққа тарихымызды танытамыз. Бұл біздің облысымыздың парызы, бүгінгі ұрпақтың парызы еді. Сол парызымыз өтеліп тұрған сияқты,--деді облыс басшысы салтанатты шара барысында.

«Өлі риза болмай тірі байымайды» деген. Қазіргі таңда Әзірет Сұлтан кесенесі қорық мұражайы кесене маңына жерленген бабаларға қатысты зерттеу жұмыстар үздіксіз жүргізіп келеді. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, тарихын тереңнен тартатын мұндай пантеон салу дәстүрі өркениетті жоғары санаулы мемлекеттерде ғана кездеседі екен.

Мұрағаттан, 30.08.2012 ж

Оңтүстіктің спортына бөлінген есіл қаржы қайда жұмсалып жатыр?
Ашуғудың қандай пайдасы бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу