Өлілер үшін өмір сүргендер

Oinet.kz 18-02-2021 685

Күллі әлемді әсем мелодиясымен тербеген атақты музыкант Бетховен  - Бетховен емес, талантына талайы бас иген қылқалам шеберлері -  Винсент Ван Гог пен Сальвадор Дали Ван Гог пен Дали емес десем сенесіздер ме? Бұл қалай деуіңіз орынды. Бұл тұлғалардың қай-қайсының өмір жолына үңіліп қарасаңыз, қараңғы түнек секілді. Олар жұлдыздай жарқырағанымен, шын мәнісінде тым бақытсыз болды. Себебі олардың тағдыры ана құрсағында жатқанда-ақ шешіліп қойған еді. Қалай дейсіз бе?   

бала.jpg

Бұл фәниде  баласын жоқтаған ананың зарынан ащы нәрсе, ұрпағынан айырылған әкенің қайғысынан асқан азап жоқ екен. Мұндай жағдайда ата-ана кейде жұбанышты кейінгі перзенттен табуға тырысады. Дұрысы қайтыс болған ұл-қызын қайта «тірілтіп» алады. Мұны  мамандар психологиялық дерт деп санайды және оны алғаш зерттеген ғалым Морис Поро. Ол өзінің «Алмастырушы бала» кітабында бұл синдромға алғаш рет жан-жақты сипаттама беріп, оның қаншалықты қауіпті екенін жазады. 

Өлген баланың орнын жоқтатпай, қайта бақытты отбасыға айналу үшін ерлі-зайыптылар бала асырап алады не жүктілікті жоспарлайды. Міне, осы бала – алмастырушы балаға айналады. Оған психологиялық түрде қайғыны сейілту, ана баланы жоқтатпау миссиясы міндеттеледі. Алмастырушы бала ата-анасын депрессиядан қорғайды. Сондықтан ол көп жағдайда еркін болмайды, ата-ананың шектен тыс бақылауында болады екен. Ата-ана баланың жеке шешім қабылдауына мүмкіндік бермейді. Салдарынан бала өзін төмен бағалайды, томаға-тұйық болады. Сөйтіп жүргенде ортаға сіңісіп кете алмай оқшауланады. Міне, жоғарыда аталған кейіпкерлеріміз өмір бойы алмастырушы баланың рөлін ойнаған.

№29-шы нәресте

Ван Гог.jpg

«Өлген бала тұлға бола алмады, сол себепті ата-анам оны мінсіз тұлға образында елестетті. Оны ақылды, талантты, мейірімді деп санады. Мен қателескен кезде ол бәрін мінсіз жасап, жетістікке жетер еді. Осының кесірінен мен қателесуден қорқатын болдым. Не істесем де, ол мені озып кететін сияқты. Мен өмір бойы өлі Винсентпен күресіп келдім». Бұл Нидерланды суретшісі Винсент Ван Гогтың естелігінен үзінді. 

Ван Гог1.jpg

1853 жылдың 30 наурызында  Грот-Зюндерт қыстағында дүниеге келген Ван Гог отбасының екінші перзенті. Алайда әке-шешесі оны тұңғыш деп қабылдады. Шын мәнісінде Ван Гогтың тұп-тура бір жыл бұрын (1852 жылдың 30 наурызында) дүниеге келген ағасы болған. Өкініштісі сол шақалақ өлі туылды.  Ол перзентханада туылған балалардың тізімінде №29 болып тіркелді.  Жатырда өткен тоғыз айлық ғұмырлы ағасына ата-анасы Винсент деген есім қойып, жер қойнына тапсырады. Қайғыдан қан жұтқан ерлі-зайыпты екінші жүктілікті жоспарлап, көп ұзамай осылайша «екінші Винсент» өмірге келген. Бұл жәй ғана сәйкестік пе, кім білсін, екінші Винсент те туылғандардың тізімінде №29 болып жазылады.   

Анасы Ван Гогқа қаталдау еді.  Әкесі болса шіркеу қызметкері болатын. Бала кезінен ол әр жексенбі сайын  шіркеуге барып, әкесінің  уағызын тыңдайтын.  Уағыз баланың психологиясына ауыр тиетін. Үйге қайтар жолда ол ағасының басына (молаға) соқпай кетпейтін. Қара құлпытасқа жазылған өзінің аты-жөнін және туылған датасын («Винсент Ван Гог, 30 марта 1852. Пустите детей приходить ко мне»)  көру жас баланың нәзік жүрегін тілгілеп өтетін.  

Ес білгелі ағасының  зиратын «құшақтап» өскен дарын иесі есейгенде де қабірге құмар болды. «Өлілер мекенінде» қала көшелерінде серуендеп жүргендей жайбарақат аралағанды ұнатты және мола жайлы құрышы қанып тұрып әңгімелегенді жаны сүйді. Әсіресе, Амстердамдағы Шығыс зираты – оның сүйікті мекендерінің бірі болды. Ол онда гүл теріп жүретін.  Ван Гогтың бейіттерге құмарлығын кенептерінен жиі байқауға болады. Мәселен, ол туындыларында «Бауырластар», «Еуропалық», «Сент-Мари», «Алискамп» зираттарын бейнелеген. Сондай-ақ  үй жанынан қазылған үлкен орды суреттейтін «Сары үй» туындысында ол мола мен шіркеудің ортасында орналасқан өзінің қара шаңырағын көрсетуге тырысқан. 

Ван Гог өмір бойы өзіне мына сұрақты қойып өтті: «Кім мені бұл өлімнен, бұл мәйіттен құтқарады?».  Кейде ол інісі Теоға сырын ақтаратын. 1872 жылдан  1890 жылдар аралығында суретшінің інісіне жазған хатының саны 650-ден асыпты.  Ван Гог хатының бәрінде «алмастырушы бала», «тірілген мәйіт» болудан шаршағанын  айтқан.  Қылқалам шеберінің өз құлағын өзі кесіп алғандығы туралы дерек бар.  Зерттеушілер мұны депрессияның «жемісі» дейді. Осы жағдайдан кейін ІІ Винсент бірнеше мәрте психиатриялық  ауруханада емделіп шығыпты. Ол Теоға жазған бір хатында былай дейді. «Мені тыңдаңдар, маған тыныштықпен жұмыс істеуге мұрша беріңдер. Мен өз-өзімді дәлелдеу үшін  күндіз-түні еңбек етудемін».  Ия, өмір бойы өлі Винсентпен күресіп келген ол жұбанышты қалам мен бояудан табуға тырысты. Ол сурет салғанда өзге әлемге енгендей күй кешіп, барлық проблемасын ұмытатын. Сол үшін бар уақытын сурет әлеміне арнады. Туындыларында ол екінші емес  дара Винсент екенін дәлелдеуге тырысты және күллі әлемге дәлелдей алды. Ата-анасынан  басқа... 

Ұрпақсыз өткен Сальвадор

Сальвадор Дали.jpg

«Мен өмірден бұрын өлімді сезіндім. Анамның құрсағында жатып мен оның қайғысын сезіндім. Менің ұрығым тозақ плацентасында дамыды. Олардың қайғысы мені ешқашан жібермейді. Мен тірі болғаным үшін өкініп келдім, өзімді толық емес сияқты сезінемін». Ал бұл суретші Сальвадор Далидің жанайқайы.  

Дали.jpg

Шатақ мінезді Сальвадордың  дүниеге келуіне екі ай қалғанда Дали әулетінің екі жастағы үлкен ұлы менингиттен шетінеп кетеді. Мезгілсіз қаза, әсіресе, анасына қатты соққы болып тиеді. Көп ұзамай ағасының орнын басар ұл дүниеге келеді.  Анасы Фелипе нәрестені әлі топырағы кеппеген ұлының есімімен атайды. Яғни, Сальвадор. Шешесі перзентін еркелеткені соншалық айтқанын екі етпейді. Бірақ бұл өзге Сальвадорға деген махаббат еді.  Ақиқатында суретшінің анасы оған тек қайтыс болған ұлының көшірмесі ретінде қарады. Тіпті Дали 5-ке келгенде шешесі оны зират басына ертіп келіп, ағасының мүрдесін көрсетеді. Көк тас басындағы өз аты-жөнін оқыған,  өлі әрі тірі перзентін жоқтаған әйелдің мұң-зарын тыңдаған бүлдіршіннің психологиясы сол кезде бұзылады.  

Сальвадордың өміріне қатысты мынадай бір қызық дерек бар. Бірде ол мектепте қабырғаға ілінген Милленің «Анджелюс» атты картинасының көшірмесін көріп қалады. Суретте алқап басында ерлі-зайыптының бір себет картопқа қарап, дұға тілеп тұрғаны бейнеленген.  «Бұл картинаны көргенде мен себепсіз қорықтым. Ол мені белгісіз бір мұңға, тұңғиыққа батырды» дейді өз естелігінде суретші. Бір қызығы, Дали бұл суретті 64 рет қайталап салған екен. Ол тек себеттегі картоптың орнына  қайтыс болған ағасының кішкентай табытын  салады. Арада жылдар өткесін Милленің әлгі картинасының тұпнұсқасында себеттің орнында шын мәнісінде жас нәрестенің табыты болғанын зерттеушілер анықтайды. Сол кезде Сальвадор «Мен бұл картинадан әрдайым өлімді сезуші едім» депті.   

Баға жетпес картиналардың авторы бұл өмірде ұрпақсыз өтті. Оның «Эмбриондар мені ақылымнан адастырады, мен тек меңіреуге ғана өмір сыйлай аламын» деген сөзіне қарағанда балалы болуды өзі қаламаған секілді.  Сірә, тұяғының өзі секілді бақытсыз балалық шақтың  дәмін татпасын дегені шығар.  Өнері де, өзі  де дара Сальвадор Дали  денесін  Фигерас қаласындағы өз үйінің жертөлесіне жерлеуін өсиет еткен. Бүгінде мұражайға айналған  үйге (зиратқа)  келушілер көп.

1770-1772

Атақты музыкант, талай шедеврлерді дүниеге әкелген Людвиг ван Бетховеннің де есімі өзінен екі жыл бұрын дүние келіп, небәрі 4 күн өмір сүрген ағасы Людвигтің құрметіне қойылған. Алайда мұны өнер иесі бертінге дейін білмей келді. Оның туу туралы құжатында туылған күні 1770 жылдың желтоқсан айы деп көрсетілген. Шын мәнісінде бұл қайтыс болған Людвигтің құжаты болатын. 

Бетховен.jpg

Ал екінші Людвиг 1772 жылдың желтоқсан айында туылған.  Яғни композитордың әке-шешесі  екі балаға бір құжатты қолданып жүре берген.  Бетховеннің айналасындағылар бірі 70 деп, енді бірі 72-ші  жыл деп оны әбден шатастыратын. Ақиқатына жете алмаған  Бетховен әлгі құжаттың артына «1772. Меніңше бұл куәлік дұрыс емес немесе маған дейін басқа Людвиг болған» деп жазып қояды.  Дүниеге екі жыл «ерте келген»  танымал тұлғаның туылған жылы  әлі күнге дейін 1770 жыл деп есептеліп келеді.  

Бетховенн.jpg

Бетховенге ата-анасы «алмастырушы баласың» деп бетіне басып, бақилық болған Людвиг туралы жақ ашпаған. Әйтсе де сүйір саусақты пианиношы әке-шешесінің жүрегінде өзге балаға деген махабаттың жатқанын әрдайым сезетін.  

Әр бала жеке, дара тұлға! 

А.ОҢҒАРБАЙ

Қаламгер Баймұрат Азнабаев естелігінен
Уәде феномені
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу