Көз тиген баланы ұлтарақпен ұшықтайды

Oinet.kz 04-04-2022

«Мен әу баста ырымға сенбейтінмін. Аурудың себебін дәрігер тауып береді, солар емдейді деп түсіндім. Ал адам өмірінде қандай да бір келеңсізідктер орын алса, оған тек өзі ғана кінәлі деп санайтынмын» деп бастады өз басынан өткен оқиғасымен бөліскен кейіпкеріміз. 

Screenshot_25.jpg

«Үстелдің бұрышына отырма, отырып қаласың», «ҰБТ тапсырарда көйлегіңнің ішкі жағына түйреуіш тағып ал», «Қорқынышты түстер көрсең жастығыңның астына нан немесе қайшы қойып жат» дегендерді естісем, күлкім келетін. Әсіресе, жеңгелерім үйге қонақ келерде кішкентай балаларының маңдайына қара күйе жағып қойса қынжылатынмын. 

Бірақ кейін өзім ана атанып, балалы болғаннан соң жас кезімде қате түсінікте болғанымды ұқтым. Керісінше, баяғы ата-әжелеріміз институтта оқымаса да нағыз білгір, дана болған екен ғой. Әлде олар тылсымның, табиғаттың тілін түсінген бе екен, қайран қалам. 

Мысалы, көз тиюді қарапайым әдіспен емдеуге болады екен. Сондай-ақ мен сенбейтін көз тию, тіл тию деген шариғатта да бар боп шықты. Адам қанша сақтанса да кейбір көзінде сұғы бар адамның қызығып, таңданып айтқан сөзі мен көзінен де адам науқастанып қалады екен ғой. Ал оның емі – қазақы ырымдар. 

Босаға аттап, келін атандым. Бір жылдан соң бауырыма баламды алдым. Оң жақты отырыңқырап тигеннен соң ба, жүктілігім ауыр өтті. Баламның салмағы аз боп туылды. Бір-екі жасқа толғанша ауруханаға жиі бардық. Мазасызданып, шырқырап жылаған сәтте өзімді қоярға жер таппай кететінмін. Дәрігерлер баламның иммунитеті төмен екенін ескертті. Қажетті дәрі-дәрмектер беріп отырдым. Бірақ балам 3-4 жасқа келгенде де әлсіз болды. 

Бірде іші өтіп, қатты ауырды. Аз күнде арықтап кетті. Дәрігер жазып берген дәрілерді ішкіздім. Анам ұзақта, түнімен жылап шығамын. Балам тамақ ішпей қойды. Ауылдан енем келді, бірақ он шақты күн жанымда болғанымен ол балаға қараған жоқ. «Өзің қара, мен баладан шығып қалыппын. Оны ұстай алмаймын қолыма» деп бас тартты. Мен енеме сенген едім, бір емес, төрт баланы өмірге әкеліп, өсіріп-баққан ана ғой. Сөйтсем, енемнің де білмейтіні көп екен. Өз балаларыңызды қалай өсіргенсіз десем, мен балаға қараған жоқпын, анам өсіріп берген дейді. «Дәрігерден, дәріден көмек болмағанда, балаңыздың іші өтіп, осылай әлсізденіп қалғанда не істегенсіз?» деп шыр-пыр болдым. Енем «Баланы жас кезде туу керек. Отыздан асқан соң тусаң әрине бала аурушаң болады» деп, өзімді кінәлауға көшті... 

Адам адамға сенуден қалғанда белгісіз тылсым күштен ғажайып күтеді екен ғой амалсыздан. Бұрын-соңды ырым-тыйымға сенбейтін мен жәрдемді құдайдан тілеп сұрай бастадым. 

Содан өз күнімді өзім көріп, баланы өзім қарауыма тура келді. Білмегенімді жеке дәрігерімнен сұраймын, арасында ол кісіні де көп мазалай бермейін деп анамнан, әпкелерімнен кеңес сұрап отырдым. Балам өте жылауық болды. 

Бір күні анам қоңырау шалды. «Балаға көз тиген шығар, ықылас сүресін үш рет оқып дем салып үшкір. Ананың баласына салған демі молдалардың дұғасынан он есе артық» деді. Мен ықылас сүресін білмеймін деген соң анам «Немесе қазақтың ырым-тыйымын қолданып көрші, ұлтарақпен үш рет қағып, ұшықта» деп ақылын айтты. Анамның айтуымен сол ырымды қолдандым. Аяқ киімімнің ұлтарағын алып, баламды үш рет қағып-қағып жібердім. Содан кейін суға азырақ тұз салып, оны аузыма толтырып баламның бетіне бүркіп шаштым. Балам сол күні тыныш ұйықтады. Ертеңіне сүтке қолын созып, үстелден күлше алып жеді. Сол кездегі қуанғанымды-ай...

Міне, сол жағдайдан соң балам тфәй-тфәй оңалып, асқа тәбеті жақсарды. Бұдан кейін мен қазақтың ырымдарына сене бастадым. Балам балабақшаға барғанда басқа аналар сияқты мен де оның киіміне моншақ тағып, түйреуіш қадап қоятын болдым. Дем салып, бетін қайтармаса «тіл-сұқ тас жарады» деген сөздің растығына көз жеткізгендеймін. 

Сол баламнан кейін араға төрт жыл салып екі қыз туып алдым. Әрине, құдайдың қалауымен. Бала болған соң олар да жиі ауырып қалады. Егер құсып, көзі кіртиіп, іші өте бастаса мен дереу ұшықтап жіберемін. Бірер күннен соң-ақ беті бері қарайды. Әрине, алдымен медицина маманына барып ем-дом алған дұрыс. Ал егер маманнан жәрдем болмаса, онда ұлтарақпен қағып, сумен ұшықтап жіберіңіз. 

Науқас адамның бетіне су бүркіп ұшықтау үлкендерге де көмектеседі екен. Бірде күйеуім тұмауратып, онысы ұзаққа созылып төсектен тұра алмай жатып қалды. Тұмауға қарсы, қызуды басатын дәрі ішті, ыстық сорпа әзірлеп бердім. Сосын анамның айтқаны есіме түсіп, балаларыма жасап жүрген «ұшық-ұшық» ырымын күйеуіме жасап көрдім. Суға бір шымшым тұз салып, байқатпай барып алаңсыз жатқан күйеуімнің бетіне бүркідім. «Не істеп жатырсың, есің бар ма өзіңнің...» деп ашуланып басын жастықтан жұлып алды. Бұрқылдап орнынан тұрып, бетін сүртті. Бір сағаттан соң «Ыстық шай бар ма?» деп, асүйге кіріп келгенде таң қалдым. Бірнеше күн төсектен тұра алмай жатқан күйеуім басын көтерді, шай сұрады». Демек, үлкендерге де тіл-көз, сұқ тиеді екен. Баладан, үйіңіздегі ересек адамдардан мазасыздық байқалып әлсізденіп қалса, осы бір ырымды жасап көріңіздер. 

Жазып алған: Г.Жұмаділдаева, 

ERNUR.KZ

Бұрын ырым дегенге сенбеуші едім
Оскар сыйлығы: Мадақ пен шатақ


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×