Аралбай батыр. Қазақтың айтулы тұлғасы Аралбай батырдың туғанына – 320 жыл

Oinet.kz 22-04-2022 1184

Қазақ ұлты – тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын да ауыр, талай тағдырды басынан өткерген халық. Ол негізінен, тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті. Бүгінгі Қазақстанның алдында уақыт қойып отырған негізгі міндеттердің ауқымы мен артар жауапкершілік жүгін әлгіндей оқиғалардың таңбалы тарихи тізбегін, ата-бабаларымыздың жүздеген ұрпақтарының жанын жай таптырмаған азапты ізденістерін ескермей тұрып бағалауы да, бағамдауы да қиын. Келер ұрпақтарымыз үшін өз елінің егемендігіне, өз мемлекетінің тәуелсіздігіне осындай тарихи тұрғыдан қарап, байсалды да байыпты пайымдау әр қазақтың парызы.

Screenshot_2.jpg

Қазақ хандығының бірнеше ғасырлық тарихында мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын сақтауда ұлт батырларының, ділмар шешендер мен данагөй билердің орны ерекше болғандығы белгілі. Ел бастаған батыр оғландар мен көреген хандардың қолбасшылық ерендігі халықтың жыр-дастандары арқылы, далалық ауызша шежірелік дәстүрі арқылы ұрпақ жадында жатталып қалды. Сонымен бірге халқымыздың араб, парсы, орыс, қытай, қалмақ, жоңғар жаулаушыларына қарсы күресі, ондағы батырлардың алған орнын айқындауға арналған әр кезеңдердегі көптеген шетелдік және отандық тарихи жазбалар мен ғылыми зерттеулер де аз емес.

XVIII ғасырдағы тарихымызға арнайы көңіл қойып, терең назар аударып, халық ауыз әдебиетінің материалдарына жүгінсек, бүгінге дейін жұртшылыққа кең танылмай келе жатқан батыр бабаларымыздың есімдері айшықтала түседі. Сондай батырларымыздың біріне Аралбай Жолымбекұлы жатады. Бұл мақалада  XVIII  ғасырда өмір сүрген Аралбай батырдың ерен ерлігі мен тарихи тұлғасы хақында сыр толғамақпыз.

Аралбай батырдың (1702-1754) жылдары өмір сүрген заманынан бізді үш ғасырдан астам уақыт бөліп тұрса да, батыр бабамызға қатысты бірнеше тарихи деректер мен шежірелік деректер күні бүгінге дейін жетіп отыр. Оның бастысы – Аралбай Жолымбекұлы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанына жерленгендігі. Кезінде басында құлпытасы болған, кеңес дәуіріндегі әпербақан саясаттың салдарынан бұзылып жоғалған. Екінші дерек – Аралбайдың Ресей империясына елшілікке баруы. Үшіншісі – оның ерлік істері тарихи жазбаларда ұшырасып отыруы. Төртінші дерек – шежірелік материалдар.

2019 жылы елордада жарық көрген «Түркістан руханият бесігі» атты лингво-өлкетану энциклопедиясында Аралбай батыр туралы мынандай мәлімет беріледі. «Аралбай батыр қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында 1702 жылы туылып, 1754 жылы Шу өңірінде қаза табады. Әкесі Жолымбек Қаратауды жайлаған Сіргелі елінің биі болған».

Бұл төрт тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) жарияланған құнды еңбек арқылы қазақтың айтулы тұлғалары қатарында Аралбай батырдың аты да көпшілікке жетіп отыр.

Аралбайдың балалық, жастық шағы қалай өтті бұл туралы мәліметтер жоқтың қасы, жұтаң десек те болады. Оның туған жылына қарай отырып замана зарының зардабын аз тартпағанын бағамдауға болады.

Ел басына күн туған қаралы жылдары, аласапыран шұбырыншылықта Аралбай нағыз қылшылдаған, бабына келген батыр жігіт болатын. Аралбайдың көзге  түсуі де, жанкештілікпен елін қорғап атойлап алға шығуы да осы уақыттарға сай келеді.

Аралбайдың арғы тегі Алтын Орданың беклербегі болған Айсылға (Ойсылға)  тіреліп,  Ойсылдың ұлы Толыбай батырдан өрбіп шығады. Бұл әулеттен батырлар, би, датқалар көптеп шыққан.

1723 жылдан бастап Ұлы далада ауыр күндер басталады. Жұртшылық «ақтабан шұбырындыға» ұшырайды. ХVIII ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақ елі ішкі-сыртқы қайшылықтардың және жаугершіліктің нәтижесінде аса ауыр жағдайға тап болды. Бұл жылдары Жоңғарлар Қазақстан территориясына үздіксіз шабуыл жасауын жалғастырды. Олар Оңтүстік Қазақстан мен Сырдария бойындағы қол өнер және сауда орталықтары болған Тараз, Сайрам, Түркістан т. б. қалаларды басып алуға тырысты. Сонымен қатар ең маңызды керуен жолдары өтетін аймақтарды да, өз қолдарына алуға ниеттенді.

1912 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Хун имранлик қылған патшалар тарихлары» кітабында замана шындығы анық суреттелген.

«Жоңғардың қалмағы һәм күншығыстан,

 Жауболды бас болып Қонтайшы хан.

Башқұрт пен Еділ жоңғар қалмақтары,

Қол салды қазақтарға һәр бір тұстан.

Ел шауып, қазақтардың алды малын,

Қатын мен жесір етіп балаларын.

Ұзын су, жазғы жайлау, қыс қыстаудың,

Лажсыз тартып алды тәмам бәрін.

Шаһарлар Түркістан мен Ташкент, Сайрам

Қазақтың қаласы еді баршасы һәм.

Бұларды лажы жоқ тастап кетті,

Болған соң ауызбіршілік сөздері кем.

Қоқанға ұлы жүздер кетті ауып,

Орта жүз Самарқанд пен Бұқара асып,

Хиуаға Кіші жүздің бәрі кетті,

Дұшпандар алғандықтан жерін басып...»

Жолымбек би де ағайын жұртын ұйымдастырып Ташкентке көш-керуенін түзейді. Көш Ташкентке жетпей Қазығұртқа (Шарапхана жері болуы мүмкін) тоқтайды. Осында Төле би, Қойгелді, Тоғанас бастаған топ қазақтың би-батырларын жинап ұйымдастырып жатқан болатын. Мәжіліс алдағы жоспарларды нақтылап, жаудың бетін қайтарудың жолдарын қарастырады.

Бұл кезде арманшыл Аралбайдың жасы – 21-де. Жалындай жанып тұрған кезі. Ұзын бойлы, отты жанарлы, ат жақты, бұлшық еттері бұлтылдай ойнап тұрған бұл жігітке Төле би үлкен үміт артады. Оған Қойгелді батыр қосынында болу ұйғарылады.

Дамылсыз шайқас бұл ұлы соғыстың шежіресін қаламмен жазуға бабаларымызға мұрша бермеді. Тарихымыз қанмен жазылды. Бұрын қалам ұстағандар, енді амалсыздан найза, қылыш ұстауға машықтанды. Жау тигенде бүкіл ауыл аймақ тайлы-тұяғы қалмай атқа қонатын заман. Басқаша айтқанда қару ұстайтын қанша жан болса сонша сарбаз.

Аралбай 1734 жылы Ұлы жүз атынан Оразкелді екеуі Петербурке елшіліке барған. Кіші жүздегі Ералы сұлтан елшілерімен Ресейге барып патшайым Анна Ивановнаға Төлеби, Қодар, Сатай, Қангелді, Бөлек сынды батырлардың атынан жазылған хатын тапсырады.  

Халықтың аңыз-әңгімелерінде, бізге жеткен қария сөздерде Аралбайдың шапшаң қимылдайтын батыр екендігі айтылады. Ол жекпе-жек шайқаста ешкімге дес бермеген, қарсыласын адам таңғаларлық ептілдігі мен ұшқырлығы арқасында ат үстінен аударып, өлім құштырып кетеді екен.

Аралбай мұсылмандыққа берік, Алла деген адам болған, асты талғап ішеді екен. Адамгершілігі, іс-әрекеті жосықты еді. Оның ой пікірі, бұйырығы орынды да ұтымды болған.

Жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы «Шапырашты Наурызбай» деген мақаласында «Ел аузындағы әңгімеде аттары әйгілі Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген батырлар Аралбайды әруақытта дем бере мақұлдап, оған сенім артатын болған» деп жазады.

Сондай-ақ, Аралбай тұрмысы нашар тауқыметі көп адамдарға қолдау көрсетіп отырған. Үшіншіден, Аралбай заман ағымын түсініп, ертеңді болжай білген, көкірегі ояу азамат болған. Ол Төле бидің ұстанған жолын жалғастырып, көшпелі өмірдің тұзы таусылып, тарих көшінен ығысып бара жатқанын ерте түсініп, халқын отырықшы болуға шақырған.

Аралбай батырдың тарихи тұлға, алғыр ойлы, өз заманының дипломаты, ұйымдастырушысы, елі үшін жанында, білім-қабілетінде аямаған, ұрпақтары үшін әділдіктің, бостандықтың, достықтың туын жоғары көтерген халың қазақтың ұлы болғаны аян.

Қорыта келгенде, ұлттың ұлы мұраттарының біріне айналған тәуелсіздік дейтұғын бабалар арман еткен төл қазынамыздың іргетасын қалауда елеулі еңбегімен бірге бар қайратын жұмсаған Аралбай секілді тарихи тұлғаларымыздың тарихтағы орнына жаңаша баға беретін күн туды.

Мұхитхан Миразов,

«Қазақтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры,

Шымкент қаласы

Оскар сыйлығы: Мадақ пен шатақ
AMANAT: Жайылым жер тапшылығы шешілу үстінде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу