Қасқа киіктің киесі

Oinet.kz 04-07-2022 1268

Он-он бір жасар кезім еді. Әке-шешем шопан болатын. Әлі есімде, жазда жайлауда отырғанда, біздің ауылда ақбөкендер мыңдап өріп жүруші еді. Желмен жарысып, сағыммен ойнаған киіктер жайлауымызды сондай бір ғажап көрініске бөлейтін. 

Screenshot_16.jpg

Соңдарынан ерген құралайлары қандай сүйкімді еді шіркін. Ауылым Жезқазған аймағына қарасты болғанмен, Қызылорда облысына біртабан жақын болатын. Анашым сол жақтың қызы болғандықтан, нағашыларым қыдырып көп келуші еді. Бір жағынан бізге қонақ болып,екінші жағынан киік аулап "аңшылық" құратын. Сондай күндердің бірінде,Төлен есімді нағашымды жанындағы серіктері ауыр жағдайда ауылға алып келді. 

Бет-ауызын, денесін түгелімен қан жауып кеткен. Баламыз ғой, шошынып қалдық. Болған оқиғаны нағашымның жанындағы кісілерден естіп-білдік. Нағашым көліктің үстінде тұрып, қашқан киіктерді атып келе жатқанда, көліктің үстінде байлаулы тұрған, жанармай толы екі жүз литрлік бөшке шешіліп кеткен екен. Нағашым сол ауыр бөшкенің астында қалыпты. Сөйтіп нағашымды әкем мен бір кісі ауыл орталығындағы ауруханаға алып кетті. Бірер сағаттан соң, әкем үйге оралды. Жүзі әлем-тапырық болып кеткен. Нағашым ауруханаға жеткен соң,шамалы жатып қайтыс болыпты.

Өлер сәтінде әкемді шақырып алып,соңғы сөзін айтқан екен "Жезде мені қасқа киіктің киесі ұрды. Мана киіктерді қуып келе жатқанда, ең соңында келе жатқан қасқа киіктің маған қарайлай бергенін сездім. Және сол киіктің үстінде кішкентай ұл мен қыз ойнап отырғандай көрініп еді.

Елестедіме деп қайта-қайта қарадым, бірақ екі бүлдіршіннің бейнесі көз алдымнан кетпеді. Сонда да мылтығымды көздеп сол киікті аттым. Киік құлағанда, жанармайға толы бөшке шешіліп кетіп, мені соқты. Ақыры мынадай болды, жезде. Бұл ешқандай жазым емес, қасқа киіктің киесі" деп қиналып жатып көзін жұмыпты, қайран нағашым.

Бала болсам да,сол оқиғадан кейін көпке дейін қиналып жүрдім.Көздері мөлдіреген ақбөкендерді көрсем нағашымды да,қасқа киікті де есіме алып жылаушы едім. Кейін өмір өз ағысымен ағып, бәрін ұмыттырды. Тек "Жаңалықтардан" киіктердің себепсіз қырылып жатқаны туралы естігенімде сол оқиға үнемі есіме түседі. Қасқа киік. Нағашымның қан жапқан жүзі.

Ұлдан Қойшықызы

Арыстан баб неге Отырарға жерленген?
Бастық боп адам танымай кеткен күйеуін тәубесіне түсірген әйелі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу