Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбектері еленген күн

Oinet.kz 04-07-2019 1288

Screenshot_6.jpg

Бүгін Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының Түркістан облыстық филилалының ұйымдастыруымен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі өтті. Кеш шымылдығын ашқан филиал төрағасы Ғалымжан Елшібай журналистер мерекесі неліктен 1 аптаға кешігіп өтіп жатқанын түсіндіре кетті. Арыста орын алған төтенше жағдай барша Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырғаны белгілі. Осыған байланысты, Түркістан облысының жұртшылығы бір жұдырықтай жұмылып арыстықтарға қол ұшын созуды бастап кетті. Снаряд жарылып, жергілікті тұрғындар қиналып жатқанда, мереке тойламады.

Содан бері арада 10 күн өтті. Қазіргі таңда Арыс жарылғыш заттардан толықтай тазартылып, халыққа барынша әлеуметтік-моральдік көмек берілді. Қазір үйлері жөнделіп, оларға бір реттік қаржылай қолдаулар көрсетіліп жатыр. Ел есін толықтай жиып, өз-өздеріне келді.

Зардап шеккен арыстықтарға қысқа мерзімде бүкіл Қазақстан халқының қолдау көрсетуіне журналистер сіңірген еңбек аз болмады. Олар дереу оқиға ортасынан табылып, елге жедел әрі ақпарат  таратты. Ақпаратты бұра тартпай, әрқашан қалың бұқараның жанында болды. Билік тарапынан мәселе оң шешімін табуға зор ықпал жасады. Міне, күндіз-түні арыстықтармен болған бір топ журналистерді Ғалымжан Қамытбекұлы арнайы Алғыс хатпен, қаржылай сыйақымен марапаттады. Марапат демекші, бұл кешті өткізуге мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеді. Кешті өткізуге кететін шығындар, марапат иелеріне берілетін сыйлықтың бәрін демеушілер есебінен болды. Ғалымжан Қамытбекұлы осы іс-шараның өтуіне демеушілік жасаған – «Ернұр» корпорациясының басшысы Ерлан Нұрмахановқа алғыс айтты.  

Келесі кезекте ортаға Оңтүстік журналистикасының төбе биі, ардагер журналист Байдулла Қонысбек шығып, «Құрметті журналист» аталымын Әбдімәлік Ағыбайға табыстады.

Одан кейін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге ерекше үлес қосқан жоба жеңімпаздарына арнайы жүлде табысталды. Сонымен, жеңімпаз жобалар – «Таупістелі тағылымы» және «Жақсылар, дастан айтайын» болды.

Таупістелі тағылымы – ең алғаш 2016 жылы киелі Оңтүстік топырағында көзді ашып, көкіректі оятар көркем әдебиетті насихаттауда, желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді білімді һәм ұлтжанды етіп тәрбиелеуге зор септігін тигізген «Таупістелі тағылымы» халықаралық форумы өткен еді. Ол кезде бұл басқосу – «Түркі тілдес, түгел бол» тақырыбында өтті. Бірлікті насихаттауда, патриот ұрпақ қалыптастыруда әсері мол болған «Таупістелі тағылымы» - әрбір 3 жыл сайын өтетін болып келісілді.

Биыл бұл форум – «Шерхан мен Насыр бауында» тақырыбында ұйымдастырылды. Тек, Қазақстан емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінен ақын-жазушы, аудармашылар Түлкібаста бас қосты.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Жақсылар, дастан айтайын» облыстық деңгейдегі жобасы бүгінде республика көлемінде кеңінен қолдау тапқан. «Жақсылар, дастан айтайыннан» – «Тұлпар мініп, ту алғанға» ұласқан жобаның мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар ұрпақ тәрбиелеу. Өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгіш етіп өсіру. Бойдағы ерік-жігерді жанитын жырларды жаттатып, оның түп төркініне үңілдіру. Осы арқылы ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.

Осы уақытқа дейін аталған жобаның арқасында он мыңдаған оқушы Қамбар батыр, Алпамыс батыр, Қобыланды батыр жырларын жаттады. Байқау жүлдегерлері мен жеңімпаздарына көлемді қаржылай сыйлық беріліп, материалдық жағдайының жақсаруына да өз септігін тигізді.

Жөні бөлек, жосығы ерек «Үздік жоба» аталымын ардагер журналист, дарынды ақын Нармахан Бегалы мен Түркістан облысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ардагер журналист Үрзада Айтөреева сол жобаларды қауашақтан шығарған – жазушы Мархабат Байғұт (Таупістелі тағылымы) пен «Оңтүстік Қазақстан» газетіне табыстады.

Кеш барысында журналистика саласында жасындай жарқылдап жүрген тілшілерге, редакторларға арнайы номинация берілді.

Облыстық мәдениет басқармасы да руханиятты насихаттап жүрген БАҚ қызметкерлеріне арнайы номинациялар тағайындады.

Кеш мәресіне тақағанда Одақ филиалының төрағасы Ғалымжан Қамытбекұлы журналистика саласында ұзақ жылдардан бері жүргенімен, әлі күнге дейін Журналистер Одағына өтпеген сайыпқыран тілшілерді, қадамын енді бастаса да, нық бастап, өзін танытып үлгерген талантты жас журналистерді Одақ мүшелігіне қабылдап, арнайы куәлік пен төсбелгі табыстап, оларға шығармашылық табыс тіледі.

Гигиена - жіті ішек инфекциясынан сақтайды
Түркістан: Стационарды алмастыратын көмек артты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу