Жергілікті полиция қылмысты азайта ала ма?

Oinet.kz 10-07-2019 1022

 Screenshot_9.jpg

Жергілікті полиция қызметінің басшысы болу үшін Ішкі істер саласындағы жұмыс өтілі 12 жылдан кем болмауы керек. Оның 4 жылы басшылық қызметте, 5 жылы әкімшілік полицияда істеген болуы міндетті. Осындай тәртіппен елімізде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске кіріскен жергілікті полицияның өңірлердегі басшыларын жаппай тағайындау жүріп жатыр.

Жаңалыққа жаны құмар жұрт жиі редакцияға қоңырау шалып, осыған ұқсас сауалдарын жолдап, жаңадан құрылған полиция қызметі туралы білгілері келетіндіктерін жеткізуде.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес жергілікті полицияның облыстағы басшысы мен оның орынбасарларын Ішкі істер министрі, ал аудандық басшыларын облыстық ішкі істер департаментінің басшысы ұсынады. Оларды мәслихаттардың келісімімен тағайындайтын жергілікті әкім атқарып отырған лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізуге де құқылы. Аталған заңда «Жергілікті полиция қызметі басшыларының лауазымына кандидаттар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес ішкі істер органдарының кадр резервінде тұрған полиция қызметкерлерінің қатарынан тағайындалады. Жергілікті полиция қызметі басшыларының лауазымында болу мерзімі тағайындалған сәттен бастап бес жылдан аспауы тиіс» деп көрсетілген.

Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыповтың айтуынша, «Жергілікті полиция Ішкі істер министрлігінің бірыңғай орталықтандырылған жүйесінде қала береді. Ол құрылым жағынан жергілікті атқарушы органдардың құрамына кірмейді. Өкілеттілігі, міндеттері мен құқықтары Ішкі істер министрлігінің барлық жүйесіне қолданылатын заңдылықтармен реттеліп отырады. Сондай-ақ, барлық ішкі істер органдары сияқты, жергілікті полиция да Ішкі істер министрлігінің алқа шешімдері, нұсқаулары мен бұйрықтарының талаптарын орындауға міндетті. Жергілікті полиция қызметкерлері де Ішкі істер министрлігінің барлық қызметкерлері сияқты құқықтық мәртебеге және жеңілдіктер мен әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерге ие. Оларды қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бұрынғыша іске асырылады».

Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторларынан және олардың көмекшілерінен, кәмелетке толмағандардың істері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерден, жол-патрульдік полициясынан, табиғатты қорғау полициясынан, қабылдау-бөлу орындарынан және арнаулы қабылдау орындарынан тұрады. Олардың жұмысы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) құқық бұзушылықтар профилактикасы;
      2) қоғамдық тәртіпті қорғау;
      3) жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      4) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу;
      5) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу және қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру.

Облыс, аудан, қала  әкімдері бес жылға тағайындалған басшылардың есептерін жылына кемінде екі рет тыңдайды. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің басшысына өкiлдiк және атқарушы органдардың алдында атқарған жұмыстары туралы жылына кемінде екі рет, халық алдында бір рет есеп беру міндеттелген.

Учаскелік полиция инспекторы әкімшілік учаскеде тұратын халықтың, кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар ұжымдарының алдында жылына кемінде төрт рет (тоқсанын сайын) есеп береді.

Жергілікті полиция қызметін құру құқық қорғау органдарындағы ашықтықты қамтамасыз етуден туындағаны көңіл қуантады. Десек те ел ішінде учаскелік полиция инспекторларының қызметтеріне көңілдері толмайтынын білдіріп жататындардың аз еместігін айтпау мүмкін емес.Тіпті жеке үйлерде тұратындардың басым бөлігі учаскелік инспекторларын танымайтындықтарын алға тартады. Полицейлер де солай деуі мүмкін. Өйткені олардың өздеріне тиесілі аумақтардағы үйлерді аралап, тұрғындарымен танысып, тізімдерін алып, түгендеп жүргендерін ести бермейміз. Олардан гөрі отбасы мүшелерін түгендеп жүрген мұғалімдерді көбірек кездестіреміз. Содан да болар, жұрт үйінің қақпасын қаққан полицейлерге әзірейіл көргендей қарайды. Мүмкін учаскелік инспекторлар елдің мазасын алмауды ойлап, халық санағына сүйеніп, мұғалімдер арқылы мәліметтер жинататын шығар?.. Қалай десек те мұндай олқылықтардың абырой әпермесі анық. Сондықтан жергілікті полиция басшыларын тағайындау құқына ие басшылар олардан құқықтық тәртіпті орнатуды талап етуде ең бірінші кезекте елмен етене араласуды міндеттегені жөн болар еді...

  

Сұлтанғали Атыхаев,

Оңтүстік Қазақстан облысы  әкімі аппараты қылмысқа, терроризмге қарсы күресті үйлестіру және мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы:

Бұл дамыған елдерде бар тәжірибе

Жергілікті полиция қызметін құру – Елбасының Ұлт жоспарында көрініс тапқан басты міндет. «100 нақты қадам» бағдарламасында айқындалған 30-31 қадамдарды іске асырудың маңызы өте зор. Бұл қызмет қоғамдық тәртіпті қорғауды, тұрмыстық қылмыстармен күресуді, жол-патрульдік қызметіне жауаптылықты күшейтеді. Сала мамандары жергiлiктi халықпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, ұсақ заң бұзушылықтарға нөлдiк төзiмдiлiк режимiн қамтамасыз етуді арттырады. Халықтың алдында жергілікті полиция қызметінің басшыларымен қатар учаскелік инспекторлары да есеп береді. Мұның артықшылығы атқарған жұмыстары туралы есебіне баға бере отырып, нәтижесіне қарай полиция басшысының сол испектордың қызметіне сай не сай еместігін қарауға болады. Әзірге бұл аналогы жоқ реформа. Өйткені басқа дамыған елдерде полиция бір-біріне бағынбайтын екі жүйеде жұмыс істейді: криминалдық, муниципалдық. Муниципалдық дегеніміз жергілікті полиция. Бізде екеуі бір министрлік аясында болғандықтан тиімді болары сөзсіз. Әзірге облыста 2747 құқық қызметкері жергілікті полиция қызметіне өтеді.

 

Бағлан Батыршаев,

Оңтүстік Қазақстан облыстық  мәслихатының депутаты:

Қызметіне атүсті қарамаса...

– Жергілікті полиция – өмірдің қажеттілігінен туған құрылым. Сондықтан бұл бастаманың өміршең болатынына толықтай сенімдімін. Бірнеше қызметтің басын біріктіретін құрылым қылмыстың алдын алуда, қоғамдық тәртіпті сақтауда, халықтың тыныштығын қамтамасыз етуде жасалып жатқан ауқымды жұмыстарды ширата түссе керек. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын жергілікті полиция қызметінің басты ерекшелігі – халық пен құзырлы орган өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнайтындығы. Жергілікті мәслихат пен халықтың алдында жылдық есебін тыңдап, оған баға берерде біз де халықтың талап-тілектерін жеткізу, ескеруіне ықпал ету мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бүгінде полиция қызметтік көліктермен, бейнекамера секілді қажетті құрылғылармен толық қамтылған. Енді жергілікті полицейлер міндеттеріне атүсті қарамай, қызмет барысында тиімді тәсілдерді пайдаланса, жұмыс сапасы артатыны анық.

Мұрағаттан, 2016 ж

Малдар неге қырылып қалды?
Бомждарды қалай азайтуға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу