Малдар неге қырылып қалды?

Oinet.kz 10-07-2019 1211

Screenshot_7.jpg

       «Ауылды жерлерде төрт түлігіміз үсті-басын жара басып кететін кеселге ұшырап жатыр. Қырылып қалғандары да бар. Малының өлуін күтпей кейбір шаруалар шұжық цехтарына апарып өткізуде». Бұл туралы «Ауыл» партиясы  Оңтүстік Қазақстан облыстық  филиалының ұйым­дастыруымен таяуда өткен «Ауыл шаруашылы­ғындағы өзекті мәселе­лер және оны шешу жолдары» атты дөңгелек үстелде айтылды. Басқосуға ғалымдар, ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы­ның өкілдері, шаруа қожалықтардың басшылары,партия мүшелері қатысты.

 – Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Елбасы­ның қолдауымен шаруалардың жағдайын жақсартуға бағыт­талған түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, аграрлық салада еңбек етуге талпынғандарға қаржылай көмектер берілуде. Нәтижелі жұмыс­тар­дың жалғасы ретінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов алдағы бес­жыл­дықта Оңтүстіктің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатында жаңа саясатқа көшуді ұсынуда. Әрбір аудан­ның климаттық жағдайына қарай ауыл шаруашы­лығын ілгерілетуге ба­сымдық берілмек. Облыс көлемінде өнімді­лікті еселеуде шаруашылықтарға техникалық тұрғыдан көмектесетін машина-трактор­лық станциялар ашылып, ғылы­ми-консультация­лық қыз­мет көрсету орталықтары құ­рыл­мақ.Фермерлерге тө­мен­гі пайызбен бері­летін несиелер көлемі арттырылмақ. Мұн­дай ау­қымды жобаларға атсалысудан  «Ауыл» партиясы тыс қала алмайды.Десек те ел қа­зына­сы­нан қыруар қаржы жұмсалса да ауыл шаруашылығында кенже қалып қойған салалар әлі де баршылық, ұқсата алмай жатқан жақтарымыз жеткілікті. Ондай шешімін күткен өзекті түйіткілдер ауық-ауық болса да айтылып, жиындарда талқыланып жүр. Ал, алқаптарды тиімді пайдалану, суармалы жерлердің жағдайын жақсарту және олар­дың көлемін ұлғайту, жекенің иелігінде не болмаса басқа да басқармалар балансында қараусыз қалып қойған жерлерді кәдеге жарату мәселелері ешқашан күн тәртібі­нен түскен емес. Бұл мақсатта билікпен ықпалдаса болашағы­мыз­ды бағдарлап, келешектің кемел істерін жоба­лауға атсалысу– біздің азаматтық борышымыз, партиялық міндеті­міз. Өздеріңіз білетіндей,Дүниежүзілік сауда ұйымы­на ендік. Оның халықаралық талап­тарына байланысты елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялау тоқтатылуы да мүмкін. Ондай жағдайда төрт түлік пен дәнді дақылдардан, өсірген бау-бақша өнімдерінен нәпақа­сын айырып жүрген отандастарымыздың жайы қалай болады? Өнімдері­мізді қайда өткіземіз? Сапасын қалай арттырамыз? Не істеуіміз керек? Осындай елді толған­дырған сан сауалға жауап іздеп, дөңгелек үстел басына жиналуымыздың мақсаты– алда атқарар істеріміздің жүйелі жоспарын құру. Ой-пікірлер алмасып, тәжірибе бөлісіп, ұсыныстарымыздың жүзеге асуына ықпал етіп, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлесімізді қоссақ дейміз. Өйткені ауыл көрсейсе, ел дамиды, – деді жиынды жүргізуші «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев.

Жиында Халықаралық қарақөлшілер қауым­­дастығының төрағасы, КСРО және Қазақстан Республикасы  мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, академик Хисметулла Үкібаев қарақөл қойын өсіру туралы баянда­ды. Ол КСРО кезінде еліміздің құмды аймақтарында өсіріл­ген 2,5 миллионнан астам қарақөл тұқымын дамытуды қайта жандан­дыру керек деп санайды. «Құмды аймақтардағы қарақөл бағамын деген халыққа жайылымға 3000 гектардан шектеусіз мерзімде тегін беру керек. Жекеменшік болған соң шаруа­лар өздері-ақ жайылым аума­ғын дамыған елдердегідей қоршап, қо­ра-қопсысын салып алады. Жері бар тұрғындар не­сие алу мүмкіндігіне де ие болады. Тек ауылды жерлерде жайылым­нан бастап бар­лық жылжы­май­тын мүлік түрлеріне, мал басын есепке алып,жеңіл­детілген несие беру­ді де банктерге жүк­теген жөн»дейді академик.

Шардара ауданынан келген «Мақсат» шаруа қожа­лығының төрағасы Жандар Жүзбаев банктер кепілге алып, несие беруі үшін алдымен малды сақтандыруды ұсынды. «Сақтандырудың басты талабы– малыңыздың дені сау болуы тиіс. Сонда есеп­ке алынады. Талап орындалса,ветери­на­рия дамиды. Бүгінде жұрт ауылды жерлерде көбейіп кеткен шұжық өндіре­тін цехтарға өріске ілесе қалмай қалған тұяқтыларын апарып өткізуді әдет­ке айналдырып алған.Малының мазасы болмаса сойып сата салады. Олар­дың барлығының қандай кінәраты барын тексеріп жатқан ешкім жоқ.Елі­міз­де ақсап жатқан, шұғыл шешімді қажет ететін саланың бірі осы.Ел арасында түрлі ауру-сырқаудың азаймауының бірден-бір себебі халқы­мыз­дың солардың өнім­дерін тұ­тынуынан туындап жатқанын ешкім жоққа шы­ғара алмаса керек. Мұны одан әрі ушық­тырмау үшін қасап­ханалар мен цех­тардың жұмыстарын билік қатаң қада­ға­лауы тиіс» дейді кәсіпкер.

Ордабасылық жеке кәсіпкер Бегалы Байсаұлының жанайқайы ветери­на­рия­ға тікелей қатысты. «Қазір ауылды жерлерде төрт түлігіміз үсті-басын жара басып кететін кеселге ұшырап жатыр. Жылқы да қорғана ал­май қал­ды. Қырылып қалғандары да бар. Малдың өлуін күтпей кейбір шаруалар  шұжық цех­тарына апарып өткізіп жатыр. Солардан шыққан өнімдерді тұтынып, бойы­мызға қандай дертті дарытып жатқанымызды ешкім білмейді. Кеш бол­май тұрғанда шұғыл түрде мұның алдын алмасақ болмайды, –  дейді ашынып. – Бізде мал ауырса, диаг­ноз­ын дұ­рыс қоятын маман тапшы. Ал, емдеуге қа­жетті дәрі-дәрмектер шетелден әкелінеді. Олардың сыртында мемлекеттік тілде нұс­қаулық жоқ. Тіпті кей­бірін­де орысша да түсіндірме болмайды. Латынша, арабша жазы­ла­ды. Со­сын оны қалай және малға қан­ша грамын егуді білетін маманды шетелден күтіп жүреміз. Осы мәселені реттеп, сол жаққа жіберіп болса да ветеринар ма­ма­нын оқы­тып даярла­ма­сақ болмайды.  Малымызға қажетті дәрі-дәр­мекті өзімізде өндіруге болады ғой. Жақып­беков деген ғалымымыз «Нага­ни» деген дәрінің құрамын «Хим­фарм» зауытына беріпті. Ал бұл проб­ле­мадан хабардар Ауыл шаруашы­лы­ғы министр­лігіндегілердің қандай әрекет жасап жатқаны бізге бей­мә­лім».

 «Асыл-ой» ЖШС директоры Ержан Қалдыбаев ауыл шаруашылығын да­мытудың мемлекеттік-жекеменшік серіктестік түрін қолдайды. Өндірістің 20 пайызы мемле­кетте, 80 пайызы жекеменшікте болуы тиіс деп есептейді. Өнімдерді құн­дау мәселесінде де осы әдіспен облыстық аграрлық база құруды ұсынды. Сонда жүйелі жұмысқа, сапалы өнімге, оны сатып мол та­бысқа кенелуге екі тарап та мүдделі болады. Аталған база жұмыс жүргізу ме­ха­низмдерін реттеп, ұсақ шаруашы­лық­тардың мемле­кет тарапынан берілетін субси­дия секілді қолдауларға қол жеткізулеріне көмектесуі тиіс. Ол өз ойын қатысушыларға тақ­­таға сызып та түсіндірді. Алайда, ірі шаруа қожа­лықтар басшыларының басым бөлігі ортақ база құруға қарсы. Олар «бұл артық шығын, бір орталыққа жиналған өнім мол болған сайын оның бағасы да төмен­дейді» деген ой­да. Десек те соңғы бес жылда ауылдық жерлерде жаппай салынған мал сою бекеттері мен сақтау қой­ма­ларын мем­ле­кеттің қатысу­ын­сыз сақтап тұра алмайтын­дықтарын мойындайды.

Егін шаруашылығында алқаптарды суландыруға қатысты тік дренаж­дар пробле­масы, жердің құнарсыздануы, тұқым селекциясының жүргізіл­меуі өнімділікті еселеуге мүм­кіндік бермейді. Мұнда да мемлекеттің арала­су­ынсыз мәселе толық шешімін тап­пайды дейді қатысушылар. Ауыл ша­руа­шылығын әртараптандыру және оны дамыту тақыры­бын­да әңгімелеген ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Досымбек Сыдық та жердің құ­нар­сызданып бара жатқанына алаң­даулы. Ғалымның кеңесіне құлақ түр­сек, егін шаруашылығын қа­лып­қа келтірмей мал шаруашылығын дамыту мүм­кін емес. «2003-2005 жылдары Ауыл жылы деп жариялан­ған кезеңде облысымыздағы 1 миллион  100 гектар жердің 640 мың гектарын  игерген­біз. Соның бүгінде 248 мың гектары қолданыста. Ал­қап­тарымыздың көлемі жыл өткен сайын азаюы­ның бірден-бір себебі – жердің құнар­сыздануы. Жал­пы ал­ғанда, бұдан өзге облысымызда алқаптардың 40 пайызы тастан­ды жерге айналды. Бы­лайша айтқанда, қараусыз қалып қойды.Енді оларды кәде­міз­ге жа­ра­­тып, құнарын арттыру үшін ауыспалы егіске көшуіміз керек. Мал азы­ғын өсіруіміз тиіс. Асбұршақ, тасбұршақ, үрмебұршаққа ел ішінде сұ­раныс жоғары» дейді ғалым. Оның айтуынша, бізде өндіру емес, құндау проблема. Бұл мәселені дұрыс жолға қойып шеше алмасақ, ауыл шаруа­шы­­лығын дамыту жайы бос сөз болып қала бермек. «Тұқым шаруа­шы­лы­ғының қағаз бетінде жүзеге асып жатқанын мойындауымыз керек. Егер мұны қалпына келтірмесек, барымыздан айырыламыз. Бұл мә­се­ле­ні дұрыс шешуді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қолдап отыр. Құптаған жобамызды биыл бастаймыз. Жоқ дегенде үш-төрт жылға жалғасады. Бес жыл болса тіпті жақсы болар еді. Ғалымдар бір тұқымның жаңа сор­тын шығаруы үшін 15-25 жыл уақытын жұмсайды. Оны өндіріске енгізу үшін 7 жыл керек. Бұл дегеніңіз бір адамның еңбек өмірі. Ал, жекелеген шаруа қожалықтарда, әр­түрлі агроқұрылымдарда тұқым шаруашылығын қалып­тас­тыру жұмыс­та­рын жүргізуді  биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бір жылға деп белгіледі.Негізі бұл жұмыстар кемінде үш-төрт жыл жүруі керек. Оған бізде маман тапшы» деді ағынан жарылған ол.

«Бізде қойлар тамыз-қыр­күйек-қазан айларында сойылады. Көрші мемлекет­терде де сондай. Бұл кезде халықтың етке деген сұранысы төмен болады. Өйткені жеміс-жидек, көкөніс, бау-бақша өнімдері жеткілікті. Ол уақытта жұрт бала-шағасын ба­лабақша мен мектепке дайындайды. Оларға киім-кешек, қалам-қағаз, дәптер-кітап керек. Со­сын амалсыз өзіндік құнын ақтамаса да арзандатуға мәжбүр бола­мыз» дейді «Ауыл» ХДПП ОҚОФ төрағасының орынбасары Қанжігіт Сыздық. Ол құндау проблемасын үш ай­да сойылған қой­лар­дың еттерін сақтап, қарашадан бастап сату арқылы шешуді ұсынады.

Басқосуға қатысушылар әкімдіктер тарапынан өткізілген жиындарда қанша ай­тыл­ғаны­мен шешімін таппаған жер құнарын арттыруға және тік дренаждарға қатысты мәсе­лелерді Парламентке жеткізіп, арнайы заң қабылдату қажеттігін бірауыздан қол­да­ды.

А.ҚҰНАНБАЙҰЛЫ, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Шиеленістің бәрі мұнайдан шығып жатыр
Жергілікті полиция қылмысты азайта ала ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу