Ұстаз туралы эссе. Әлемдегі ең ұлы мамандық

Oinet.kz 21-11-2019 3934

Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз. Абай    Қазақтың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынов атамыз «Адамдық диқаншысы» деп ұстазды жайдан-жай атамаған. Өйткені ол шәкіртінің бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін абзал жан. Ол-мәңгі нұрдың қызметшісі. Жас шыбықтың тамыры терең, жапырағы жайқалып, жемісі мол болуы үшін үлкен еңбек қажет, оны бағбан ұзақ күтеді. Ұстаз да осы бағбан тәрізді. Мектеп табалдырығын аттап келген күннен бүлдіршіндерді өзіне баурап алып, мейірімі мен шапағатын күн шуағындай төге жүріп, өз уақытын аямай шәкіртін бақытқа жеткізеді. Ол тек шәкіртін ғана емес, ұлтын, күллі адамзат баласын бақытқа жеткізу үшін еңбектенеді. Сан ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі бар қазақ халқы ұрпағының саналы, қиялы жүйрік, тілі бай, білімді болуын ерекше назарда ұстаған. Ата мен әже өздерінің кішкентай немересіне қазақтың жырларын, дастандарын үлгі ете отырып, қиял-ғажайып әлеміне жетелеген. 

32327b3a215f75fba779eba66620437e.jpg

Шоқанның әжесі Айғанымның, Абайдың әжесі Зеренің тәрбиесі халқымыздағы ата-әже мектебінің қандай биік дәрежеде болғанын көрсетеді. Демек, ұрпақ тәрбиесіне мән берудің алтын бастауы ғасырлар қойнауында жатыр. Оның тағы бір дәлелі- тасқа қашалған Күлтегін ескерткіші мен Отырар кітапханасы. Қазақ балаларына: Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық… Оқысаңыз балалар, Шамнан шырақ жағылар, Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар,- деп ұрандаған, «дала қоңырауы» Ыбырай атамыздың білімге шақырған сөздері бүгінге дейін рухымызды жанып келеді. Ол ұлтымыздың ағартушылық тарихында және ұлттық мектептің қалыптасуында терең із қалдырды. Ұлы Ұстаз өмірдегі сарқылмайтын мол байлық білім екендігін түсіндірген. Оның айтқан ұлағатты сөздері, «Қазақ хрестоматиясы» оқулығы қазақ халқы үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі білім беру жүйесіне үлес қосып, бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Қазақ халқының келешегі, жас ұрпақты, білімге, ғылымға шақырып, қандай нәрседен қашық болып, қандай нәрсемен жақын болу керектігінің сара жолын салып, анықтап берген ағартушы- ұстаз  Абай бабамызды дүниежүзі халқы мойындап отырғаны анық. Абай, Ыбырайдың ағартушылық ойларын жалғастырған ұлт ұстаздары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхаметов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтар болды. Осы бабаларымыздың армандары еліміз тәуелсіздік алып, еркін мемлекет атанғалы іске асуда. Көптеген мектептер салынып, онда жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, рухани дүниесі бай ұстаздар білім мен тәрбие беруде. Сондықтан бұл күнде ұстаздық мамандық-ең керекті, ең құрметті мамандық. Өйткені олар ата-ананың ғана емес, еліміздің болашағы алдында да жауапты. 

Бүкіл дүниежүзілік білім кеңістігіне кіріп, білімнің жаңа жүйесі құрылып жатқан елімізде ұстазға деген сый-құрмет ерекше. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі- бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры-ұстаздардың қолында»-деген сөзі, бірегей тұлға ұстазға деген құрмет пен ықыластың ерекше екендігін білдіреді. Оған тағы да бір дәлел: Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері атағының Ұстазға,біздің директор апайымыз,Миразова Аягүл Төреқызына берілуі. Әрине, осындай құрметке республика ұстаздары атынан біздің ұстазымыздың ие болғанын мақтан етеміз. Шындығында,ұстаз болу неткен бақыт десеңізші!…

Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы-жақсы тәрбиеленген  адам.Ал жақсы тәрбиені беретін-Ұстаз. Біз де ұстаздарымызды құрметтеп, оларға бас иеміз. Ұстаз еңбегі ел үшін де, шәкірт үшін де зор мәртебе екенін есте ұстаймыз дей келе шығармамды өзімнің төмендегі өлең жолдарыммен аяқтаймын. Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты, Ол болмаса кім береді парасатты. Асылын беріп шәкірт бойларына, Ағартқан сол үшін де қара шашты. Ұстазға әркім басын ию керек, Кемеңгер, ақылшым деп білу керек. Бүгінің мен ертеңге талпындырып, Жеткізген сол ұстаздар, болсаң зерек. Жақсылар ұмытпайды ұстаздарын, Олар үшін сарқылмас ұстаз-дарын. Мәңгілікке мақтанып өтеді ұстаз, Шәкірттің биікке шыққандарын. 

Әлібек Ибрагимов 

Дереккөз: martebe.kz

Көктем туралы. Шығарма
Құдай туралы мақал-мәтелдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу