Наурыз мерекесі туралы. Шығарма

Oinet.kz 22-12-2019 4818

Наурыз – ежелден бері тойланып келе жатқан түркі халықтарының төл мерекесі. Көктем келіп, барша тіршілікке жан бітіп, оянады. Айнала көгеріп, құстар жылы жақтан ұшып келіп, көктем аспанын әуелете жөнеледі. Жаратылыстың бәрі еңбектенуде. Адамдар жер жыртып, егін егеді. Бақшаларға әр түрлі жеміс-жидектер мен хош иісті гүлдердің сан аулан түрлері егіліп, Жер Ананың беті өзгере бастайды. Су ағатын арықтар тазартылып, ағаштардың түбіне ақ әк жағып, айран құяды. Осынау тіршіліктін оянған шағында барша түркі халқы Жаңа Жыл - Әу Наурыз мерекесін тойлайды. 

1833203.jpg

Бұл мереке татулық пен бейбітшіліктің белгісі. Наурыз таңы атқанда барлық адамдар таза киімдерін киіп, ренжіскен адамдарымен татуласып, төс қағысады. Үлкен алаңға 12 қанатты киіз үй тігіліп, мерекелік дастархан жайылады. Ұлттық тағамдар дайындалып, бауырсақ, түймешек пісіріледі. Наурыз мерекесінің символы іспеттес – Наурыз көжесі де дайындалады. Көже 7 түрлі дәннің қосындысымен жасалынады. Көжеге әжелеріміз қыстан бері сақтап келе жатқан сүрленген еттерін қосады. Халықта «наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді» деген ұғым бар. Аналарымыз әртүрлі тәттілер пісіріп, қымыз, шұбат дайындалып үлкен мерекелік дастархан жайылады. Көрші-қолаңдар мен туысқандарды үйге қонаққа шақырып, жастар үлкендердің ақ батасын алып қалуды көздейді. Ұлттық әндер айтылып, би биленеді. Ұлттық ойындар: қолкүрес, арқан тартыс, көкпар, қазақша күрес ойнатылып, жарыстар ұйымдастырылады. Жеңімпаздар марапатталып, сыйлықтар таратылады. Жастар жағы алтыбақан құрып әзілдеп, өлеңдер оқылады. Барша халық көңілді әрі жайдарлы жүріп, бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп ақжарқын тілектерін айтып, төс қағысады. Концерттер ұйымдастырылып, қазақша әндер айтылып, театрландырылған көрініс қойылып, домбыраның қоңыр даусы Наурыз мерекесін жандандыра түседі.

Бұл уақытта күн мен түн теңеліп, күн ұзарып, түн қысқарады. Халықта бұл күні Қыдыр ата ел аралап, батасын береді деген түсінік бар.

Қазақ туралы мақал-мәтелдер
Басшы туралы мақал-мәтелдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу