Қожанасыр хикаялары. Қожа мен хан

Oinet.kz 06-10-2017 988

Қожанасыр туралы ертегілер

Бір күні Қожанасыр бір баймен жанжалдасып, ханның алдына жүгініске бармақшы болады. Бай сыйлық беріп, хан байдың сөзін сөйлейтінін сезген Қожа, ханның алдына қойнына бір үлкен тас салып барады. Хан екі жақтың да арызын тыңдап болып, енді үкім айтуға кірісерде, Қожа қақырынып қояды. Хан бұрылып, Қожаның бетіне жалт қарайды.

Сонда Қожа ханға жұдырығымен қойнын көрсетеді. Ханның көзі Қожанасырдың қойнына түседі, өйткені Қожанасырдың қойны біраз қомақты болып, томпайып тұр екен.

Хан Қожанасырдың қойнында көп алтын бар екен деп дәмеленеді. «Менің сөзімді сөйлесең, осы алтынды берем», - деп тұр екен деп, ойлайды ол. Сондықтан хан сөзді салмақтай келіп, Қожанасырдың арызын дұрыстайды.

Үкімге риза болмаған бай ашуланып кетіп қалады. Бай кеткен соң, хан күлімдеп, Қожанасырды жанына шақырып алып:

- Ал, Қожеке, маған ризасың ғой. Байды саған жығып бердім. Енді қойныңдағы алтыныңды бер! – дейді.

- Тақсыр, мен сізге алтын көрсеткенім жоқ. Менің қойнымдағы алтын емес, тас еді, - деп, Қожа қойнындағы тасты алдына тастайды. - Сен маған билік айтарда, көзіңді қысып, қойныңды көрсеттің, ол не дегенің еді? – деп, сұрайды хан. - Уа, тақсыр! Менің қойнымды көрсеткенім: «Хан әділ билік айт, әйтпесе мына таспен ұрып жығам!» дегенім еді, - дейді Қожа.

Қожанасырдың тойға баруы
Ертегі. Тышқан мен жылан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу