Ертегі. Үш ұры

Oinet.kz 06-10-2017 827

image.png

Бір сарт қалаға бір есек, бір ешкі сатуға алып келеді, ешкінің мойнында қоңырауы бар екен. Мұны үш ұры көріп, біреуі айтты: - Мен осы сарттың өзіне білдірмей, ешкісін ұрлап аламын.

Екіншісі айтты: - Мен қолындағы ешкісін ұрлап аламын.

Үшіншісі айтты: - Оның бәрі де қиын емес, мен мына сарттың өзінің үстіндегі киімін де ұрлап аламын. Сол сөзбен бастапқы ұры сарттың артқы жағынан келіп, ешкінің мойнындағы қоңырауды алып, есектің құйрығына тақты да, ешкіні жетектеп далаға алып кетті. Біраздан соң сарт артына қараса, ешкісі жоқ. Сөйтіп аң-таң болып тұрғанда, екінші ұры келіп: - Не ғылып тұрсың? – деп сұрады.

Сарт: - Ешкімді алдырдым, - деді.

Ұры айтты: - Мен көрдім, ешкі жетектеген біреу жаңа ғана осы орманға кіріп кетті, қусаң жетесің.

Сарт: - Ендеше құдай үшін есегімді ұстай тұр, - деп, есегін ұрыға ұстатып, өзі ағашқа жүгіріп кіргенде, бұл ұры есекті алып жөнелді.

Біраздан соң қайтып келсе, есегі тағы жоқ.

Мұнан соң сарт байғұс жылап жолға түсіп жүре берді.

Сарт сөйтіп келе жатса, жолдың үстінде, судың жағасында жылап отырған бір адамға ұшырап: - Неге жылап отырсың? – деп сұрады.

Ол кісі айтты: - Бір байдың қызметкері едім, бай бір қапшық алтын беріп қалаға алып бар деп жіберіп еді, осы судың жағасына жеткен соң, дем алайын деп сүйеніп жатып ұйықтап кетіп, ұйқы ішінде абайсыз қапшықты суға итеріп жіберіппін, енді не істерімді білмей отырмын.

Сарт: - Ендеше суға түсіп неге алтыныңды алмайсың? – деді.

Кісі айтты: - Жүзе білмегеннен судан қорқушы едім, қапшықты алып берген кісіге 20 алтын берер едім.

Сарт ойлады: «Есегім мен ешкімді алдырған үшін маған бұл құдайдың жіберген олжасы шығар, қапшығын әперіп 20 алтын алайын» деп жалма-жан шешініп, киімнің бәрін тастап суға түсті. Су ішінде олай-бұлай жүзіп, терең жерінде жүріп іздесе де қапшық табылмады.

Біраздан соң шаршап қайтып келсе, киімін манағы үшінші ұры алып жөнелген екен. 

Ертегі. Қараторғай
Бата түрлері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу