Бата түрлері

Oinet.kz 06-08-2020 2276

Батаның ең көп тараған түрлері бала дүниеге келгенде, бесікке салғанда, жол жүргенде, қан майданға аттанғанда, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныс тойда, ұлыстың ұлы күнінде, ұлкендерге құрмет көрсеткенде айтылады. Соған қарай алғыс айтқанда, игі бастамаларға, мерекеде, сапар-жорыққа, тойда, асқа берілетін бата болып бірнеше түрге бөлінеді. Ал адамшылыққа жатпайтын, жан түршігерлік қылық жасағандарға теріс бата берген. Яғни, бата белгілі бір кезде, белгілі бір адамға қарата айтылған. 

_.jpg

Мысалы,

"Е құдайым, жарылқа,

Жарылқасаң малды қыл,

Біткен жұрттың алды қыл,

Бұған қас қылғанның,

Малын алып зарлы қыл" деп Алладан отбасына ырыс, береке сұрай отырып, бәле-жаладан сақтауын тілеген.


Қазақ үшін батаның қасиетті ұғым болғанына лиро-эпостық жырлар мен көркем шығармаларға арқау болған жастардың өмірі дәлел. Онда ата-анасының ақ батасын алмай қосылған екі жас мақсат-мұратына жете алмайды. Мысалы, "Қыз Жібек" жырындағы Төлеген әкесінен теріс бата алып, ғашығына қосыла алмай, арманда дүниеден өтеді. Сондықтан қазақ кез келген істі үлкендердің батасын алып бастайды.


1991 жылы Н.Назарбаев та алғаш Президенттікке сайланып, таққа отыру рәсімінде үлкен ақсақалдың ақ батасын алып барып, ел басқару ісіне кіріскен. Батаны бүкіл қазақтың данышпан ақыны болған, аты әлемге жайылған ұлы Абайдың ұрпағы Шәкір ақсақал берді. Шәкір Әбенов – қазақтың халық ақыны, сазгер, сөз білетін, жөн білетін дана ақсақал болған.


Ақын Шәкен Әбенов 1991 жылы президент Н.Назарбаевқа бата берген


Бұл бата құдалықта, ел арасындағы маңызды шараларда жасалады. Оны бұзу қарғыспен тең. Қазақ баталауды елдіктің, тектіліктің, азаматтықтың белгісі деп білген.


Этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы баталасуға байланысты өз зерттеулерінде мынадай мысал келтірген: XVIII ғасырда Шақшақ қайтыс болғанда жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтының Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып, "Сомалтын – қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өлсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын" деп қол жайып, аруақ атын айтып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ.


Сақтық батасы

Уа, құдайым, тілегімді қабыл ет,

Иманымды кәміл ет

Тозақта жанған оттан сақта,

Қаңғырып тиген оқтан сақта, – деп жаманшылықтың алдын алуға тырысқан.


Сонымен қатар қыздарына

Қыздарың қылықты болсын,

Ғаламат білікті болсын,

Күндей нұрлы болсын,

Гүлдей түрлі болсын!

Өлмес өнер берсін,

Теңдессіз дарын берсін дей келе, келіндерге:

Жасың ұзақ болсын

Күнің шуақ болсын,

Басыңа бақыт қонсын,

Үйіңе жақұт толсын, балалы-шағалы бол, ағалы-жағалы бол, – деп, үлкендер ризашылық білдіргенде ақ батасын берген.


Қызметке тұрғандарға:


Әумин десең есе берсін,

Қызырың кеп жетелесін,

Бақ-дәулет пен дәрежең,

Одан ары өсе берсін.

Ниетің ақ босын,

Құлқының пәк болсын,

Көңілің шат болсын,

Дау-дамайдан қашпа,

Араныңды ашпа,

Қиындықтан саспа,

Қара қылды қақ жарып,

Елді түзу баста. Аллаһуакбар!


Қазақ баталарында этика, мораль, ар-ождан, ынтымақ, бірлік, молшылық, бақыт, қонақжайлылық, амандық-саулық мәселелер қозғалады. Мысалы ұлыстың ұлы күнінде:


Ұлысың оң болсын, Ақ мол болсын, Қайда барсаң жол болсын, Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын, Ұлыс береке берсін, Бәле-жала жерге енсін! – деп, батагөйлер халыққа мереке батасын берген.


Ал Сегіз серінің Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантайға берген батасында ұлы елдің жүгін арқалайтын, ақылгөй болуын тілеп, ақ батасын берген. Батасы қабыл болып, Қаныш Сәтбаев атақты ғалым болған.


Қазыбектей халқыңның данасы бол,

Қарабастай жұртыңның бабасы бол.

Елін қорғап, дұшпанға соққы берген,

Үш жүздің Бөгенбайдай панасы бол


– Жалпы үлкеннен бата алған барлық адамның сол ақ батамен көгеріп, өркендеуіне септігін тигізетінен куә болып жүрміз, – дейді Серік Негимов.


Теріс бата

Қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Қайыржан қажы Макин "Салтыңды сақта, дәстүріңді дәріпте" кітабында "Бата – ізгі ниет, барлық наным-сенімнің бірлігі. Ата-тегін масқаралайтын ауыр қылмыс жасағанда теріс бата берген. Ол ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып келген. Теріс бата алған адамды халық жек көріп, қонаққа шақырмаған, қыз алысып, дос болмаған. Ал теріс батаны қайтару үшін жұртты жинап, Алладан сұрап, жалбарыну рәсімін жасаған. Тірі болса, теріс батамды қайтып алдым деп айтқан. Сондықтан қанша жерден ашу қысқанмен, теріс бата беруге асықпаған" деп жазған.


Құдай сені қор қылсын,

Дұшпаныңды зор қылсын!

Жетпейін дегенде жер қылсын,

Еңбегіңді сор қылсын!

Көз жасыңды көл қылсын!

Қайғың қалың шемен болсын,

Шыға алмайтын терең болсын! – деп теріс бата берген.

Ертегі. Үш ұры
Ертегі. Бөдененің құйрығы неге қысқа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу