"Өмір сүргім келеді": 15 жылдан бері есірткіге тәуелді келіншек

Oinet.kz 27-06-2022 1837

Ақтөбеде туғанынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген қыз тұрмысқа шығып, аяғы ауыр болған кезінде де есірткіден бас тарта алмаған деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатына сілтеме тастап.

Screenshot_17.jpg

Анастасия есімді 34 жастағы келіншек 15 жылдан бері есірткіге тәуелді. Алға ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленген ол кезінде үздік оқушылардың қатарында болған сәтін еске алды.

"Ата-анамды білмеймін. Ес білгелі балалар үйінде өстім. Психолог болуды армандайтынмын. Мектеп бітіргеннен кейін университеттің "психология" мамандығына грантқа түстім. Армандарым көп болды. Қалаға келгенде қалай басқа жолға түскенімді білмей қалдым. Қалада бір жігітпен таныстым. Одан басқа танысым болған жоқ. Дос болдық. Бір күні өзімді жайсыз сезінгенде досым тез жазылып кететін екпе жасай алатынын айтты. Келістім. Ол есірткі екенін кейін түсіндім. Солай қараңғы әлемге кіріп кеттім. Күнде пайдаландық", - дейді келіншек.

Айтуынша, қазір ол есірткіге тәуелділіктен емделіп жүр. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Енесімен бірге тұрады. Жолдасы жеке кәсіппен айналысады. Алайда ол да 15 жылдан бері есірткі тұтынады. 

"Қызыма аяғым ауыр кезде де есірткі пайдаландым. Қоя алмай жүрмін. Қалтаңа ақша түссе есірткі іздеп тұрасың. Жолдасым да емделу үшін ауруханада жатыр. Соңғы рет есірткіні 5 күн бұрын күйеуім екеуіміз пайдаландық. Көршінің сарайында қайнатамыз. 1 грамм бір күнге жетеді. Біз көбіне түнде қабылдаймыз. Ол тәулікке жетеді. Қызыма енем қарайды. Қойғым келеді. Өмір сүргім келеді. Баламның біздің жолмен жүргенін қаламаймын. Ес біліп қалған қызыма үлгі болғым келеді", - дейді Анастасия.

Есірткі өнімдерін желі арқылы оңай алып келген кейіпкеріміз бұл дерттен айығудың қиын екенін айтты.

"Еркімнен тыс. Тастай алмай жүрмін. Ине салдым, иіскедім, тарттым. Тамырымның барлығы тесіліп, есірткіні аяқтан қабылдаған кездерім де болды. Екі аяғым іріңдеп жүре алмай қалдым. Әр аяғымнан 3 литрден ірің алды. Ұзақ емделгеннен кейін қайта бастадым. Енем осының бәріне шыдап отыр. Соның арқасында қызымды өсіп қалды. Қазақтың аналары мықты ғой. Ол кісінің үмітін ақтап, биыл бірінші рет ем қабылдап жатырмын", - дейді ол.

Облыстағы наркологиялық орталықта 30-ға жуық нашақор ем қабылдап жүр. Олардың дені мәжбүрлі емге жатқызылғандар. Анастасия секілді өз еркімен емге келетіндер саусақпен санарлық.

"Анастасия биыл бірінші рет емге келді. Мектепті толық аяқтаған. Университетке түсіп тұрған жерінен басқа ортамен танысып, есірткіге салынған. Есірткіге тәуелділіктен арылғысы келеді. Қазір онымен жұмыс істеп жатырмыз", - дейді нарколог дәрігер Айман Жұмашева.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы

Серікжан Біләш Мұхтар Шахановқа күйе жағып аузына келгенін айтты
Әбдіқадыр Сабыр: Кейіпкерлерім секілді достарым жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу