Серікжан Біләш Мұхтар Шахановқа күйе жағып аузына келгенін айтты

Oinet.kz 16-06-2022 3836

Screenshot_2.jpg

Құдияр Біләл, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, дінтанушы

- Құдияр Баязитұлы, азаттықтың ақ таңы атқанына 30 жылдан асып барады. Бірақ әлі қазақ тілінің жағдайын күйттеп келеміз. Неге? 

- Себебі Қазақстанда қазақ тілге деген қажеттілік әлі қалыптасқан жоқ. Нақтырағы билік осы қажеттілікті  жасап отырған  жоқ.  Өйткені  мына билік түгелдей орыс тілді билік. Бірақ бұл үкіметте ұлттық мәселені жете түсінбейтін, мемлекетті ойламайтын адамдар отыр  деген сөз емес. Бәлкім уақыты келмеген шығар. Жалпы еуразияның жүрегінде жатқан ұлан байтақ даламызға көз тігіп отырған алпауыт елдер көп. Көршімізде Ресей, аспан асты елі Қытай, арғы жақта Америка, батыс елдері дегендей. Олар қазақтың жерінде экономикалық, саяси ойындарын жүргізгісі келеді.  Ал осы жүріп жатқан  үлкен деңгейдегі саясаттың  арасына қазақ тілінің мәртебесін әкеп ортаға қыстыру баланың ойыны сияқты. Мұндай жағдайда бәрібір қазақ тілге деген  қажеттілікті қалыптастыра алмайсың. Ал қазіргі тілдік деңгейдегі жетістікке жетуіміз саяси қадамдардың емес, уақыттың өлшемімен ғана  жүзеге асып отыр.  Яғни орыстардың,  басқа да  ұлт өкілдерінің өз елдеріне қоныс аударуы, сыртқы елдегі қазақтардың атамекенімізге  көшіп келуі ана тіліміздің қажеттілігін сезіндіріп отыр. 

- «Қаңтар оқиғасы» кезінде ел арасына бүлік салған өзге ағымның өкілдері екені айтылды. Олар кімдер және елімізге  қайдан келді? Осы оқиғадан Қазақстан қандай қорытынды шығарып, нендей шаралар атқаруы тиіс деп ойлайсыз? 

- Сырттан жау келген жоқ. Елімізде террорлық іс әрекеттер осыған дейін де болған. Алматы, Ақтөбе қалаларында жеке адамдардың өзі бейбіт күнде халық ішінде лаң салғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Енді қаңтар қырғыны кезінде Президенттің аузынан айтылған 20 мың террорист ол үлкен қауіпті аңғартады. Бұл жалпы ұйымдастырылған, саяси күштердің жасаған төңкерістік іс әрекеттері. Лаңкестер ұлттық мәселені алға шығарғандықтан біздің халық, әсіресе жастар соған алданып қалды да сол топтың ішіне кіріп кетті.  Оларға ешкім күш қолданған жоқ, алаңға шық деп  ешкім зорлаған жоқ. Ал әлгі бүлікшілдер  азаматтардың намысын оятып, оларды алаңға шығара білді және халықтың күшін өз пайдаларына асырғысы келді. Ел ішінде белгілі бір ұйымдасқан топтар  митингті алдын ала жоспарлаған. Олар оқиға кезінде алдымен қай мекемені басып алу керек,  қайда шабуыл жасау керектігінің барлығын ойластырған. Осы ұйымдасқан топтың арасында жүрген қарапайым халық құр дабыра, айғай-шумен соңдарынан еріп жүре берді. Бұл жерде халықтың кінәсі жоқ. Тек аз ғана күш, азғантай топ халыққа ықпал ете алды. Мұның артында үлкен күштер тұрды. Сол сыртқы күштердің кім екенін билік әлі жасырып айтқысы келмей отыр. Бірақ жұрт бәрін біледі. Олар уахабизмдік ұйымдар. Қаңтар оқиғасы кезінде террорлық әрекетке барғандардың уахабиліктер екендігі музейге барған кездегі  іс әрекеттерінен, олардың алдымен тарихи жәдігерлерді, қаруды сұрағандығынан, басқа да әрекеттерінен  белгілі болды. Бірақ оларды билік сол кезде де қазір де тілге тиек еткен жоқ. Оның орнына аты да, заты күмәнді, бұған дейін айтылмаған ұйымды атады. Сондықтан бұл проблема шешімін тапқан жоқ. Ал іштен іріңдеген бітеу жара әйтеуір жарылуы керек. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешіп, бітеу жараны емдемесе қаралы қаңтар тағы қайталанады.  

- Неге уахабилер қазақ жерінде көбейіп, күш алып кетті?

- Әуелде бұл топ уахабилер деп аталды. Кейіннен сәләфилер деп атауын ауыстырды. Екеуі де бір ағымның өкілдері. Елімізде бұл ағымды насихаттауға, осы бағытты ұстанатындарды тәрбиелеуге Сауд Арабиясынан миллиондаған қаржы аударылып отырады. Бұл  қаржы жекелеген адамдарға түседі. Солардың ықпалымен әр өңірде қаншама мешіттер салынды. Уахабизмнің саяси күшке айналуы діни басқармаға да ықпал ете бастады. Жекелеген имамдардың сайлануына жол ашылып, әлгі  мешіттер сәләфизмді ұстанатын діндарлардың жиналатын мекеніне айнала бастады. Арамызда жүрген уахабистер базарда, ұялы телефон сататын орындарда көптеп жүреді. Олар онда сауда істеп, нәпақа тауып жүрген жоқ. Тек сол жерлерге топтасады. Намаз оқымайтындардың барлығын кәпір санайтындар елімізде біртіндеп үлкен басымдыққа ие бола бастады. Олар қарапайым тұрғындармен қатар ел ішінде беделді, танымал адамдарды да өздеріне тарта білді. Мәселен қазір  спортшылар түгел уахабизмді ұстанады деуге болады. Бұл бағыт түрмеге яғни сотталушыларға да жетті. Айтыс төңірегіндегі көптеген талант иелері осылардың қатарына қосылды. Мұхамеджан Тазабек тіпті осы бағытты насихаттайтын телеарнаны да ашты. Бұл істің басында Қайрат Сатыбалды тұрғандықтан және қаржылық көздері сол арқылы түсіп отырғандықтан басқасы да, тіпті діни басқарма да  оларға қарсы тұра алмады. Оның үстіне уахабизмге біздің елде шектеу қойылмаған. Себебі ол Сауд Арабиясының мемлекеттік діні. Мұның астарында уахабизмге заң тұрғысынан тыйым салса онда Сауд Арабиямен Қазақстанның саяси көзқарастарында қайшылық пайда болады деген мәселе жатыр. Қарсылық болмағасын  бұл топтың өкілдері Қазақстанда өздерінің ұстанымдарын еркін жүргізіп, насихаттарын ашық таратты. Міне, осы жағдайдың барлығы қазақ даласында уахабизмнің салтанат құруына жол ашты. 

- Ендігі жағдай не болмақ?

- Жоғарыда атап өткенімдей уахабизм ағымына қарсы біздің елде осы күнге дейін күрес жүргізілген емес. Тек осы қаңтар оқиғасынан кейін діни басқарма жаңаша ой түйе бастады. Дәстүрлі дінге бет бұрып, оны насихаттау жұмыстарын бастады. Мұны уахабизмге қарсы жасалған алғашқы қарсылық күш деп қабылдауға болады. 

- Әлеуметтік желідегі жазбаңыздың бірінде имам термині және оның мәртебесі туралы ой қозғапсыз...

- Ия, жалпы менің ойымша имамнан гөрі қазаққа ишан сөзі жақын. Ертеректе ишандардың қазіргі имамдар секілді мәртебесі жоғары болған. Яғни дін саласында статусы бар маман деуге болады. Сондықтан болашақта имамдарды ишан деп ауыстырсақ құптарлық іс болар еді.  

- «Жаңа Қазақстанның» әдебиет саласына қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

- Мемлекет әдебиеттің мүмкіндіктерін пайдалану керек. КСРО кезінде бүкіл идеологияны жүргізген және қалыптастырған әдеби қауым болатын. Жекелеген қаламегерлердің ойын мемлекеттік идеологиямен ұштастырып жіберсе олардың оқырмандары да сол бағытта қалыптасады. Сондықтан қазіргі ақсап тұрған идеологияны, қоғамның кем-кетігін осы қаламгерлер арқылы түзетуге жол ашылуы керек. Алайда қазіргі таңда идеологияны жүргізу блогерлердің қолына өтіп жатқандай. Блогерлерлерді  қаламгерлермен салыстыруға да келмейді. Саяси иеологияны блогерлер арқылы қалыптастырамыз деу  бос сөз. Құдайдың берген таланты бар қаламгерлер мен журналистерді саяси құрал ретінде пайдалану керек. Олар өздерінің қызметін онсызда жақсы біледі, қай-қайсысы да мемлекетшіл, ұлтшыл жандар. Сондықтан үкімет идеологияның негізгі күші солар екенін түсініп,  сырт қақпай қамқорлық көрсету керек.  

Screenshot_1.jpg

- Құдияр аға сізден ақын Мұхтар Шахановтың көмекшісі ретінде, ол кісінің жағдайын сұрамай кетпесімізге болмас. Мұхтар ағамыз жайында кейінгі кездері жағымсыз түрлі алып-қашпа әңгімелер өріп кетті. Қазақтың аяулы ақынын бұлай қаралау кімдерге керек болды? 

- Қазақта «Атың шықпаса жер өрте» деген қанатты сөз бар. Мұхаңа тіл тигізгендер осы мақалдың кебін кигендер. Қазір аты дардай  болған  саясаттың сахнасында  жүргендердің барлығы кезінде Мұхтар Шахановтың маңайын төңіректеді. Шахановпен бірге аты аталғанына мәз болатын. Бірге түскен суреттерін жариялап, ақынмен таныстығына мақтанатын. Өйткені Мұхтар Шаханов әлемдік деңгейге көтерілген тұлға. Оны жоққа шығаруға болмайды. Қазақстаннан гөрі ақынымызды  шетелде жоғары бағалайды, құрметтейді. Ал аты белгісіз адам Шахановты жамандап, оған тіл тигізсем менің де атым шығады деп ойлайды. Осындай мақсаты болған Серікжан Біләш алғашқыда өзінің атын қалыптастыру үшін ақын ағамыздың атын пайдаланды. Қытайдан келген қазақ Шахановқа күйе жағып, ол туралы аузына келгенін айтып бақты. Осы секілді жас саясаткерлер де атын айтпайақ қояйын, Мұхаңның есімі арқылы өздерінің абыройын көтеруге әрекет жасады. Оларың барлығына  Мұхаң мән бермеуге тырысты. 

Ал Қазақстанның халық жазушысының бүгінгі жағдайын айтар болсам денсаулығы жақсы. Былтыр коронавируспен ауырған. Өте ауыр жағдайда өтті. Аллаға шүкір жазылды. Қазір жұмысқа келіп тұрады. Көлігін өзі айдайды. 2 шілдеде ақын ағамыз 80 жасқа толады. Осы датаны мемлекеттік деңгейде атап өту үшін билікке хат жазғанбыз. Қолға аламыз деген. Қалай болғанда да мерейтойды Түркістан облысы Қасқасу ауылында жатқан әке-шешесінің зиратына құран бағыштаудан бастауды жоспарлап отырмыз. Одан кейін туған жері Отырар, сосын киелі Түркістан, Шымкент шаһарларында белгілі бір деңгейде іс-шаралар өтер деп отырмыз. 

- Ашық әңгімеңізге рахмет!

Cұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай

Диас Ахметшәріп: Спорт комментаторы бір ғана салаға мамандануы керек
"Өмір сүргім келеді": 15 жылдан бері есірткіге тәуелді келіншек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу