Филология. Реферат. Сүйінбай Аронұлы – айтыс өнерінің жұлдызы

Oinet.kz 09-09-2020 1147

Жыр жүйрігі Сүйінбайдың Қаңтарбай, Жантай, Майлықожа ақындармен айтысы көлемінің аздығына қарамастан, айтар ойы мен мәнділігі жөнінен асақұнды шығармалар болып есептелінеді. Қаңтарбай, Майлықожа, Жантай ақындар – өлең сөздің белгілі жүйріктері, талай рет жиын-топқа түсіп, есімдері елге кең тарап кеткен атақты өнерпаздар. Үшеуі де Сүйінбаймен айтысқа түсіп, өнер жарыстырған. Бір кереметі әрқашан да осындай жалпы халыққа тегіс мәлім азулы ақындар ортасында Сүйінбайдың еңсесі мейлінше биіктеп, асқақтап, аспандап көрінеді. Қиып түсер қылыш тілді ақынның өнерде ұстанған айқын бағыты оны кіммен, қандай айтыста болмасынүнемі жеңіс тұғырына көтерген.


Ақынның шағын айтыстарының арасында алдымен оның Қаңтарбаймен қағысқаны ерекше назар аударады.Алдаспанның жүзіндей өткір, қарайғанды қалт жібермейтін асқан байқампаз, қырғидай қырағы Сүйінбай ақын қарсыласының жаңылыс басқан осал жерін шу дегенде-ақ дәл басқан.


Мәселен, кездескен бетте байлықты, билікті мұрат тұтқан Қаңтарбай былай дейді:

Таусылған тақымынан, ей, Сүйінбай, Тілін безеп сайраған бұлбұлым-ай, Кең Дулаттың көп қойын қаптатайын,

Бес таналы, қу Екей, қайдасың-ай![1, 177]


Бұл жолдардан Қаңтарбайдың рушыл, байшылдығы бірден байқалады. Асқақтап әуелейді, деміне нан піседі. Дулаттың көптігін айтып жарылып кете жаздайды. Бірақ қалай ыңыранып, күпсінсе де оны Сүйінбай тез-ақ сабасына түсіреді:


Ұраным Шапырашты, ер Қарасай, Жүлде алған талай жерде мен Сүйінбай! Дулаттың көп байлығын не қыласың,

Тоныңның жамасаңшы жыртығын-ай![1, 177]


Дулат көп болса көп шығар, бірақ, одан бүтін киімге жарымай жүрген, Қаңтарбайға келер не пайда бар? Сүйінбай оған алдымен осыны ескертеді. Әуелі өзінің бой-басына қарап алуды ұсынады. Сонда да Қаңтарбай өршелене түседі. Енді, атақты дәу Сыпатайды, оның атақ-даңқын, билік ісін алға тартып, дулаттың Жауарбай сияқты мыңғырған байшыкешін бетке ұстап, Сүйінбайды қайткенде де сүріндірмекші болады:


Міне, отыр Сыпатайым он бір батпан, Дұшпанның ерегіссе көңілі қайтқан. Болғанмен өзім кедей, ел-жұртым бай, Жауарбай сексен нарға көген артқан. Кетпей ме ашуланса Дулат қаптап, Кетеді қаптаған соң жерге таптап.


Қасқа аттың төбеліндей кедей едің, Көрпеңді көсілсеңші, бойға шақтап [1, 177].


Қаңтарбайдың әлі де көптік пен байлықты қалқан етіп, жеңемін деген дәмесін Сүйінбай опоңай сырып тастайды. Дүниеқоңыздықты елдің елдігіне, ынтымақ бірлігіне салқынын тигізетін кесір, дерт деп білген. Мансапқорлық пен билікшілдікке Сүйінбай халық тәуелсіздігін қорғаған батырлық пен ерлікті қарсы қояды. Сүйінбай:


Сұраншым отыр, міне, судай тасып, Сарыкемерді жау келіп шапқанында, Сыпатай босып кеткен шөлге қашып.

«Мың қарғаға – бір кесек» болған кезде, Сұраншы майдан қылған араласып.

Батырдың ызғарына шыдай алмай, Далбаңдап Орман қашқан таудан асып. Сарыкемерге атойлап,

Қоқандар келіп шапқанда, Дұшпаннан кек ала алмай, Сені Құдай атқанда...


Жауға шапқан мен едім. Албан, Дулат жиылып, Сұраншының алдына Жылап, еңіреп кеп едің...– дегенде: «Жығылдым, Сүйінжан, жығылдым, айтқаныңның бәрі рас»,деп, Қаңтарбай орнынан тұрып тізе бүгіпті[1, 178].


Логикалық шешім, өмір тәжірибесіне негізделген ділмарлық пен тапқырлық ақын айтыстарында өте жиі кездеседі. Мәселен, Сүйінбайдың табан астында тауып кеткіштігі, дүниеде көрген-түйгенінің молдығы оның Жантаймен қағысуынан да жақсы байқалады. Сөзді әуелі Жантай бастайды:


Атыңнан айналайын, жаппар Құдай, Ақын Жантай екенімді білесің бе-ай!

Әр жерде «мен жеңдім» деп мақтаныпсың, Қай жерде жеңіп едің, ей, Сүйінбай?!


Сүйінбай:


Атыңнан айналайын, жаппар Құдай, Ақын Сүйін екенімді білесің бе-ай!

Тойында Тіленшінің жеңбеп пе едім, Жарылып кетсең-дағы айтқанмын-ай!


Жантай:


Атыңнан айналайын, жаппар Құдай, Ақын Жантай екенімді білесің бе-ай! Өлең айтып, бір тойда 100 жылқы алдым, Сен-дағы алғаныңды айтшы былай?


Сүйінбай:

Атыңнан айналайын, жаппар Құдай, Ақын Сүйін екенімді білесің бе-ай!

Өлең айтып, бір жерде 100 жылқы алсаң, Жалғыз балаң суға ағып өлмеді ме-ай!

Жантай:

Атыңнан айналайын, жаппар Құдай, Ақын Жантай екенімді білесің бе-ай!

«Суға кеткен пейішке барады» деп, Айтады Жалайырдың молдалары-ай!

Сүйінбай:

Атыңнан айналайын, жаппар Құдай, Ақын Сүйін екенімді білесің бе-ай!

«Суға кеткен пейішке барар» болса, Есқара болысыңмен, бәрін де, суға жіберсеңші-ай![1, 200-201]

Сүйінбай алдымен Жантайдың жалғыз баласы өліп отырғанда, дүниеауи қызықшылықты қозғап, пендешілікке салынып, бір тойда жүз жылқы алдым деп желпініп мақтанатындай жөні жоқтығын шенейді. Соның өзінде Жантай жалт беріп, өзінің дүниеқорлығын жасырғысы келеді. Молдалар «Cуға кеткен пейішке барады» деген деп ақталмақ болады. Сол жерде Сүйінбай оған жұлып алғандай, ендеше «Суға кеткенпейішке барар болса», еліңнің жақсысы Есқара болысты бас қылып, бәрін де суға жіберсеңші деп ажуалайды. Жаңылыс басқан Жантайдың шариғатты үстірт ұққан, бұлдыр, шала діни түсінігін Сүйінбай осылайша сатиралық жолмен бірден теріске шығарады.

Ал, енді, келесі бір бүгінге дейін ел көкейін күпті етіп жүрген оқиға – Сүйінбай мен Майлықожаның кездесуі. Бұл екі ақынның бір бірімен ұшырасуы туралы 1935 жылы Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың жинап, баспаға лайықтауымен жарық көрген «Сүйінбай ақын» жинағында мынандай дерек бар: «Ұлы жүздегі ботбай Сыпатай батырға ас берілгені бұдан 70-80 жыл шамасы бұрын. Ел кәрілерінің айтуынша бұл батырдың асы үш жүзге сауын айтқан ұлы дүбір астың бірі болған. Астың бас бәйгесіне жүз атан, жүз құндыз, жүз жамбы(күміс) тігілген. Үш мың ат айдалып, бас бәйгені Шапырашты руынан Сұраншы батырдың «ақ тұяғы» алған екен.Осы аста әр жүзден, әр рудан ақындар топқа түседі, бірімен-бірі айтысады. Осы аста кіші жүздің(Түркістан жағынікі) ақын қожаларынан Майлықожа мен Сүйінбай соқтығысады. Сүйінбай мен Майлы бір-біріне соқтықпастан бұрын Сүйінбай жырында Сыпатайға көңіл айтады»[2]. Біздіңше, нақ осыдан кейін барып, қақтығыс басталса керек. Және де бұл жүздесу бұғанға шейін еш жерде таратылып түсіндірілген емес. Екі ақынның өлеңдерінің бет алысына бақсақ, Сүйінбай, шамасы, Майлықожаға қарап:

Дулатта төрт есім бар білесің бе, Төрт үстемнің ең алды дәу Сыпатай. Дәу Сыпатай дүниеден ғайып болды,

Түп қайырын берсін Ысырапыл, Ноғай. Сексен беске жеткенде

Дәу Сыпатай дүниеден өткенде, Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұл Қырық жігітті атқа мінгізді, Қыналы киім кигізді,

Қырғыз бенен қазаққа, Өлігін жұртқа білгізді. Төрт құбыланың бәріне Қырық жігітті шапқызды Қоқаннан бері жинатып,

Асылды қимай тапқызды [2], – деп бастайды. Байқауымызша, дәу Сыпатайдың асын өткізуге дулаттың Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұл сияқты білікті адамдары басшылық жасағанға ұқсайды. Сүйінбай ақын осылардың ұйғарымымен жаңағы қырық жігіттің қазақ пен қырғыздың қандай тайпа-руларының ең атақты кісілеріне хабар бергендігін былайша тізіп шығады:

Екі жігіт жіберді Өрдегі жатқан Албанға Бір туысқан елім деп,

Албаннан шыққан төре Тезекке... Шақырудан қалмасын Қызылбөрік Атамқұл...

Екі кісі жіберді Найманнаң жатқан еліне Естемес Шаншар бегіне... Екі кісі жіберді

Жалайырдың халқына... [2], –

деп, аталғандардың баршасының тегін кісілер емес екендігіне баса мән береді, ара-тұра олардың кейбіреулерін мадақтап та қояды. Алысы

бар, жақыны бар жан-жаққа кемінде екі-екі кісіден хабаршы аттандарып жатқан Дулат тайпасының дәу Сыпатайға көрсетіп жатқан зор құрметін, дайындықтарының аса молдығын асқақтатып бағады. Асты өткізіп жатқандарға өзінің ризашылығын да білдіреді:

Төрт жүз қара жаназаға байлатып, Бұлбұлдарын сайратып,

Сексен қожа, молда жиып, Үйдің ішін жайнатып, Көр бәйгесін шаптырып,

Шаһардан асыл қалдырмай, Қылған қызметін

Жер жаһаннан асырды. Сыпатайдай батырды Құдайым сүйтіп жеткізді. Төрт дулаттың баласы Ақылдасып тұрды да Қызыметін өткізді [2].

Сүйінбай алдымен көзі тірісінде дәу Сыпатайдың елге сіңірген азаматтық еңбегі барлығына тоқталып, оның дулаттағы төрт ұстынның біріншісі екенін айтады. Сондай халыққа қадірлі батыр Сыпатайға соңында қалған ұрпақтарының төрт тарапқа ат шаптырып, мұншама жұрттың басын қосып, айтулы ас беріп жатқандықтарын шабыттана жырлап, Сүйінбай аз-кем демін алады.

Кезек өзіне келгенде Майлықожа сөзін реніштен қозғайды:

Ассалаумағалайкүм, Ботбай туғаным, Мүбәрәк болсын думаның.

Сыпатайдай батырдың Жолдас қылсын иманын. Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұл!

Дүз кісі Сыйқым, Жаныстың бегімен, Он бес кісі Қоңыраттан,

Майлықожа ішінде Мақұл ма, батыр, бұл ісің,

«Жол болсын» демей тұрғаның. [2] – деп, салған жерден өкпесін айтады. Себебі, Майлықожа бастаған қалың топты дулаттар дұрыс қарсы ала қоймай, олар далада көп тұрып қалыпты. Осыған қатты намыстанған Майлықожа ақын, тек бұл ғана емес, келе жатып жол-жөнекей ат басын тіреген дулаттардың үйі өздеріне жөнді көңіл бөлмегендіктерін ашына жайып салады. Шақыруын шақырып алып, келген меймандарды күте алмаушылықты қоштамайды. Реніш-өкпесін ас иелері Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұлдарға арнайды:

Кешкі бесін болғанда, Көмейдегі біреуге

Келдік-дағы түнедік. Есірік туған ер болсаң Түскелі тұрмыз есіңе. Мейманыңды күте алмай, Ел шақырдың несіне?

Текті атаның баласы, Әзір қадір тұтпаған Жолығады кесірге[2].

«Бекер» демей сөзімді, Ашып қара көзіңді. Елірме, батыр, елірме, Кешке жуық болғанда Киіз басқан қатындар Сау қой сойып бермеді. Қақтап сойған біздерге Асып берді сүр етті.

Ат қағып келген біз байғұс, Шайға сусын қанбады, Шөлдеуменен түн өтті...

Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұл, Мейлің алғын тілімді,

Мейлің алма тілімді,

Айтып өтпек біздерге сүндет-ті [2].

Майлы ақын жолай дулаттардың ауылдарынан көрген неше түрлі сұмдықтарын баян етеді. Бір жерде үй иелері бұлармен дауласып, ұрыс шығарса, енді бір үйде екі жігіт шөп ұрласып, түнімен азан-қазан болысады. Мұнан зорға құтылып, тағы бір үйге қалай түнегендерін ызылана еске алады:

Қазандарын түсірді Ұрыс қылып ауылы, Керемізді ішірді.

Етінің бәрін түсіріп, Керемізді ішіріп,

Етін тегіс сылып алып, Бізге қу сүйекті қойғаны, Бір кісі де тоймады[2].

Міне, өстіп ұзақ жол азабын тартып, арада неше күн қонып, әрең дегенде дәу Сыпатайдың асына жеткенде, алдарынан тағы да бір келеңсіздіктің шыққанына Майлықожа, енді, мүлде төзе алмайды. Айта-айта келе ақырында, өте назаланған Майлы ақын ас иелеріне шүйлігеді:

Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұл, Біз де келіп тұрмыз Жайылыңның көркіне.

Атың болса тартыңыз, Шапаның болса жабыңыз, Үйің болса тігіңіз,

Қойың болса сойыңыз. Міндет алған мейманбыз Қоямыз ба еркіңе [2], –

деп тоқтағанда, адуын да ашулы ақын Майлықожаның сөзін тым-тырыс тұрып тыңдаған жұрт мазасызданақозғалақтап, бір біріне қарасады. Орнаған қолайсыз тыныштықты кенет Сүйінбайдың саңқылдаған өр дауысы бұзады:

Сыпатай құдай қылған кең кісі еді, Алды тар, арт жағы кең кісі еді.

Жаныста өтіп кеткен әзіз Төле, Шымырдан Байұзақ өткелі жоқ Тұңғиық қара судың кемесі еді, Сүйегі сол кісілермен тең кісі еді... Шын қожа Түркістаннан Шықпайды білесің бе?

Қарап тұрған біздерге жөн болмайды, Айтқыш болсаң, қожеке, сөйле былай, Қожаны ап кепсің, дәу Батырбек, Қожаңа тиіседі бұл Сүйінбай.

Аузын буған өгіздей қарап тұрмай, Қожеке, сайысамын, шықшы былай![2]

Сондағы Сүйінбайдың мынандай өртті, өткір сөзіне тәнті болған дәу Батырбек: «Шапырашты басыңмен қалай айтасың? Осы үніңмен аз ғана Шапыраштыға сыйып тұрсың-ау! Дариға-ай, төрт Дулаттың бірінен туар ма едің!»депті. Сол-ақ екен Сүйінбай:

Елімді қорашсынба, дәу Батырбек, Көргем жоқ әлі ешкімнің ақысын жеп. Даң кеуде, доң қабырға, қомпылдаған, Жуантық, кісі екенсің ақылы жоқ.

Ей, Батырбек, алқынып демікпегін, Талай бастым өкпесін желікпенің.

Жау келгенде қорғаның – Шапырашты, Еліме тіл тигізіп, кемітпегін![2] –

деп, сол жерде дәу Батырбекті де оңдырмай қауып тастапты. Артынша сәл кідіріп барып, қайтадан Майлықожаға ауыз салады:

Руым Шапырашты, ұраным ер Қарасай, Айқай шықса елірген жұрт едім-ай.

Қыстақта қарынынан жатқан, қожа, Өзіңмен айтысамын, шықшы былай. Атам аты Күсеппай, мен Сүйінбай, Алпыс екі мақаммен сөйлейін-ай.

Қызылбастың байтобасын басына орап, Сайыстырғалы бізбенен әкеліп пе-ай!?[2] –

деп Сүйінбай Майлы ақынды айтысқа шақырған кезде дәу Батырбек: «А-а, Қожам! Сен мынаман айтыса алмайды екенсің, сөзі тым ұшқыр екен»,деп тоқтатып қойыпты.

Аңдап қарағанда, Сүйінбай мен Майлықожа табан тіресіп айтыспаған. Екеуінің арасындағы сөз алысқа бармай, қысқа қайырылған. Ақындық сес, ызғар шашысып, шарпысып қана өтіскен. Сол аз сөздің өзінен-ақ Сүйінбайдың басымдығы байқалып қалады. Сол себепті, екі жақты да алмакезек тыңдап отырған төреші дәу Батырбек: «А-а, Қожам! Сен мынамен айтыса алмайды екенсің, сөзі тым ұшқыр екен», – деп Майлықожаны әділ бітімге шақырғаны шындыққа жанасады.

Қорыта келгенде, ұлы импровизатор Сүйінбайдың шағын айтыстарының өзі үлкен әлеуметтік кесек-кесек маңызды-мәнді мәселелерді тереңнен қозғаған. Ақынның ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының бітім-болмысын жете білетіндігі, оны образды түрде елестете отырып, өз ой-пікірін батыл да ашық айта алатындығы айқын аңғарылады. Ең бастысы Сүйінбай Қаңтарбай, Жантай және Майлықожа іспетті өлең сөздің айтулы жүйріктерімен аз ғана қағысқан, шарпысқан сөздерінде жалған байлыққа, билікке мастанушылықты, өкпе-араздықты сынаған. Адам алдымен өзіне өзі сын көзімен қарау керектігін ескертіп, менмендік, болып-толушылық кім-кімді де орға жықпай қоймайтындығын алға тартқан. Сол жерде барып, Қаңтарбай, Жантай, Майлықожа сынды ақылды да алғыр ақпа-төкпе ақындар өздерінің қателіктерін және қатты ұтылғандықтарын мойындап, тізе бүккен.

 

Әдебиеттер

  1. Сүйінбай А. Бөрілі менің байрағым. Жыр толғау, айтыстар, естеліктер. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2009. – 272 б.

  2. Сүйінбай ақын. Өлеңдер жинағы, құрастырғандар: Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитова. – Қызылорда: Қазкөркемәдеббас, 1935. – 74 б.


Филология. Реферат. Саяси лингвистика саласындағы зерттеулер
Филология. Реферат. Шыңғыс Айтматов және ауыз әдебиеті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу