Айым АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, айтыскер ақын: Қазіргі айтыстың көрермені – қарттар мен ересектер

Oinet.kz 01-12-2021 4959

Сөз – кие. Дұрыс сөйлей білу де өнер. Табан астында ойын өлеңге айналдырып, ұтымды етіп жеткізе білу де ғажап машық. Бір ауыз сөз қаcіретті тиюы да, жиюы да мүмкін. Оның бәрі де қалай, қашан сөзді қолданатынымызбен жапсарлас. Бүгінгі кейіпкеріміз – Айым бала жастан сөз өнерін меңгерген. Сахнада тартынбай сөйлер тұлғасын қалыптастырған. 

aiym_asylbekqyzy-image-2021-12-01-1.jpg

– Айым, дәл қазір  жаңа мамандықтарды таңдау кең өріс алған. Мектепті үздік бітіріп,  “айтыс” мамандығында оқуды неліктен қаладың? Диплом алған соң еңбек нарығында сұранысы бар маман бола аласың ба?

–Әрине, қазіргі заманда өмір сүрудің негізгі тірегі ақша болса, оны күреп табудың бірден-бір  жолы сұранысқа ие маман болу. Десе де мен кез-келген ЖОО нан табыла бермейтін, әрі мемлекеттік орындардағы қызметтік сұранысқа ие бола бермейтін “айтыскер ақын” мамандығын таңдадым. Бұл таңдауымның алғашқы себебі: өзім өнер жолын айтыспен бастаған соң осы салада кәсіби шыңдалуды жөн санадым. Көпшілік  “өлең жазу мен айтысуды да үйрету қажет пе?” дейтін шығар. Бірақ бұл мамандық айтыстың қазақ халқында алатын орны мен тарихын, бізге дейінгі ақындардың өмірі мен шығармашылығын тереңдете оқытып, аспапта ойнау мен мақам, сазбен жұмыс жасауға, сауаттылық пен сахна мәдениетін жетік меңгеруге  мүмкіндік береді. Екіншіден, қоғамда қанша сала дамыса, ұлттық өнер де соғұрлым дамып, қанат жаю керек. Қай кезеңде болсын дәстүрлі өнеріміз, қазақы мәдениетіміз өркендеп тұру керек. Еңбек нарығындағы білікті маман болмасам да, жоғарыда айтылғандардың орындалуына тамшыдай үлес қосуды мен өз міндетім деп білемін.

–«Aitystar» жобасында “нәік жанды айтыскерлердің ізін жалғаған” деп таныстыру барысында айтып қалады. Кей айтыстарда қалжыңдаған кейіпте ауыр сөйлеп қалатын қарсыластарың да баршылық. Мұндай сөздерді қабылдау қиын емес пе?

–Жалпы қандай өнер түрі болмаса да өзінің ауыртпашылықтары бар. Оның үстіне қыз балаға өнер жолы қиын деседі. Ал айтыс- барлық саладан екі есе күрделі өнер. Мұнда қарсыластар, дайындық, сахнаның аурасы мен көрерменнің энергетикасы рөл ойнайды. Осылардың біреуі дұрыс болмай қалса, соның өзі ақынға ауыр тиеді. Ал қарсыластардың қалжыңмен астарлап айтқан, тікесінен дүре соққандай етіп қойып қалатын сөздері де көңіл-күйіме әсер етпейді. Себебі, оның бәрін сахнадағы образ деп қабылдаймын.

–Өзіңмен айтысқан жігіттердің басым бөлігі сөз салып тиіседі. Бұл формат сені шаршатып жібермейді ме?

aiym_asylbekqyzy-image-2021-12-01-1 (3).jpg

–Айтыстың  түре, сүре, қайым айтыс, өтірік айтыс, жұмбақ айтыс, бәдік айтыс сынды түрлері көп. Солардың ішінде халық арасында сұранысқа ие, әрі ежелден  думанның көркін ашатын айтыс түрі- қыз бен жігіттің айтысы. Заманына сай бүгінгі қыз бен жігіттің айтысы “сөз салу”дан бастау алады. Қызбен кәделі айтысып, қыз бен жігіт айтысын жасау да ақындардың бір шеберлігі деп атап айтуға болады. Сондықтан, айтыстағы “сөз салған” жігіттердің бұндай форматы – айтыстың заңдылығына сай деп ойлаймын. Және мен де жігіттермен айтысуға осы форматқа сай моральды дайындықпен барамын.

–Бір жыл бұрын “Айымның мақсаты – замандастарын ұлттық өнерге жанкүйер ету” еді. Бір жылда не өзгерді?

–Бір жылдың ішінде азды-көпті кішкентай іні, сіңлілерім мені танып, өнеріме жанкүйерлік білдірді. Көптеген аналар “қызым сен секілді болып өссін” дегендей лебіздерін білдірді. Мен секілді жас ақынға бұл үлкен жетістік. Бір жыл бұрынғы Айым мен қазіргі Айымның мақсатында ештеңе өзгермеді. Алдағы уақытта да мен замандастарымның рухын көтеріп, ұлтын сүюге шақырамын.

–Шәкірт  үшін  ұстаздың маңызы қандай? Айыммның тұлғасын кім қалыптастырды?

–Ұстаз десе, ең алдымен еске түсетін жан ол-Аяулым Жұмабекқызы. Осыдан бес жыл бұрын айтысқа келуіме Хамит Есбаев атты мектеп директорым себеп болды. Содан бері Аяулым апайым мені қанатының астына алған болатын. Білгенін үйретіп, білмегенін менімен бірге үйреніп, әр қадамыма балаша қуанып, әр бастамама күш беріп, сахнаға тәрбиеледі. Жасқаншақ ауыл қызынан сахнаға шыққаннан күш алатын Айымды шығарды. Қазіргі таңда сол ілімді ұстазым Еркебұлан Қайназаровта шыңдап жатырмын. Әлі қалыптасып бітпеген ақын болғандықтан, ұстазым үлкен жолда бағыт-бағдар беруде.

–Бүгінде айтыстың көрермені кім? Бес жылдан кейін айтысты кімдер көруі мүмкін? Сен көріп өскен айтыс пен бүгінде өзің қатысып жүрген айтыста айырмашылық бар ма?

–Қазіргі айтыстың көрермені – қарттар мен ересектер. Жастардың 30% ғана айтыс көреді. Бұл әрине қынжылтатын дүние. Десе де, қазіргі айтыс бұрынғы айтыстан ерек. Қазіргі көрерменнің сұранысы жоғары, ал ақындардың жан-жақты қабілеті дамыған. Домбыра тарта алмаса да, арқаланып додаға түскен байырғы ақындар қазірде жоқтың қасы. Сазы мен сөзі үйлескен ақындар бірінен бірі асып түседі. Ақындар үнемі ізденіс үстінде жүріп, тыңнан жаңалық ашуды көздейді. Айтыскерлердің бұл еңбектері халықтың айтысқа деген қызығушылығын арттырып, оның ішінде жастардың сұранысына ие болуына ықпал етеді. Сондықтан 5 жылдан кейін айтыстың көрермендерінің ішінде жастардың бәсі биік болатынына сенімдімін.

–Кей ақындардың жазба поэзияға да қаламы жүйрік келеді.  Ал сенің шығармашылық әлеміңнің шекарасы қандай?

–Негізі айтыс сахнасындағы біраз ақын поэзия жазудың хас шебері десек те болады. Марқұм Әселхан апамыз, өз шәкірттеріне айтыс пен поэзия қос қанатың болсын деп өсиет етеді екен. Десе де, бұл екеуі де өлең болғанмен екі бөлек сала. Екеуін қатар алып жүру-ақынның шеберлігі, дарыны деп білемін. Өз басым енді қалыптасып жатқан айтыскер ақын болғандықтан қалам ұстап қағаз түртіп қойғаныммен, поэзияда өзімді әлі сынап көрмедім. Десе де болашақта жазуға ниеттімін.

–Қобыз,  сырнаймен айтысып сахнаға шығып жүрген ақындардың мақамы жаңалық болды.  Мақамыңды қалай таңдадың? Өз ерекшелігің мен қабілетіңді қаншалықты ашып жүрмін деп ойлайсың?

–Иә, айтыс- дала театры болса, ондағы ақындар да санқырлы келеді. Кешегі Нартай ақынның ізбасарлары бүгінгі Дәурен Ысқақ болса, қобызбен айтысқа шығып жаңалық болған Бөкен Жігер атты ақын ағаларымыз. Халықпен қарым-қатынас айтыскер үшін  ең маңыздысы, ал мақам мен аспап соған қызмет етеді. Менің мақамым шығыстың шынары Құралай Камалиеваның мақамы. Құралай апамыздан соң Әсем Ережеқызы сахнаға түрлентіп алып шықты. Ал мен өзімнің алғашқы ұстазым Аяулым Жұмабекқызынан естіп, осы мақамды ұнатқан едім. Оқушы кезден бері Құралай апамыздың мақамымен айтысып келе жатқаныма биыл 4 жыл уақыт болды. Бұл менің ерке мінезімді ашатын әуен. Көрермендер тарапынан да көп мақтау сөздерді мақамға байланысты естіп жатамын. Сондықтан, мен өзімді сарынын тапқан жас ақын деп есептеймін.

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Нұрсәуле Толқын, сценарист, жас ақын: Мультфильмге сценарий жазатын драматургтер жоқтың қасы
Анарбек Орман: Іскер адамды іздеген билікті көрмедім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу