Анарбек Орман: Іскер адамды іздеген билікті көрмедім

Oinet.kz 23-12-2021 3015

Screenshot_2.jpg 

– Анарбек Оңғарұлы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылында сіз Шымкентті бір емес екі рет басқарған адамсыз. Сол кезде қаласаңыз да жүзеге асыра алмаған жобаңыз болды ма? 

– Мен әкім болып тұрғанда 2006-2007 жылдары қалада бірінші рет 37 көшеге асфальт төсегенбіз. Оған дейін әбден тозығы жеткен жолдарды дәл солай күрделі жөндеу болған емес. Екінші маңызды мәселе – облыстық клиникалық аурухананың айналасы мен Төле би, Қазыбек би, Тәшенев көшелерінің бойларының бәрі базарларға айналып кеткен еді. Әсіресе, Көл маңы мен қазіргі Шәмші аллеясының орны өте қауіпті аймақ саналды. Құдай бетін аулақ қылсын, егер сол кезде өрт секілді апат болғанда соңы адам өлімімен аяқталатын орны толмас қайғыға душар етер еді. Бұл мәселені облыстық мәслихаттың сессиясында көтердім. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы қолдады. Солай бір жылдың ішінде ешқандай талаптарға сай келмейтін 57 базарды қала сыртына көшірдік. Рас, кәсіпкердің көбі бізді қолдады. Оларға сауда орындарын салуға тегін жер учаскелерін бердік. Бірақ, қарсы болған 30 пайызымен соттасуға тура келді. Олардың шығындарын есептеп, өтемақыларын бердік. Тіпті сол кезде шу шығарғандардың арасында «4 гектар жерді Шөкеев пен Орманов жекешелендіріп алмақшы» деп қауесет таратқандар да болды. Сол базарлардың орны бүгінде қаланың ең көрікті, халықтың ең сүйікті демалыс мекені!  

Облыс әкімінің тапсырмасымен «қызыл сызықтағы» құрылыстарды жойдық. Кейбір кәсіпкерлер Республика, Тәуке хан даңғылдары мен Төле би, Қазыбек би көшелерінің бойларын тротуарларға дейін өз бетінше қоршап алып, ешқандай жобалық-сметалық құжатсыз шағын дүкендер ашып алған болатын. Қаланың орталық 20 көшесін сондай заңсыз сауда орындарынан тазарттық. Олардың орындары көгалдандырылып, жайқалған гүлдердің алаңшаларына айналды. Жалпы 2006-2007 жылдары қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. 26 көше бойына гүлдер егіліп, газондар төселді. Шымкент гүлді қала атанды. 

Осы бағытта табиғаттың тамаша сыйы Қошқарата өзенін бастауынан соңына дейін жағалауын, маңын құрылыстардан тазартып, қаланың ең көрікті мекеніне айналдыруды ойладық. Демалыс аймағын жасасақ деп едік, жүзеге асыра алмадық. Қаржы болмады. Ол кезде қала бюджеті 14 миллиард теңге болатын. Облыс әкімінің қолдауымен бюджетті 32 миллиардқа жеткізе алдық. Бірақ, біз жобалаған жұмыстарға жетпеді. Бүгінде Шымкенттің бюджеті 480 миллиард теңге!  

– Әлі күнге дейін тұрғындар үлкен су құбырларының үстіне салынған «Көктем» базарының қаупін айтып, редакциямызға шағымданады. Сіз ретке келтіре алмаған мәселенің бірі осы емес пе? 

 – Біз үлгергенімізше жұмыс істедік. Бірақ, бұл мәселе біздің назарымыздан тыс қалған емес. Қазір қаланы сумен қамтитын мекемеге жетекшілік етіп отырған соң бір емес бірнеше үлкен, жоғары қысымды су құбырының үстіне салынған базар бойынша сотқа жүгінгенбіз. Бірақ, соттың шешімі осы күнге дейін орындалмай келеді. Әлі де кеш емес. «Қызыл сызықтың» үстіне салынған сауда орындары мен басқа да нысандарды алумен айналысатын арнайы мемлекеттік орган бар. Қазіргі аудан, қаланың әкімдері Шымкентті бас жоспарына сәйкестендіріп реттеуі керек. Жалпы Шымкентте құбырлардың үстіне салынған ғимараттардың саны екі жарым мыңға жетеді. Оның арасында үлкен кәріз құбырының үстіне тұрғызылғандары да бар. Бұл өте қауіпті! Осыдан үш жыл бұрын Көксай шағын ауданында канализация құбыры жарылғанда 5 үй құлады. Тағы Құдай сақтап, апат күндіз орын алды. Адам өміріне қауіп төнген жоқ. Ал, егер түнде, жұрт шырт ұйқыда жатқанда құлағанда не болар еді? Елестетудің өзі қиын. Сол кезде де жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысында белгілі болғаны – сот орындаушылар сот шешімін орындатуды соңына дейін жеткізбеген. Заң органдары да, прокуратура да қадағаламаған. Апат орын алмас үшін жерлестеріміздің өздері де ойланбаса болмайды. Мысалға айтар болсақ, диаметрі 1000 милиметрлік су құбыры жарылса, оның үстіне салынған үй бір-ақ секундта жермен-жексен болады. 

– Өзіңіз айтқандай, қаланы сумен қамтитын мекемені басқарасыз. Шымкентте су тапшы емес пе? 

– Қаланың төменгі бөлігі Тәуке хан даңғылы, Ғани Илияв көшелерінен Қошқарата өзеніне дейінгі аумақта жер асты сулары көтерілгенде көпқабатты үйлердің жертөлелерін су басып қалады. Сол жерлерге тік дренаждар орнатып, ирригациялық жүйені сумен толтыруға әбден болады. Жазы аптап ыстық болатын қалада латоктарда су мөлдіреп ағып жатса, керемет емес пе? Біз осыны істей алмадық. Әлі де кеш емес. Шымкентте су тапшылығы жоқ, шаһарды көгалдандыруға жетеді.  

– Еліміздің басқа қалалары мамандарының су саласында «Су ресурстары – маркетинг» мекемесі ендірген заманауи технологиялармен танысып, үйреніп жатқанынан хабардармыз. Тәжірибе бөліскен жақсы. Дегенмен, Шымкенттен басқа қалаларда озық үлгілеріңізді енгізу жоспарда жоқ па? 

–  Су және пайдаланған суларды тасымалдап тазалау бойынша Үкімет ұлттық бағдарлама жасап жатыр, жаңа жылға дейін бекітетін шығар. Үкіметтің осы сала бойынша өткен отырысында мен баяндама жасадым. Сонда Премьер-министр мегаполистер мен облыс әкімдеріне «Шымкенттегі су және канализация жүйесіндегі «Су ресурстары – маркетинг» мекемесінің тәжірибесі бүкіл Қазақстанға енгізілсін» деп тапсырма берді. Шымкентке келген сапарында Үкімет басшысының өзі арнайы келіп көріп, жұмысымызды жоғары бағалады. Польша елімен әріптестік байланыс орнатып, озық технологияларын әкеліп ендіріп, канализация қалдықтарынан биогаз алдық. Биогаздан электр энергиясын өндіріп жатырмыз. Бұл Орталық Азияда, Қазақстанда әлі жоқ технология.  

«Су ресурстары – маркетинг» жекеменшік мекемесінің осы салада жұмыс істеп келе жатқанына 24 жылға таяды. Бастапқыда түсініспеушіліктер көп болды. «Мемлекеттік болу керек еді...», «Жекеменшікке өтіп кетіпті...» деген сияқты сыңаржақ пікірлер аз айтылған жоқ. Ал, бүгінде Үкімет арнайы қаулы қабылдап, облыс орталықтарындағы барлық су мен кәріз жүйесіне қатысты мемлекеттік мекемелер жаппай сенімгерлік басқаруға беріліп жатыр. Үкімет ұлттық бағдарламада ескірген су және канализация құбырларын жаңалау, реттеу мәселесінде тарифтің бірден өсіп кетпеуі, халыққа ауыртпалық түспеуі үшін 70 пайызға дейінгі субсидия мәселесін қарастырып жатыр. Тозығы жеткен жүйені қайта құру, ұлғайту үшін 70 пайызына субсидия берілсе, 15 пайызын жергілікті әкімдік, 15 пайызын инвестордың өзі құяды. Бұл үлкен жеңілдік. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бұған үлкен «BІ Group», «Базис» компаниялары да қызығушылық танытуда.  

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы «Түркістан, Кентау қалаларының су және кәріз жүйелерін реттеуді қолға алыңыз» деп ұсыныс жасаған соң Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, облыс әкімдігі, біздің мекеме бірлесіп жол картасын жасауда. Аманшылық болса, келер жылы Түркістан, Кентау қалаларының мемлекеттік мекемелерін сенімгерлік басқаруға алып, халыққа қызмет етуді жалғастырамыз. Сонымен қатар, бізге Тараз қаласынан да сенімгерлік басқаруға алу туралы ұсыныс түсті. Олармен де министрліктің қатысумен жол картасын жасаудамыз. Алдағы 2-3 айда Жамбыл облыстық әкімдігі бекітетін болса, Тараз тұрғындарына да қызмет көрсететін боламыз. Келешекте ауылдарды да қамту жоспарда бар. Сайрам ауданының ауылдарынан бізге осындай ұсыныстар түсіп жатыр. Әлі шешім қабылдаған жоқпыз, бірақ, ауылдарға да баратын боламыз. 

– «Құдайдың қара суын да ақылы қылып қойды», «қымбат!» деген сияқты ел ішінде наразылықтар аз айтылмайды... 

– Біз бүгінде 1 миллионға жуық тұрғынға қызмет көрсетеміз. Біріншіден арықта ағып жатқан суды халыққа беруге болмайды. Оны таза деп ешкім айта алмайды. Суды тазалау, сосын залалсыздандыру керек. Өйткені ағып жатқан суды мал ішіп, кешіп, басқа да нәрселермен былғанып жатқан болуы мүмкін. Сондықтан елге беріп жатқан суды 78 метр тереңдіктен аламыз. Сүзгіден өткен суды лабораторияларда химиялық, бактериялық, физикалық 34 түрлі тексеруден өткіземіз. Әрбір құдықтан алынған су күні-түні бақыланады. Өйткені су – тіршіліктің нәрі, адам тұтынатын азықтың бәрінде де қолданылады. Бір тұрғынның өзіне тәулігіне кемінде 2,5-3 литр су қажет. Ал, адамның денсаулығы дұрыс болуы, ұзақ өмір сүруі үшін тұтынатын азығы экологиялық таза болу болуы тиіс. Осындай сапада ұсыну оңай жұмыс емес! Мысалы, пәтерде кранды ашсаңыз, су ағып тұрады. Ол өздігінен келмейді. Қалада 1800 шақырым құбыр бар. 1800 шақырымнан тасымалдап, әрбір үйге жеткізу оңай емес. Оның үстіне Шымкент еліміздегі басқа қалалардай тегіс жерде орналаспаған. Ойлы-қырлы, бір нүктесінен бір нүктесі 40 метр биіктікте жатыр. Көпқабатты үйлерге су көтеретін станцияларды іске қосамыз. Олар тоқтаусыз жұмыс істейді. Мұның бәрі шығын ғой. Электр энергиясы да арзандап жатқан жоқ.  Оның үстіне су және кәріз жүйесіне қажетті құбырларды Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толса да әлі өзіміз шығара алмаймыз. Қазақстанда құбыр шығаратын зауыт көп, 200-ден асады. Бірақ, соған қажетті шикізат полиэтилен елімізде өндірілмейді. Павлодар, Атыраудан шығарамыз деп әлі айтып жүрміз. Әзірге полиэтилен бізге Еуропадан, Бельгиядан, Ресейден, Қытайдан және Өзбекстаннан әкелінеді. Ол доллармен саудаланады. Ал, АҚШ валютасы арзандап жатқан жоқ. Биыл алған құбыр былтырғыдан 30 пайызға қымбат. Неге десеңіз, шикізат қымбат. Осылай шетелден сатып алсақ, құбыр қалай арзандайды? Тіпті елімізде сусорғы (насос) шығаратын да зауыт жоқ. Өзбекстаннан тасимыз. Осыларды реттемей, өзіміз шығармай, су ғана емес, жалпы тұтынатын тұрмыстық қажеттіліктеріміздің ешбірі арзандамайды. 

– Елімізде жыл сайын пәленбай жұмыс орын ашылады. Салыстырып қарасаңыз, жылдан жылға ашылған жұмыс орындары көп, әкімдердің есебінше. Мемлекекеттік қолдаулар да, қаржылық көмектер де аз көрсетіліп жатқан жоқ сияқты. Бірақ, өзіңіз айтқандай өндіріп жатқан ештеңеміз жоқ. Неге?    

– Бізде билік пен бизнестің арасында алшақтық көп. Президент өте дұрыс айтады. «Мемлекет мықты болуы үшін орта және шағын бизнесті дамытумыз керек» дейді. Бірақ, билік басындағылар қолынан іс келетін адамдарды іздеп жүріп жәрдем беріп жатыр дегенді естіген емеспін. Керісінше, кәсіп ашқысы келетін азаматтардың кішкентай жер алу үшін мемлекеттік әр мекеменің есігін қағып, табалдырығын тоздырып, өзі де тозып сандалып жүргенін жиі көреміз. Президенттің айтқанын жүзеге асыру үшін билік халыққа жақын болуы тиіс. Билік базарда сатушының салығын мүмкіндігінше азайтып, барынша қолдау көрсетіп, жағдайын жасауы керек. Нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап отырса, рақмет айту қажет, өзін-өзі жұмыспен қамтығаны үшін. Өйткені ол қол жайып мемлекеттен көмек сұрап отырған жоқ.  

– Уақыт бөліп, ой-пікіріңізді бүкпесіз ашып айтқаныңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан  А.ДОС,

"Рейтинг" газеті, 23 желтоқсан, 2021 ж

Айым АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, айтыскер ақын: Қазіргі айтыстың көрермені – қарттар мен ересектер
Арқалық ӘМӘЛИЯТ, ақын: Әділдік пен ақиқаты жоқ қоғамға өзімді тастағым келмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу